Сауран ауданының әкімі тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы қажеттігін атап өтті

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

 Мәжілістің күн тәртібінде 5 мәселе қаралды. Онда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдау бағытында атқарылатын жұмыстардың барысы туралы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков, аудан бюджетінің игерілуі бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов, жылу маусымына дайындық туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Баймұрзаев баяндама жасады.

 Сонымен қатар, ауданда тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қамту шаралары туралы аудандық емхана басшысының орынбасары Нұрсұлтан Қарабаев, отбасының цифрлық картасындағы деректерді өзектендіру бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Санжар Тұрметов хабарлап өтті.

 Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Санжар Тұрметовтің мәлімдеуінше, отбасының цифрлық картасы еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры болып табылады. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып келеді. Оны енгізудегі мақсат — халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, отбасылық цифрлық картаны мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Яғни, мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатынын атап өтті.

 Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

  «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin