
Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35,1%-ға азайды. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайын 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде қосымша төлем беріледі. 2025 жылдан 3 682 отбасыдағы 7 135 балаға төленіп жатыр.
Өтініш берген 5 756 адамның жұмысқа жарамды екені анықталып, 2 636-сы жұмыспен қамтылды. Қалғандарына жұмыспен қамту шаралары ұсынылды.
Мониторинг нәтижесінде 228 отбасындағы 381 баланың басқа өңірлерде тіркелгені анықталып, 84,2 млн теңге қайтаруға жататыны белгілі болды. 8,8 млн теңге қайтарылды, қалғаны бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
«Отбасылық цифрлық картасы» жүйесі бойынша «D» және «Е» санатындағы отбасыларды 2025 жылы 10%-ға, яғни 64 525 отбасыға дейін төмендету жоспары бекітілді. 15 сәуірдегі мәліметке сәйкес, бұл санаттағы отбасылар саны 59 293-ке жетіп, жоспар 5 232 отбасыға асыра орындалды.
Шымкентте 41 970 мүгедектігі бар адам тіркелген, оның 8 099-ы 18 жасқа дейінгі балалар. 31 374 өтінімнің 16 271-і (51,9%) қамтамасыз етілді. Бюджеттен 14,7 млрд теңге бөлінді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдар арқылы 3 279 адам оңалту шараларымен қамтылды. Алайда, 4 үкіметтік емес ұйым лицензия ала алмай, мемлекеттен қаржыландыру тоқтатылды. Олардың қызметін алған балаларды мемлекеттік орталықтарға орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Ал жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау бойынша нақты нәтижелерге келсек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Шымкент қаласында 49 513 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, 1 сәуірге дейін 9 737 адам қамтылды. 2024 жылдың IV тоқсанындағы еңбек нарығының көрсеткіштері бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды, жастар арасындағы жұмыссыздық 3,5%-ды құрады.
2019 жылдан бері әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз гранттар беріледі. 2024 жылы 428 адамның бизнес-жобасы қолдау тауып, әрқайсысы 1 476 800 теңгеден алды. Алайда, 36 азамат грантты мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, 10 азаматтың ісі сотқа жіберілді, 26 азаматтан қаржыны қайтару жұмыстары жүргізілуде.
2023 жылы 138 азамат грантты мақсатсыз пайдаланғаны белгілі болды. Олардың ішінде 72-сі сот шешімімен, 51-і медиациялық келісім арқылы, 5 азамат өз еркімен, 7 азамат бөліп төлеу арқылы қаржыны қайтаруда. Жалпы қайтарылуы тиіс 158 млн теңгенің 45 млн теңгесі қайтарылды.
2025 жылы 260 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Өтінім қабылдау күні республика бойынша бір күнге белгіленіп, алдын ала хабарландыру беріледі.
Өңіраралық жұмыспен қамту аясында 2024 жылы Шымкенттен 159 отбасы (592 адам) солтүстік өңірлерге қоныс аударды. 2025 жылдың басынан бері 1 отбасы (6 адам) көшті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.