Аудан орталығынан жеке инвесторлар арқылы салынып жатқан 2 пәтерлі 18 тұрғын үйдің құрылысы қарқын алуда. Қазіргі таңда онда қосымша 2 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы қосылып, жалпы пәтер саны 48-ге жетті.
Осы ретте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумаққа арнайы барып, сапасымен танысты. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесті. Бұған дейін жауаптыларға құрылыстың сәулеті мен суыққа төзімділігіне қатысты жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын бақылауына алды.
Айта кетейік, жаңа үйлер әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындарға арнап салынуда. Үйлердің сыртқы фасады травертинмен әсемделіп, суыққа төзімді етіп салынуда. Су, жылу сынды коммуналдық қызметтері мен ішкі жұмыстары толық жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы метр аумақты құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс аумағында жұмыс күші арта түскен.
Тұрғын үй саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатып айтар болсақ, Түркістан облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 158 млрд. теңгені құраған. Былтыр 410 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (12%-ға артты). «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін жалпы аумағы 185 мың м2 құрайтын 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде 3140 отбасы баспаналы болады. 5 жылда құрылыс көлемі 2,5 есеге өсіп, 351 млрд. теңгені құрады.
Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 5 жылда Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.
Облыс орталығына айналған Түркістанда 5 жыл ішінде заманауи нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да осы бағытта жұмыстар қолға алынып, Түркістанмен бірге дамыту көзделген. Түркістан облысында 5 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылған. 8 айдың қорытындысымен облыс бойынша 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданған. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 62 (4202 пәтер, 251 533 мың шаршы метр) тұрғын үйдің тапсырыс берушісі – Облыстық құрылыс басқармасы. Биыл 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жалпы 185 мың шаршы метрді құрайтын 3140 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1409 пәтер немесе 81188 мың шаршы метр үй пайдалануға қабылданды. Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерден келісімшартқа сәйкес 2,5 млн. теңге өндірілген.
Түркістан облысында 2023 жылғы мемлекеттік қолдау шаралары аясында баспана кезегінде тұрған 70 мыңға жуық азамат тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялауға, сондай-ақ 2 мыңдай жеңілдетілген зайым жылжымайтын мүлікті сатып алуына мүмкіндіктер қарастырылды. Сондай-ақ, былтыр Түркістан облысында 73 үйдің іргесі тиісті жөндеуден өткізу бойынша қызметтер қарастырылған болатын. Қосымша 219 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғыртуға 7 өңірден жалпы сомасы 12,7 млрд теңгеге өтінімдер келіп түскен.
Мемлекет басшысы өткен жылы тұрғын үй мәселелерін шешуге арнайы тапсырмалар мен міндеттер жүктеген болатын. Яғни 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілді. Бұл шамамен 143 мыңнан артық баспана. 2023 жылғы баспана құрылысына бағытталатын жалпы инвестиция мөлшері де ұлғайып (16,8%-ға), 2,9 трлн теңгеге жетті. Дегенмен мемлекеттік инвестициялардың есебінен 10,5 мыңдай жеңілдетілген зайым беріліп, 17,3 мың пәтер салынды. Оның ішінде 7 мыңға жуық баспана жас мамандарға, сондай-ақ әлеуметтік осал топ санаты бойынша кезекте тұрғандар мен көп балалы отбасыларға берілді.
Тұрғын үй мәселесі қазіргі уақытта ең өткір мәселелердің бірі болып саналады. Оны шешудің әр түрлі жолдары бар, атап айтқанда: сатып алу, банктердің ипотека бағдарламалары, қызметтік тұрғын үй алу, соңыра сатып алумен жалға алынған пәтерді алу, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу немесе әкімдіктен азаматтардың жекелеген топтары үшін баспана алу.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылғы дейінгі жаңа тұжырымдамасында отбасы институтын қолдау және сақтау мақсатында, «Бақытты отбасы» жеңілдетілген бағдарламасына қатысушылардың санаттары қайта қаралды. Атап айтқанда, толық емес отбасы санатты «Бақытты отбасы» бағдарламасынан алынып тасталды.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап «толық емес отбасы» санатты бойынша кезекте тұрғандар саны 72-ға пайызға артқан. Басқа санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтар үшін тең емес жағдай тудырады. Мемлекет ең алдымен мүгедектігі бар азаматтарды үймен қамтуға қамқорлыққа алуда. Өйткені «толық емес отбасы», бала тәрбиелеп отырса да, жұмысқа қабілетті, жұмыс істей алады, балаларының дені сау.
Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 68-бабына сәйкес, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар, олар бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, толық емес отбасы және т.б азаматтар жатады. Сондықтан «толық емес отбасы» санатын алып тастау тетігі азаматтарды жергілікті атқарушы органнан кредиттік тұрғын үй сатып алу мүмкіндігінен айырмайды. Толық емес отбасы басқа да санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтармен қатар 5 пайыз мөлшерлемемен қолжетімді қарыздар ала алады. Енді толық емес отбасы санаты «Шаңырақ 5-10-20» бағдарламасы бойынша ипотека ала алады. Шаңырақ бағдарламасы мен «Бақытты отбасы» бағдарламасының айырмашылығы сыйақы ставкасында ғана.
Созақ ауданына тартылып жатқан инвестициялар туралы да айта өтсек. 2027 жылға дейін ауданда 1 триллион теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 миллиард теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлану үстінде. Жоба құны — 89 миллиард теңге. 130 миллиард теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы 2 миллиард текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 миллиард теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда жаңа зауыттардың құрылысына аудан аумағынан жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті барлау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде. Бұл жобалар іске асырылғанда 1 706 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Облыс және аудан әкімдігі өнеркәсіп саласын дамытуға күш салып жатқанын айта өткен жөн. Халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін зауыт-фабрикалар салуға басымдық беріп жатыр. Кәсіп бастауға ниетті барлық азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде.
Ауданның бірқатар маңызды мәселелері кезең-кезеңімен, заң талаптарына сай жүзеге асып жатқаны тағы бар. Айталық, осы уақыт ішінде алдағы қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Аққолтық елді мекеніндегі бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылды. Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарына қосымша су өткізгіш құбырларын орнату жұмыстары жүргілуде. Шолаққорған ауылының ішкі газ құбырының желісін тарту жұмыстары биыл толық аяқталады. Ауылға газ беру үшін автоматты газ тарату станциясы мен магистральды газ құбырының құрылысы келер жылы аяқталады. Ақшам, Наурыз шағынаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Электр жарығының жиі өшуіне байланысты ескі подстанция жаңартылатын болды.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша Созақ ауданының облыстағы үлесі 60 пайызды құрайды. Биыл 6 айда жалпы өңірлік өнімнің көлемі 283 миллиард теңгені құрады. Созақ ауданы өнеркәсібі дамыған аудан болғандықтан, облыс көлемінде өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған бірден-бір дотациясыз аудан болып саналады. Жергілікті бюджет кірісі жыл басынан бері 7,5 миллиард теңгеге жеткен. 14 мың гектар жерге егін егіліп, өсімдік шаруашылығының өнімі 4,7 миллиард теңгені құрады. Созақ ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтерінде іске асырылуда. 4 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, 76 жоба мақұлданды.
Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының облыс тұрғындарымен есептік кездесуі кезінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бірқатар сын айтылуына байланысты облыс басшысының тапсырмасымен бағдарламаның іске асыру барысына талдау жүргізілді. Нәтижесінде бірнеше кемшіліктерге жол берілгені анықталды. Енді оған жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қаралады.
Облыс әкімінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұловтың баяндауынша, облыс әкімі аппаратынан жұмыс тобы құрылып, олар бағдарламаға қатысатын 64 ауылдық округті аралап шыққан. Несие алушылардың арасында 18 сұрақтан құралған анонимді сауалнама жүргізілген. Тұрғындармен сөйлесу кезінде жобаға қатысқан 340 тұрғынның басым бөлігі мал шаруашылығы бағытын таңдағаны анықталған. Несие алып, кәсіп ашуға бел буғандардың арасында Ырыс микроқаржы ұйымы тарапынан кепілге қойылатын мүліктің тәуелсіз бағалаушы мекемелер бекіткен бағадан төмен бағалауы да кері әсерін тигізуде.
