Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Бұл облыс халқының 5%-ын құрайды. Оның 40 мыңнан астамы әлеуметтік оңалту қызметіне мұқтаж. Бұл мәселе облыс басшылығының қолдауымен шешімін тауып келеді. Бүгін Сауран ауданында 25 қазан – Республика күніне орай 200 орындық заманауи оңалту орталығы ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, сонымен қатар Сауран ауданы мен Кентау және Түркістан қалаларының тұрғындары қатысты.
– Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай маңызды мереке қарсаңында Түркістан облысында бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайдалануға тапсырылып жатыр. Ал бүгін жаңа «Самғау» оңалту орталығын ашқалы отырмыз. Мемлекет басшысы: «Мүгедектігі бар азаматтарға жүйелі қолдау көрсету прогрессивті және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды үнемі жетілдіріп отыруымыз керек» — деген болатын. Өмірдің әрбір сынағы бізді шыңдай түседі. Әрбір адам – өз өмірінің батыры! Кедергіні емес, мүмкіндікті іздеген азамат мақсатына жетеді. Орталыққа келетін әрбәр жанға ем-дом болады деген сенімдемін, қабыл алыңыздар! – деді облыс әкімі.
Қонақтар да өз кезегінде «Самғау» оңалту орталығын «ізгілік пен мейірімділіктің ордасына», «қамқорлық пен жанашырлық орталығына», «жүректерге жылулық пен үміт сыйлайтын мекенге» теңеді. Бұл жер – тек физикалық түрде қалпына келтіруге ғана емес, рухани күш-жігер жинауға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталғанын тілге тиек етті. Содан соң орталықтың лентасы қиылып, келушілер «Самғау» оңалту орталығының ғимаратымен танысты.
Оранғай ауылында орналасқан орталық 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арналған. Оңалту орталығының құрылысы 2021 жылы басталып, 2024 жылы аяқталады. Жобаның құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы 12,8 мың шаршы метрді құрайды. «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес құрылысы жүргізілді. Қазіргі таңда жартылай стационарлық үлгіде «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі («Самғау» оңалту орталығы) құрылды.
Орталық заманауи оңалту құралдарымен жабдықталған. Денені қалпына келтіру және стресс пен психосоматикалық ауруларды жеңуге арналған релаксацияның кешенді процедураларын ұсынады. Жартылай стационарлық оңалту орталығының қызметі арнаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарға 6 айға дейінгі мерзімге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған. Мұнда қолданыстағы стандартқа сәйкес кепілдік берілген арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрін көрсетеді.
Айта кетейік, жаңа орталық бір айдың ішінде бір мезгілде 200 адамға оңалту қызметін көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз жыл сайын 2,5 мыңға жуық мүгедектігі азамат жыл бойына жоғары сапалы арнаулы әлеуметтік қызмет алу мүмкіндігіне ие болады. Жалпы 180-ге жуық штат бөлініп, оған іргелес жатқан 3 аудан, қаланың тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр. Облыстың барлық аудан, қалаларында мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету үшін «TEN QOGAM» орталықтары ашылған. «Amanat» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021-2024 жылдар аралығында 1426 нысан бейімделді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.