Созақ ауданында шахмат керуенін ұйымдастыру жоспарлануда

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қазақстан шахмат федерациясының Түркістан облысы бойынша филиалының атқарушы директоры Асхат Майкотовты және Түркістан қаласының шахмат инструкторы Алима Пашанова мен халықаралық шахматшы Қуанышбек Джумадуллаевты қабылдап, жастардың зияткерлік әлеуетін көтеруге бағытталған «Шахмат керуені» жобасын ауданда өткізу ісін бірлесе талқылады.

Аудан басшысы шахмат ойыны жастар мен ересектердің ойлау логикасы мен жеңіске деген ерік-жігерді қалыптастыруға ықпал ететіндігін тілге тиек етті. Ауданда шахматты дамытуға қолдау көрсетілетінін айтып, шахматтан ашық біріншілік өткізуге ниетті екендігін жеткізді.

Айта кетейік, аудан орталығында орналасқан «Мыңжылқы» мәдениет үйінде өтетін шахмат додасына 100-ге тарта спортшы қатысып, ала тақта үстіндегі тартысты бәсекеде өзара сынға түспек. Жас ерекшелігінде шек жоқ. Шахматқа қызығатын кез келген азамат қатыса алады. Сайыс өтерден алдын халықаралық шахматшы Қуанышбек Джумадуллаев бір мезетте 30 азаматқа дейін тегін мастер класс пен жеке сеанстар өткізетін болады. Алдағы уақытта сайыстың өтетін уақыты мен күні қосымша хабарланатын болады.

Шахмат — бұл қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар миға арналған ерекше жаттығу. Шахмат стратегиялық ойлау, жоспарлау, шоғырлану, логика және проблемаларды шешу сияқты әртүрлі интеллектуалды дағдылардың дамуына ықпал етеді. Көптеген ғылыми зерттеулер шахмат ойыны интеллект пен когнитивті қабілеттің дамуына оң әсер ететіндігін дәлелдейді.

Шахматтың пайдасына кеңінен тоқаталар болсақ, біріншіден  жастайынан бала өздігінен шешім шығарып, өтіп жатқан әртүрлі оқиғаларды логикалық тұрғыдан бағалай біледі. Қарапайым сұрақтарға да ересек адамдарша жауап беріп, саналы шешімдерге барады. Екіншіден бала сабыр пен шыдамдылыққа үйренеді. Әсіресе, мектепке барғалы жүрген балаларға мұның пайдасы зор. Сондай-ақ бала өз ісін жоспарлап, болжам жасап үйренеді. Уақытты тиімді пайдалануға, алға қойған мақсаттарына жетуге икемделе түседі.

Пайдасы көл-көсір шахмат ойынына балаларды баулу мақсатында  қазіргі таңда елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде  Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен «Мектептегі шахмат» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Шахмат факультатив ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді. Сондай-ақ мектептерде шахмат секциясының саны 10 мыңнан асты. Шахмат қозғалысын одан әрі қолдау мақсатында былтырдан бастап елімізде оқушылар арасында шахматтан түрлі жарыстар ұйымдастырылуда. 

Шахмат — ежелден бері арнайы физикалық дайындықты қажет етпейтін қызықты спорт түрінің бірі. Сондай-ақ шахмат ойыны балаға ересек өмірде міндетті түрде қажет болатын қабілеттерді қалыптастыруға көмектеседі. Шахматтың балаға 5 пайдасын ұсынамыз.

Жағдайды жан-жақты көре алу

Жақсы шахматшы бірнеше қадам алға ойлап, қарсыласының қалай жүретінін біліп отырады. Әлемге әртүрлі бұрыштан қарай білу қабілеті баланың басқа адамдармен жылдам ортақ тіл табысуына және оларды жақсы түсінуіне көмектеседі. Шахматта қарсыласын аса құрметтеу, өз эмоцияларын ұстай алу және абыроймен жеңілу маңызды. Бұл қасиеттердің тек ойында емес, жалпы өмірде жоғары бағаланатынын білеміз.

Жақсы есте сақтау

Шахмат ойнау үшін көптеген комбинацияларды жаттап, есте сақтау керек. Мысалы, бес қадам бұрын тақтадағы пішіндердің қалай орналасқанын ұмытпау керек. Бұл есте сақтаудың барлық түрлерін, бірақ, әсіресе, визуалды түрін дамытады. Мұндай қабілеттің медицина, бағдарламалау немесе хореографияға қызығатын балаларға қажет болатыны анық.

Логика
Шахматта барлығы қадамдардың нақты реттілігі мен анализге негізделген. Ойыншы тақтада не болып жатқанын бақылап қана отырмай, шешімдер қабылдап және өз стратегиясын түзеп отыруы керек. Сондықтан шахматта еш нәрсе ойланбастан және тәуекелмен жасалынбайды. Балаға логикалық ойлау түрлі өмірлік міндеттерді шешу үшін қажет. Мысалы: өз күнін жоспарлау, шешім қабылдау, дұрыс сұрақ қою және т.б.

Зейін қою

Атлеттер, суретшілер, музыканттар және шахматшылардың суреттеуінше, олар мәселеге зейін қойғанда уақыт баяулап, сол сәтке қатысы жоқтың барлығы жоқ болып кетеді екен. Бұл қабілет балаларға, әсіресе, мектеп қабырғасында аса қажет. Қандай да бір есепті шешуге немесе сұраққа жауап табуға зейінін қоя алу қабілеті баланың ұйымшыл әрі жауапты болуына көмектеседі.

Креативті ойлау

Шахматшылар қадамдары мен комбинацияларын жақсы жоспарлап қана қоймай, кенеттен өз жоспарын өзгерте де алады. Ал бұл оның креативті ойлауын көрсетеді. Шахмат ойнау баланың нақты проблеманы шешуге ғана емес, жылпы өзін және қоршаған ортаны жақсырақ түсінуіне көмектеседі.

«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin