Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жасау бағытында жиналыс болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары мен есепшілері қатысты.
Аудан әкімі аппаратының заң және құқық қорғау органдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Мақсат Бегалы күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше, аудан әкімінің өкімімен 2024 жылдың 5 сәуір-21 мамыр аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізілген. Аталған талдау нәтижесінің төмен болуына орай, үстіміздегі жылдың 11 қыркүйек пен 1 қазан аралығында қайта талдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Жиынды қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін атқара отырып, заң талаптарының орындалуын қатаң қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.
Ал дүйсенбі күні Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда 9 айдың қорытындысына орай индикаторлық және аудан бюджетінің күтілімді орындалулары туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов, ауыл шаруашылығы бөлімінің ағымдағы жылдың 8 айында атқарған жұмыстары мен алдағы жұмыс жоспары бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Абубакиров баяндама жасады. Сонымен қатар, 2024 жылғы күзгі әскер қатарына шақыру бойынша Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының әскерге шақыру бөлімінің бастығы Бақытжан Жұмабеков хабарлап өтті.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметовтің мәлімдеуінше ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 9 айлықтың қорытындысымен индикаторлық жоспарлардың орындалуы туралы әр салаға жеке-жеке тоқталып өтті. Аталған мәселе бойынша аудан әкімі өз деңгейінде жұмыс жүргізбей жатқан ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшыларын сынға алып, тиісті жұмыстарды толық орындауды тапсырды.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.