Созақ ауданы: Жолдауда айтылған әрбір тарау бойынша алдағы міндеттер нақтыланды

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен жиын өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауының маңыздылығы мен онда белгіленген міндеттерді іске асыру шаралары жан-жақты талқыланды.

— Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ендігі кезекте әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен халықтың әл ауқатын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жандандыру керек. Халықтың сенім үдесінен шығып, әрбір іске аса жауапкершілікпен қарауды тапсырамын. Жұмыс барысында кешенді жоспарлар түзіп, қажетті шараларды дер кезінде үйлесту қажет,- деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы әр сала бойынша іске асып жатқан жұмыстарға мұқият болуды қатаң ескертіп, салалық орынбасарлары мен жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ халықпен кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысын бақылауына алды.

Созақ ауданында атқарылып жатқан істердің қарасы қалың. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, инвестиция тарту, экономикалық өсім – қарқынды. Түркістан облысының маңызды аудандарының бірі саналатын атаулы өңірдің аяқ алысы жаман емес. Кәсіпкерлік саласы мен ауыл шарушылығы саласы да жыл өткен сайын дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Жалпы өңірлік өнімінің 92,5 пайызын, 419 млрд. 677 млн. теңгесін өнеркәсіп саласы құрайды. Оның ішінде, 329 млрд. 367 млн. теңгесі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға (уран кендерін өндіруге), 85 млрд. 32 млн. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне (уран, алтын өндірісіне) тиесілі.

Енді бір қуанарлық әрі көңіл толатын жағдай аудан экономикасына жарты жылдың көлемінде 40 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Аталған инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына, оның ішінде, уран өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға, электр энергиясымен, газбен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауға бағытталған. Аудандағы барлық санатта 37123 бас мүйізді ірі қара, 256353 бас қой-ешкі, 24684 бас жылқы, 13452 бас түйе, 32594 бас құс өсірілуде. 2020 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 102,2 пайызға (36315 бас), қой-ешкі 100 пайызға (256248 бас), жылқы 109,3 пайызға (22583 бас) өссе, түйе 13650 бас, құстар 32 780 басты құрады.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіруге тарту мақсатында барлығы 40 бас асыл тұқымды бұқалар сатып әкелініп, 2743 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Қарақұр ауыл округінен жеке кәсіпкер Жасұлан Омарбек 70 млн.теңге өз қаржысына Ресей Федерациясының, Алтай өңірінен 250 бас «Калмык» асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1700 бас түйе аналығын сатып алу межесі белгіленіп, азаматтардың өз қаражаты есебінен 885 бас түйе аналығы және қойдың 1230 аналық басы несиелендіру жолымен сатып алынды.

Созақ ауданы көлемінде былтыр 405 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 362-ге жетті. Жобаларды қаржыландыру бойынша «Ырыс» МКҰ арқылы 25 жобаға жалпы сомасы 90,9 млн. теңге; «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалы арқылы 57 жобаға 204,3 млн. теңге; «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ТО бойынша филиалы арқылы жалпы сомасы 8 жобаға 64,0 млн. теңге, барлығы 65 жобаға 268,3 млн. теңге несие берілді. Кәсіпкерлік қызметке баулу, микрокредит алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 180 адам оқытылып, 174 адам сертификаттарын қорғады. Оның ішінде 70 адам 653 млн.теңге грант иегері атанды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 жобаға («Дархан-Ас» ӨК) жалпы сомасы 22 млн. теңге несие берілді.

Құрылыс саласы бойынша ауданда былтыр 843,3 млн. теңгенің құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілді, құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 100%-ын құрады. Аудан көлемінде 2021 жылы 8 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, 4 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар Шолаққорған ауылы Ақшам мөлтек ауданын жарықтандыру құрылысы, С.Қожанов атындағы тарихи-аймақтық мұражайының құрылысы, Қарақұр ауылындағы 75 орындық мәдениет үйі, Шу ауылы әкімі аппаратының ғимаратының құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 4 нысанның Жуантөбе, Қаратау ауылы әкімі аппараттарының ғимараты, Аққолтық елді мекеніндегі 75 орындық мәдениет үйі, Шолаққорған ауылы С.Қожанов көшесіндегі екі қабатты әкімшілік ғимаратына қосымша жай (военкамат) құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталды.

