Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Азат» тұрғын алабына арнайы барып, ондағы тұрғындармен кездесті.
Аудан тұрғындарын ауыз су, газбен қамту, жол және жер мен үйді заңдастыру мәселелері толғандырып отыр.
«Арыз-шағымдарыңызды ескере отырып, ең алдымен, газ, жарық және ауыз су мәселесін шешуді қолға алдық. Өздеріңіз көріп отырғандай жұмыстар жүргізілуде. Ал инженерлік коммуникациялардың құрылысы аяқталған соң жол салу жұмыстары да басталатын болады»,-деді әкім.
Бүгінде шағынауданда ауыз су жүйелері бойынша өткен жылы 192,2 млн теңге бюджет қаржысына құрылыс жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Құбырларға ауыз су келіп тұр. Қазіргі таңда, құбырларды шаю, жуу және дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде.
Ал, электр қуаты бойынша 10/0,4 кВ электр жүйелерінің құрылысына 2020 жылы бюджеттен 182,4 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары атқарылды және нысан пайдалануға тапсырылды.
Бұдан бөлек, газбен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы бюджеттен қаралған 194,5 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме биыл қыркүйек айына дейін құрылысты аяқтап, пайдалануға тапсыруды жоспарлап отыр. Жоба бойынша 510 тұрғын үй табиғи газбен қамтылады.
Тұрғындардың жер мен үйді заңдастыру бойынша айтқан мәселесін қала әкімі заң аясында шешілетінін жеткізді.
«Құрметті «Азат» тұрғын алабының тұрғындары! Мәселелер бірден шешімін таппайды. Барлық жұмыстар заң аясында жүргізілуі тиіс. Өтініштеріңізді орындау үшін заңсыз шешім шығара алмаймын. Себебі ол шешімге қол қоямын, заң алдында жауаптымын. Өздеріңіз білесіздер, сіздер үй салған жер телімі жекенің меншігінде. Ол мәселені бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Жер иесімен келіссөздер жүргізілуде. Сондықтан барлық жағдайға байыппен қарап, сабыр сақтаған дұрыс. Біз, әкімдік ретінде Сіздер үшін қызмет жасаймыз, бірақ барлығы өз ретімен болады, осыны түсініңіздер»,-деді қала әкімі.
Аталған тұрғын алаб 2014-2015 жылдары Түркістан облысының Сайрам ауданынан қала аумағына қосылған. Ал 2017-2018 жылдары қала әкімдігі тарапынан тұрғын алабының жерлерін рәсімдеуге рұқсат берілген. Алайда тұрғындар құжаттарды рәсімдемей жеке меншік жер теліміне заңсыз үй салған.
Жалпы, «Азат»т/а, Жаңақұрылыс аумағында орналасқан 29 үйдің ішінен 22 үйдің жер телімдерін заңдастыру жұмыстары Қаратау ауданы әкімдігі тарапынан жүргізіліп, құжаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Ал қалған 7 үйдің жер телімдерінің құжаттарын заңдастыру жұмыстары бір ай көлемінде шешімін табады деп күтілуде.
Қала әкімі бұл жұмыстарды қадағалауды Нұр Отан партиясының қалалық филиалына тапсырды.
«ANYQ.KZ» — ақпарат