Биыл қалада 30,2 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатыстыру көзделіп, бүгінге дейін нақты оған 12 мың адам қатысқан. Оған қоса, 26,4 мың адамды жаңадан құрылатын жұмыс орындарына жолдау көзделіп, есепті кезеңде 4,9 мың адам жұмысқа орналасқан. Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева айтты.
Басқарма басшысы халықты әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және қайтарымсыз грантқа өтінім беру тағырыбында баяндама жасап, бүгінге дейін атқарылған жұмыстар жайында баяндады.
–Халықты жұмыспен қамту шараларына қатыстырудың тағы бір тетігі – қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. Бұл бағыт бойынша биыл 3 732 адамды кәсіптік оқуға қатыстыру жоспарланған. Оның ішінде, 2 530 адам онлайн оқыту болса, есепті кезеңде нақты 1712 адам қатысты. 1 110 адам жұмыс берушілердің сұранысы және жұмыс берушілердің өзінде ұйымдастырылатын жұмысшы мамандықтар бойынша кәсіптік оқытуға жолданады. Сонымен қатар, Субсидияланатын жұмыс орындарына 7 453 адамды қамту жоспарланып, жыл басынан бері нақты 4 679 адамға жолдама берілді, — деді басқарма басшысы.
Соңғы жылдары жұмыспен қамту шараларын күшейту арқылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылдың осы кезенімен салыстырғанда отбасы саны 31,6% азайып, 6 804 отбасыны құрады. Бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі балаларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау 2023 жылдың 4 аймен салыстырғанда -31,6% төмендеген.
Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден бір жолы – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Биылғы жоспар бойынша екі лек негізінде 426 адамға қайтарымсыз қаржы беру жоспарланып отыр. Осы жылдың 20-31 мамыр аралығында қайтарымсыз қаржыға өтінім қабылданып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.