Шолаққорған ауылының ішкі жүйесін газбен жабдықтау жұмыстарына 2021 жылы 1 млрд. 45 млн. 232 мың теңге бөлініп, 150-ге жу-ық көшеге газ құбырлары жүргізілген. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 35 елді мекеннің (54259 адам) 28-і (халық саны 60 690 (97%)) орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 7 елді мекенге (Созақ, Шақырық, Теріскей, Шолаққорған, Қозмолдақ, Қарақұр, Қаратау) ауыз су сағатпен берілуде, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген (халық саны 2087) (3%). Сондай-ақ, жер асты су қоры бекітілген Балдысу, Қарабұлақ, Саржаз, Басбұлақ және Шақырық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлену жұмыстары жүргізілуде.

Әлеуметтік саладағы кешенді жоспарды іске асыру аясында 3409 адамды қамту жоспарланса, 3108 адам қамтылып, жоспар 91,2 пайызға орындалды. Бағдарламаның бірінші бағыты «кәсіби білім беру және кәсіптік оқыту» бойынша – қысқа мер-зімдік курстар бойынша ауылдық округ, кент әкімдіктерінен оқуға ниет білді-рушілер бойынша тізім жасақталып, 60 адамды оқыту жоспарланып, жергілікті бюджеттен   13 млн.   550,0   мың   тенге қаржы   қаралып,   2021   жылы  60  адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліп, 59 адам оқуын аяқтап, мамандағы бойынша тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.

Бағдарламаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 78 адам шағын несиемен қамту жоспарланып, 2021 жылы 65 адам 268 млн. 320 мың. теңге несиемен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 180 адам оқыту жоспарланып, 181 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жолданып, оқуды толық аяқтаған 171 адамға сертификаттар табысталды.

Бағдарламаның үшінші бағыты «жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» шеңберінде биылғы жылға 1 288 жалпы жаңа жұмыс орындары ашылу жоспарланса, өткен жылдың қорытындысымен 2 145 жаңа жұмыс орыны ашылып, жоспар 166,5 % орындалды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл ішінде 144 адам жолдау жоспарланып, 571 адам жолданды (жоспар 405%).

«Қазіргі таңда Созақ ауданына қарасты 33 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның 21-і 24 сағат бойы тоқтаусыз ауыз суға қосылса, 5 елді мекенге кесте бойынша беріледі. Сондай-ақ, табиғи газға қосылу бойынша да біршама тындырымды істер қолға алынған. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткіншек елді мекенінің тұрғындары табиғи газбен қамтылады. Ал «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылы ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы жобасына қаржы бөлініп, 2023 жылы пайдалануға берілген. Сондай-ақ, аудан орталығы Шолаққорғаннан Түркістан қаласына қарай бағыттағы жол бойында республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жылдың соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде», — дейді аудан басшысы.

Ауданның дамуына толығырақ тоқталып өтейік. Иә, Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар тындырымды тірлік бар. Мәселен, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып 88 миллион 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

«Ауыл аманаты» жобасына 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алды. Ал 2024 жылдың 3 айындағы деректерге үңілсек, 2024 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылып, қатысып отыр.

Осы тұста назар аударар жайт, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты. «Үкімет «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Бір ауыл – бір өнім», «Ауыл – Ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалық құжаттардың ережелері интеграцияланған Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдап, іске асыруда. Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін кредит беру (8 мың АЕК-ке дейін) көзделген. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын, қажетті жабдықтарды сатып алу, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі шағын цехтарды ашу бойынша ынталандыру болады», — дейді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің дерегінше, бағдарлама бойынша 2023 жылы 74,8 миллиард теңге сомасына 12,1 мың микрокредит берілді. Оның 5,8 миллиард теңге кредит қаражатын 287 ауыл шаруашылығы кооперативі алды. 2024 жылға 16,7 мың микрокредит беру жоспарымен 100 миллиард теңге бөлу көзделген. Бұл ауылда 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, агро өнеркәсіптік кешен саласына, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

«Мәселен, 2023-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында 2023 жылы 3 856 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 275,6 миллиард теңге сомасына 289 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Оның ішінде елдің шекаралас өңірлерінде 224,8 миллиард теңге сомасына 3 мың жұмыс орнын құра отырып, 222 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл инвестициялық жобалар жеңілдетілген кредиттеу, субсидиялау, жер ресурстары және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Мен кәсіпкер» құралы аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба қолданыстағы қосылған құн өндірістік тізбектеріне экспорттау немесе өндіру үшін нарықтық әлеуеті бар өңірлердегі перспективалы тауарларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, тұжырымдаманы іске асыру аясында даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекен (тірек, спутниктік АЕМ) тізбелері өзектендіріліп, әрбір өңір бойынша Ауылдық аумақтарды дамыту жол карталары бекітілді», — дейді Олжас Бектенов.

Негізгі капиталға 678,1 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 100% орындалды (жоспар: 677,8 миллион теңге). Тамақ өндірісіне 205,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 101,2% орындалды (жоспар: 203,3 миллион теңге), егістік жер көлемі 14 390 гектарға игеріліп, 100,6% орындалды (жоспар: 14 300 гектар).

Жерге тамшылатып суару әдісі 5,2 гектарға енгізіліп, 104%-ға орындалды (жоспар: 5 гектар). 30 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жоспар 100% орындалды. Жаңбырлатып суару әдісі 164 гектар жерге ендіріліп, 100% орындалды (жоспар: 164 гектар).

4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, меже (100%) орындалды. 8 дана жоғары отбасылық құс фермасы 500 бастан ашылып, 33%-ға орындалды (жоспар: 24 ферма). Сонымен қатар, 2023 жылы 13 127 тонна ет, 16 429 тонна сүт, 2 470 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ, жыл қорытындысына сәйкес Созақ ауданында мүйізді ірі қара 36 129 бас, қой 245 338 бас, ешкі 23 540 бас, жылқы 30 115 бас, түйе 15 072 бас, құс 25 037 басты құрады.

Инфрақұрылымға келейік. Аудан көлеміндегі 33 елді мекеннің 29 елді мекеніндегі 62 910 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 21 елді мекеніне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған 5 елді мекенге  (Сызған, Созақ, Қарақұр, Қаратау, Қозмалдық) кестемен берілуде. «Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтекаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» нысаны 2022 жылы басталып, нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді.

Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, аудандық бюджеттен 9 миллион теңге, облыстық бюджеттен Қарабұлақ, Балдысу елді мекендеріне 34 миллион 400 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. 2024 жылдың 3 айындағы мәліметтерге жүгінсек, Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін және Сызған елді мекенін тәулік бойы ауыз сумен қамту үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың қазан айынан басталды. Нысандар осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

«Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде атқарылған шаруаларға тоқталсақ. Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысы төселді. 2023 жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде елді мекеннің жолдары 100% асфальт жолмен қамтылды.

2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 16,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 19,7 шақырымдық 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Табиғи газбен қамту бойынша да ілгерілеу байқалады. Айталық, «Созақ ауданында АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу» нысаны бойынша 2019-2022 жылдар аралығында Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі 43,8 шақырым магистральды газ құбыры траншеяға 100% көмілген. Газды қабылдау құрылғысы (УПОУ) орнатылды. АГТС қондырғыларының орындары дайындалып, қоршалған. Электр бағаналары орнатылып, электр желілері жүргізілді. Найзағайдан қорғау прожектор діңгегі (ПМЖ) 5 дана және КТП-10/04кВ дизельдік электростанциясы орнатылды. ВОЛЬС кабельдері жүргізілді. 2024 жылға қосымша шарт түзіліп, ағымдағы жылдың наурыз айында АГТС қондырғыларының 2 данасы жеткізілді.

Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенін табиғи газбен қамту мәселесін нақтырақ ашықтай кетсек. Аудан орталығы Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенін табиғи газбен қамту үшін «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 2021-2022 жылдар аралығында 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пункітінің орындары дайындалып, 5 дана ШРП орнатылды. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекені тұрғындары табиғи газбен қамтылады.

Көшелерді жарықтандыру бойынша да көзге көрінетін тірлік байқалады. 2023 жылы аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің (Шолаққорған, Жартытөбе, Созақ, Сызған, Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе, Құмкент, Қыземшек, Таукент) көшелері жарықтандырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді сараласақ, 2024 жылы жыл басында аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке (27 көшеге) (Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент) көше жарықшамдары орнатылды.

Енді құрылыс саласы бойынша не істеліп жатқандығын айта өтейік. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы (2022 жылдан өтпелі) құрылысы басталып, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары (сыртқы инженерлік желілері)  аяқталып, қабылданды.

Қаратау ауылындағы жабық кіші футбол алаңының 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. 2023 жылы Шолаққорған ауылынан заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысы басталды.  Нысан 2024 жылға өтпелі. «Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» 2023 жылы 4 желтоқсанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.

Биыл құрылыс жұмыстарын бастауға бірнеше жобаларға қаржы қарастырылды. Атап айтар болсақ: «Түркістан облысы Созақ ауданының Құмкент ауыл округі Жылыбұлақ каналын салу» жобасы. «Қаратау елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» басталды. «Қарақұр елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» жобаның құны – 303,2 миллион теңге. 2023 жылға 1,0 миллион теңге қаралып, игерілді. Нысан 2025 жылға өтпелі.              

«Жуантөбе елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы». Нысан 2025 жылға өтпелі. Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтекауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізуге оң сарапта қорытындысы алынды. Нәтижесінде жер кезегінде тұрған 435 адам тұрғын үйге жер телімдерін беруге мүмкіндік болады.

Ал, Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. «Қарақұр ауылдық округі аппараты әкімшілік ғимаратының құрылысы» нысаны 2023 жылдан өтпелі болып іске асырылуда. Нысанды биыл аяқтау жоспарлануда және Қарақұр ауылында кіші жабық футбол алаңының құрылысы басталуда. Бұл нысан да биыл аяқталады.

Енді білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық.

Аудан бойынша 35 мектеп, 37 балабақша (17 мемлекеттік, 20 жекеменшік)  жұмыс атқаруда. 2023-2024 жаңа оқу жылында 1-ші сыныпқа 1 546 бала қабылданып, жалпы оқушы саны – 15 480, бітіруші саны 966 баланы құрап отыр. Аудандағы 37 балабақшада (17 мемлекеттік, 20 жекеменшік) 4 106-ға жуық бала тәрбиеленуде (мемлекеттік балабақшаларда — 2491 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1615 бала).  «Білімді ұлт» ұлттық жобасында 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу міндеті тұр. Қазіргі таңда қамту көрсеткіші – 99,6%, 3-6 жас 100%-ды құрады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Шолаққорған ауылынан 900 орындық Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстары басталды. Ыбырай ауылынан 200 орындық Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі пайдалануға берілді. Қазіргі таңда жалпы 6 951 бала ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1-4-ші сынып оқушылары — 5 920 бала.

Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық мектептердің бейнебақылау жүйелері ауыстырылды. Аталған бейнебақылау жүйелері полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 3 заманауи автобус алынып, аудан бойынша 3 елді мекенде 103 бала мектепке тасымалдануда.

Осы тұста 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерге көңіл бұрсақ. Аудандағы 38 балабақшада (17 — мемлекеттік, 21 — жекеменшік) 4141 бала тәрбиеленуде (мемлекеттік балабақшаларда — 2 492 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1 649 бала).

Жұмыспен қамту саласындағы деректер мен дәйектер де көңіл көншітеді. Мәселен, Ұлттық жобалар шеңберінде 4 713 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, жылдық жоспар 130 пайызға орындалды. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес, 714 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 12 айдың қорытындысына сәйкес 861 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. 2023 жылы 3 рет жәрмеңке өткізіліп, барлығы 260 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды.

«Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 21-35 жас аралығындағы жастарға Түркістан облысы «Агронесие корпорациясы» АҚ арқылы 2,5 % шағын несиемен 2023 жылы 32 азаматты 160 миллион теңге қаржымен қамту жоспарланып, жыл қорытындысына сәйкес 26 азамат тарапынан 122 миллион 600 мың теңге алуға тиісті  құжаттары жинақталып, комиссия отырысына қарауға ұсынылған. Оның ішінде 20 азамат 95 миллион 698 мың теңге несиеге қол жеткізу үшін комиссия шешімінің оң қорытындысын алып, шағын несие алуға Түркістан облысы «Агронесие корпорациясы» АҚ-мен 19 азамат 92 миллион 600 мың теңге алу мақсатында келісімшартқа қол қойып, қаржысын алды.

2023 жылы 12 айдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек 630 отбасыға (3 450 адамға) 227 миллион 379 мың теңге төленді. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» КММ-де «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» демеушілігімен мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетуге арналған әлеуметтік такси пайдалануға берілді.

2024 жылдың 3 айындағы деректерге сүйенсек, 2024 жылдың 1-ші тоқсанының қорытындысына сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрғандар мен бас бостандығынан айырылу мекемелерінен босаған азаматтарға арнап 1 рет жәрмеңке өткізіліп, 2 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, 54 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды. 2024 жылдың 3 айында 218 отбасы (1 261 адам) атаулы әлеуметтік көмек алды.                         

Мәдениет саласына ойысайық. Созақ ауданында қазіргі таңда 40 мәдени мекеме аудан халқына мәдени қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 17 мәдениет үйі мен клубтар болса, 23-і — кітапхана. 2023 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін 3 мәдениет мекемесіне аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар: Созақ ауылдық мәдениет үйі (ағымдағы жөндеу), Жартытөбе ауылдық клубы (жылу жүйесіне жөндеу), Жуантөбе ауылдық клубы (жылу жүйесіне жөндеу). Сондай-ақ, Ақсүмбе ауылдық клубын ағымдағы жөндеуден өткізуге сметалық құжаттар әзірленді. Тасты ауылынан 75 орындық ауылдық мәдениет үйін салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

2024 жылдың алғашқы 3 айында, яғни ағымдағы жылдың 25 сәуірінде «КАТКО» Қазақ-Француз біріккен кәсіпорны демеушілігімен күрделі жөндеуден өткен Шу ауылдық кітапханасының жаңа ғимараты ашылып, ел игілігіне ұсынылды. Ал 2024 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін Ақсүмбе ауылдық клубына бюджеттен қажетті қаржысы бөлініп, қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Спорт саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктер жоқ емес. Аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 198 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. 2023 жылы 5 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қаратау ауылынан жабық кіші футбол алаңы, Созақ ауылынан 1000 орындық жаңа стадион, демеушілер есебінен Шолаққорған ауылының С.Әбуов және А.Спатаев көшелерінен балалар ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңы және Шу ауылынан баскетбол, волейбол алаңшасы мен «Street workout», балалар ойын алаңшасы, Қаратау ауылдық округіндегі Саржаз елді мекенінен кіші футбол алаңшасы пайдалануға беріліп, Шолаққорған ауылының Түркістан бағытына қарай тас жол бойынан республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жыл соңына дейін құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Денсаулық саласы туралы. Аудан халқына 28 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 МСАК орталығы, 9 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік тірек, 13 медициналық тірек. 2023 жылы диспансерлік есепте тұратын науқастар 258 миллион теңгеге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Басты бағыт ана мен бала денсаулығын қорғау болып табылады. Осы мақсатта жүйелі түрде ана мен нәрестелер өлімін болдырмау көрсеткішін барынша төмендетуге арналған іс-шаралар атқарылуда.

2023 жылы 1 жасқа дейінгі 12 нәрестелер өлімі орын  алған. (2022 жылы 13 нәресте өлімі орын алған). Ал, туберкулезден болған өлім көрсеткіші өткен жылы да, биыл да тіркелмеді. Денсаулық сақтау саласының әрбір көрсеткішін төмендету бойынша алдын алу шаралары атқарыла беретін болады.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарына 75 дана жедел жәрдем санитарлық автокөлік табыстаған болатын. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған «Hyundai i30» маркалы жедел жәрдем автокөлігінің екеуі Созақ ауданына жеткізілді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның демеушілігімен 2 жедел жәрдем автокөлігі алынды. Бұл көліктердің ерекшелігі, жол талғамай, құмды жерлер мен шалғай ауылдарға еш қиындықсыз қатынай алады. Науқастарды тасымалдауға арналған көліктің ішінде жататын орын және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Облыс әкімі бекіткен үш жақты келісім жөніндегі Меморандумдағы көрсеткіштер бойынша, рейтингтік бағалау нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысына сәйкес Созақ ауданы көш басынан орын алды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша атқарылған жұмыстар барысы туралы айтсақ. Елімізде тазалыққа қатысты мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Акция аясында ауданда түрлі шаралар іске асырылуда.

Аудан орталығының аумағы 5 секторға, яғни ондағы 144 көшеге жауапты ретінде бекітілген әр мекеме қызметкерлері аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізіп, су өткелдерін, көпірлерді, өзен, канал, бұлақ, арық бойларын тазалап, қураған ағаштарды жою мен көшелердің бойындағы жол белгілері мен электр бағаналарын реттеу, сырлау сынды жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ аудан аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында жалпы саны 27 500 тал көшеті отырғызылды. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағы жолдың екі шетін қоса есептегенде 5 шақырымға артты. Бұл аумақ қазіргі уақытта толықтай қоршалды. 10 мың метрге жуық шарбақ тартылып, егілген тал көшеттерін суару жүйесі орнатылды.

Осылайша барша мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қауымы тазалық жұмыстарына көмек қолын созуда әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп келеді. Жоғарыда аталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады.

«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin