
Түркістан облысы туризм саласында үлкен әлеуетке ие екені белгілі. Өңірге келушілердің қарасы жыл сайын артып келеді. Оның үстіне Түркістан қаласының Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тарихи әрі рухани орталық ретіндегі мәртебесі ішкі және халықаралық туристер үшін ерекше қызығушылық тудыруда.
Түркістан қаласында 68 қонақүй мен хостел, сондай-ақ 160 жуық тамақтану орны қызмет көрсетіп келеді. Халықаралық деңгейдегі қонақүйлер қатарында «Rixos Turkistan», «Karavansaray», «Ramada by Wyndham» және «Hampton by Hilton» бар. Аталған нысандардағы қызмет сапасы – басты назарда.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қонақүй және мейрамхана басшыларымен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Еркін форматта талдау жүргізіліп, ашық сұхбат өтті.
– Бүгінде облыс орталығында халықаралық туризм дамып келеді. Шет мемлекеттен келушілер саны артуда. Бұл қонақүй және мейрамхалардың табысына оң әсер етіп жатыр. Сондықтан, қызмет көрсету сапасы жақсы, орта қонақтарға жайлы болу керек. Тіл және тәжірибелі кадрлар даярлау мәселесі де өзекті. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жол картасын жасап, тұрақты түрде анализ жүргіземіз. Сіздерді Түркістанның мәртебесі үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің мәлімдеуінше, өткен жылы өңірдің туризм саласындағы табысы 25 миллиард теңгені құрады. Салада 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың 4 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 9,8 миллиард теңгені құрады. Атап айтқанда, «Lords Heir», «Khan Palace 2», «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйлері мен «Болашақ құрылыс» ЖШС-нің демалыс аймағы және тағы басқа жобаларды жыл соңына дейін іске асыру жоспарланған. Бұдан бөлек, биыл туризм саласы бойынша облыс аумағында 47 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Сондай-ақ, Түркістан қаласында Күлтөбе қалашығын абаттандыру жобасы жүргізілуде.
Туризм басқармасы тарапынан әлеуметтік желілер мен платформаларда тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, туристер қалдырған пікірлер, ұсыныстар мен ескертулер сарапталды. Нәтижесінде, бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, қызмет көрсету сапасына, гидтердің кәсіби деңгейіне, тазалыққа қатысты ескертулер мен ұсыныстар жазылған. Аталған мәселелерді ретке келтіру бойынша шаралар қабылдануда. Облыс әкімімен бекітілген 2025-2027 жылдарға арналған даму жоспарында саладағы кадрларды даярлау, сервис стандарттарын енгізу, туристік объектілердің сапасын арттыру бағытындағы шаралар қарастырылған. Сондай-ақ Түркістан облысының туристік инфрақұрылымын дамыту мақсатында туристік қызмет көрсету орындарына мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Басқосуда Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев Облыстық кәсіпкерлер палатасында туризм жөніндегі салалық кәсіпкерлер кеңесі жеке құрылғанын атап өтіп, кеңес құрамында 40 кәсіпкер бар екенін айтты. Кеңес отырыстары тұрақты түрде өткізіліп, өзекті мәселелер көтеріліп, шешу жолдары қаралатынын жеткізді.
Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Карабаева қызмет сапасын көтеру, тәжірибелі мамандар даярлау бойынша семинарлар мен тренингтер өткізуді ұсынды.
Жергілікті кәсіпкерлер субсидия, кәріз жүйесі, кадр мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Туристер мен кәсіпкерлердің ұсыныстары назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Еске салайық, Түркістан облысында туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 миллион адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарлануда.
Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде «City Pass» туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан «Turkistan City Pass» электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады.
Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын. 2025 жылы Италия нарығынан 24 топ (әр топта орташа есеппен 20-25 турист) Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен келеді деп күтіліп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.