Халыққа түсіндіру жұмыстары да төмен деңгейде жүргізілген. Нәтижесінде тұрғындар қосымша шығындарға ұшырауда. Талдау қорытындысымен танысқан облыс әкімі жауаптыларға қатаң ескерту жасады. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру бойынша нақты шаралар қабылдауды, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
— Мен халықпен кездесуде осы «Ауыл аманаты» бойынша бағдарламаның жүзеге асу барысын білу үшін халықтың өзінен сұрап отырдым. Сонда несие алғандардан қандай қиындықтардың болғанын білдім. Жерлестеріміздің шағымы көп. Атап айтқанда, тұрғындар рәсімдеу кезінде құжаттардың созбалаңға салынуы, олардың тізімінің тым көптігі, қаржыландырудың төмендігі секілді кедергілерге кезігуде. Халықтың талабы орынды. Қолдан кедергі жасалынғандай. Халыққа түсірдіру керек. Ал, бізде аудан әкімдері өзімен өзі, бағдарламадан тыс қалып, қарап отыр. Ауыл әкімдерінің халықпен байланысы жоқ. Бағдарламаның жүзеге асуына кедергі болғандар анықталып, оған жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қаралады, — деді облыс әкімі.
Бағдарламаның жүзеге асу барысы облыс әкімінің жіті бақылауында тұр. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында биыл 26,5 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 3 трансформаторды ауыстырады. Ағаш бағаналары темір бетон бағаналарына ауыстырылады, жаңа трансформаторлар орнатылады. Биыл жергілікті бюджеттен қосымша 362 миллион теңге қаржы бөлініп, 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық маңызы бар Шолаққорған — Созақ, Созақ — Қарағұр, Шолаққорған — Құмкент жолдарының 152 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев абаттандыру, елді мекендерді таза ұстау мәселелеріне ерекше назар аударады. Аудан аумағын көркейтіп, қоршаған ортаны тұрмыстық қалдықтардан тазарту, жол бойындағы кәсіпкерлік нысандар мен үйлердің қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары үнемі бақылауда болуы қажет. Бұл — жергілікті әкімдердің жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Тазалықты алдымен өзімізден бастасақ, шеттен келетін қонақтарға да дұрыс көзқарас қалыптастыратын боламыз. Былтыр демеушілер есебінен Шолаққорған ауылынан Түркістан бағытына шыға беріс жолының бойында 3,2 гектар жер телімі қоршалып, 3,5 мың көшет отырғызылған болатын. Көгалдандыру аймағына тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген. Биыл бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, қосымша 1,6 гектар жер теліміне 2 мың түп көшет отырғызылды. Жалпы, биыл аудан аумағын көгалдандыру мақсатында 18 670 көшет отырғызылды.
Ауданда орналасқан өндірістік кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер демеушілігі есебінен соңғы үш жылда 1,3 миллиард теңгеге бірқатар нысандар бой көтерді. Екі мешіт салып берді. 6 балалар алаңшасын, 5 спорт алаңын салып, 12 көшені жарықтандырды. 15 нысанды абаттандырып берді. Созақтықтар аз қамтылған көп балалы отбасыларға 11 үй сыйлады. Солардың бірі осыған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінде баспана сұраған мүгедек әйел бүгін арнайы алғыс айту үшін келді. Оған жергілікті кәсіпкер баспана сыйлаған.
Халықтың табысын арттыру мақсатында Созақ ауданында 6 айда 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды. Бұл облыстағы ең төмен көрсеткіштердің бірі саналады.
«Жайлы мектеп» пилоттық жобасы бойынша Шолаққорған ауылындағы 1961 жылы салынған Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің жанынан жаңа 900 орындық мектептің құрылысы биыл басталып, келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасау үшін, 23 оқу кабинеттерін жабдықтауға 182 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат