НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ: 18 НАУРЫЗ — «ҰЛТТЫҚ КИІМ» КҮНІ

Әр ұлтты ерекшелендіретін – дәстүрлі құндылықтары. Адамның жеке қолтаңбасы болатыны секілді, әр ұлттың қолтаңбасы іспетті дара әдет-ғұрпы, салт-санасы бар.
Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Ол жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғайыр тарих.
Осыған орай республикалық Наурыз меркесіне арналған онкүндік шеңберінде Шымкентте 18 наурыз – «Ұлттық киім» күні өтеді. Бұл күні ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы ұйымдастырылады.
Іс-шараның мақсаты — қазақтың ұлттық киім үлгілерін көпшілікке насихаттау арқылы қазақтың киім кию үлгісін заманауи жаңғырту. Осы бағытта жұмыс атқарып жатқан ұлттық киім дизайнерлерінің туындыларын халыққа кеңінен насихаттау, сондай-ақ сән әлеміне интеграциялауға ықпал ету.
Жалпы, қазақтың ұлттық киімдері өзге халықтарға ұксамайтын өзіндік ерекшеліктерімен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасқан. Қазақы киімнің барша сәнділігі оның ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі жатыр. Ерте замандардан бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қазақ қолөнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан ұлттық киімдеріміз жетерлік. Сондай-ақ, қазақ киімдері етек-жеңі мол, қарапайым, жұмысқа және жүріп — тұруға үйлесімді, дене сымбатын ашатын сәнді болып келген.
Сондықтан, дәстүрімізге сай, атадан-балаға мирас болып келе жатқан ұлттық киімдерді ұлықтау мақсатында өткелі отырған «Ұлттық киім» күнінің маңызы зор.
Ал іс-шараның талаптарына сай ұлттық киім үлгілері заманауи тұрғыдан ұлттық нақышта болуы тиіс. Сонымен бірге, алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киімдерді тек сахналық немесе мерекелік емес, күнделлікті киетін киімге айналдырып, қалыптастыру да көзделген. Осы мақсатта өткелі отырған көрмеге қатысушылар «Ең үздік балалар мен жасөспірімдердің киім үлгісі», «Ең үздік күнделікті киім үлгісі», «Ең үздік жұмыс киім үлгісі» номинациялар бойынша марапатталады.
«Ұлттық киім» күні 18 наурыз күні сағат 10:00-де «Көрме» залында өтеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin