Созақ ауданы: Құмкентте мектеп түлектері кіші футбол алаңын салып берді

Күні кеше Құмкент ауылында Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай, Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының 25 жылдық түлектері мектеп ауласынан кіші футбол алаңын салып, игі іске ұйытқы болды.

Игі шараға қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, түлектерге ізгі тілегін арнады. Арнайы алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.

Тағылымды шараға арнайы қатысқан ауыл ардагерлері мен ел ағалары тағылымы терең ой қозғап, игі істің басында жүрген түлектердің азаматтық ұстанымдарына өз қолдауларын білдірді. Ауылдық округте халық сұранысына орай іске асып жатқан жобаларға айрықша тоқталып, алғыстарын жеткізді.

Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының қабырғасында білім алушы жас бүлдіршіндер еселі еңбектерімен елдің құрметіне бөленген түлектерге деген алғысын арнаумен жеткізді. Шара аясында кіші футболдан турнир ұйымдастырылып, спортшылар өзара сынға түсті.

Қазақстанның дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі – бұқаралық спортты дамыту. Халық арасында бұқаралық спортты насихаттау салауатты ұлтты қалыптастырудың кілті болып табылады. Спорт жастардың спорттық іс-әрекеттерінің жалпы жүйесінде маңызды рөл атқарады және бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын енгізудің пайдалы және көрнекі жарнамасы бола отырып, күшті үгіт-насихат қызметін атқарады.

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағыты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», — деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Республикада салауатты өмір салтын насихаттау шеңберінде жыл сайын 1,2 млн адамды, оның ішінде ауылдық жерлерде 500 мың адамды қамти отырып, барлық жас санаттарына бағытталған, әртүрлі деңгейдегі 25 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты түрде өткізіледі. Әсіресе, соңғы жылдары жүгіру, марафондар, велошерулер мен веломарафондар, Ironman, фестивальдер, отбасылық жарыстар, жаппай сырғанаулар танымал бола бастады.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2022 жылы VII Халық ойындары, IV Ауыл жасөспірімдері ойындары, «Қолжетімді спорт» жобасының II кезеңі, «Тұран Барысы» Азия кубогы, «Ұлы дала жорығы» бірінші республикалық бәйге-марафоны өткізілді. Нәтижесінде, былтыр елімізде Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітілді.

Жалпы алғанда, бұқаралық спорттың әлі тиісті деңгейде дамымауының негізгі себебі спорттық инфрақұрылымның жетіспеушілігі немесе тозуы, жоғары урбандалу деңгейі болып табылады, оның салдарынан ауылдағы жас тұрғындар саны азаяды, кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі туындайды, бұл, өз кезегінде, халыққа көрсетілетін спорттық қызметтердің саны мен сапасына теріс әсер етеді. Бұқаралық спортты халық арасында танымал ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, халықтың көп бөлігі әртүрлі факторларға байланысты дене шынықтырумен және спортпен қамтылмаған күйінде қалып отыр.

Халықаралық практика көрсеткендей, дене шынықтыру мен спорт саласында бірыңғай басқару моделі жоқ. Елдер өздерінің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктеріне сүйене отырып, дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі ұлттық саясатты қалыптастырады. Дегенмен, барлық елдерде дене шынықтыру мен спортты дамыту тетіктері жалпы халықтың дене шынықтыру және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, оның қозғалыс белсенділігін жетілдіруге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға, дене тәрбиесі және даму жолымен әлеуметтік бейімделуге бағытталған.

Өз кезегінде, спорт және дене шынықтыру саласын дамытудың әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысын тиімді дамытудың нәтижесі спортшылардың Олимпиада ойындары мен халықаралық жарыстардағы жоғары жетістіктері болып табылады.

Әңгімемізге тұздық ретінде халықаралық тәжірибеге шолу жасайтын болсақ, әлемнің спортшы елдерінің бестігіне кіретін Америкада білім беру ұйымдарына қатысушылар арасында бұқаралық спорт жақсы дамыған. Мектептердің, колледждердің және университеттердің спорттық командалары іріктеу жарыстары арқылы мектеп және студенттер лигаларына біріктіріледі. Мысалы, жеңімпаз мектеп командалары маусым нәтижелері бойынша кезең-кезеңімен өңірлік жарыстарға, округ, штат жарыстарына, одан кейін ұлттық жарыстарға қатысу деңгейіне ауысады. Тек баскетболдан жылына 500 мыңға жуық матч, жеңіл атлетикадан 250 мыңнан астам жарыс, жүзуден 70 мың жарыс өткізіледі. Мектепте құрылған бастамашыл спорт клубы немесе топ ата-аналар комитетінің басшылығымен жұмыс істейді.

Ал Қытайда балалар арасындағы бұқаралық спорт спорттық резервтің негізі болып табылады. Қытайдағы жалпы білім беретін орта мектептерде спорт дене шынықтыру сабақтарында оқушылар игеретін бейінді спорт пәнін таңдау арқылы жүзеге асады. Ең дарынды оқушылар қатаң іріктеуден кейін балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне түсе алады.

Қазақстан азаматтары салауатты өмір салтын ұстанатын және бұқаралық спортпен белсенді айналысатын, халықаралық спорт аренасында беделі жоғары және допинг қолдануға нөлдік төзімділікпен қарқынды дамып келе жатқан спортта жетістіктерге жеткен мемлекет ретінде дамуда.

Дене шынықтыру мен спортты дамыту саясатын іске асыру барлық деңгейдегі дене шынықтыру мен спортқа халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етуге және сапасын арттыруға, салауатты өмір салтын дамытуға, спорт резервін үздіксіз даярлауды қамтамасыз етуге және еңбек нарығының, сол сияқты болашақ экономиканың ағымдағы сұраныстарына жауап беретін ұлттық құрама командаларды даярлауға бағытталған.

Спорт – бұл адамның денсаулығын бекемдеп, жұмысқа қабілеттілігін арттырудың ең қолжетімді тәсілдерінің бірі, сондай-ақ адамдардың әлеуметтік әрекетінің бір саласы. Ол адамдардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, қалыптастыруға ықпал етеді. Әлеуметтік, саяси және моральдік құрылымның көріну формаларының бірі ретінде қызмет етеді. Яғни, ол –қоғамның жалпы жағдайын айқындайды. Осының бәрі спорт және дене шынықтыру қоғам мәдениетінің табиғи бөлігі екендігін көрсетеді.

Дене шынықтыру және спортпен шұғылдану – бәрімізге қандай да бір жолмен кездесетін физикалық, моральдік және психикалық стресстермен күресуді жеңілдетеді. Сондай-ақ біздің өмірімізде бұлшықеттерді, қанайналым жүйесін, дененің күшін, төзімділігін жаттықтырады. Демек, иммунитетке, денсаулық жағдайына, жастық пен сұлулыққа оң әсер етеді, ұзақ жылдар бойы еңбек ету мен белсенді өмір салтын сақтау қабілетін сақтайды.

Әлеуметтанушылардың зерттеуіне сәйкес, жүйелі түрде спортпен шұғылданатын адам өмірдің қиыншылықтарына 2-3 есе оңай төзеді. Жұмыста, ұжымның қоғамдық өмірінде 15-20 %-ға белсенді, яғни шығармашыл, көпшіл, өзіне сенімді, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге тырысатын адамдар. Ғалымдар тобы дене шынықтыру және спорттың адам өміріне әсерін зерттей отырып, адамдардың дамуы мен тәрбиесіне прогрессивті әсер ететін және адам бойындағы қасиеттерді жетілдіру туралы көптеген маңызды әлеуметтік және биологиялық қорытындылар жасады.

Стресске, экономикалық құлдырауға, уақыттың жетіспеушілігіне, нашар экологияға толы өтпелі өмірде өзіміздің жанымызды тыңдап, денсаулығымызды уақытылы дұрыстап, дені сау, бақытты адам ретінде өмір сүру керек. Жастықты ұзартудың және ұзақ уақыт бойы әдемі болып қалудың жалғыз жолы – бұл спорт және дене шынықтыру. Сондықтан денсаулық, деннің сұлулығы, ішкі энергия, рухани үйлесімділікті дамытуды бала кезден ойлау керек.

В.С. Хагай, И.В. Барсагаева сынды заманауи ғалымдар спортпен жүйелі түрде шұғылданатын студенттер емтиханды сессияны елемейтіндерге қарағанда 5-7 %-ға сәтті тапсыратынын алға тартады. Бұл туралы бұрынғы ғалымдардың да өзіндік пайымы болды, мысалы, спорт тіпті ежелгі дәуірде де оқу бағдарламасына енгізілген (жасөспірімдер мен жастар тек философияны оқып қана қоймай, сонымен қатар белсенді түрде жаттығатын болған). Неміс философы, әлеуметтанушы және саясаткер Карл Маркс: «Білім беруде біз үш нәрсеге назар аударуымыз керек: Бірінші, ақыл-ой тәрбиесіне, екінші, гимнастикалық мектептерде және әскери жаттығуларда берілетін дене тәрбиесіне, үшіншіден, барлық өндірістік процестердің негізгі принциптерін қамтитын және сонымен бірге жасөспірімге барлық салалардың ең қарапайым құралдарын өңдеу дағдыларын үйрететін техникалық дайындыққа», – деді. Яғни, сол кезде де спортқа оқу-ағартумен бірдей көңіл бөлінді. Қазірдің өзінде кез келген колледжерде, ЖОО-ларда дене шынықтыру сағаттары бар.

Қазір тістеріндегі темекі мен қолындағы сыра бөтелкесі «керемет» деп саналатын уақыт қайтымсыз кетіп, көптеген жастар дұрыс тамақтану мен спортпен айналысуды трендке айналдыра бастады. Жастар арасында салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану феноменге айналды десек те болады. «Дені саудың – жаны сау» демекші кез келген елдің болашағы халқының денсаулығына байланысты. Ал әрбір елдің басты  міндеті – денсаулығы бекем ұлт қалыптастыру.

Қазақстанда спорт саласы кең қолдауға ие және әрбір қазақстандықтың күнделікті тұрмысы мен өмірінде ерекше орны бар. Салауатты өмір салтын ұстану, спортты дамыту – ұлт денсаулығы, қылмыстың деңгейі, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты, елдің имиджі, ел игілігі үшін маңызды мәселелер кешенінің шешімі екені анық дүние. Сондықтан елімізде спорт саласын дамыту аса маңызды. Елде спортты одан әрі дамыту, бұқаралық спорт қозғалысын кеңейту, спорттағы жетістіктерді ынталандыру, халық арасында дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын жандандыру бойынша жағдайлар жасалып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне, сондай-ақ балалар үйірмелерінің қызметін қайта бастау және спорт секцияларын ашуға баса назар аудару қажеттігін айтқан болатын. 2021 жылы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да: «Халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс», – деп атап өткен еді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 28 наурыздағы № 251 қаулысымен «Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды.

Қабылданған тұжырымдамада Ұлттық құрама командалардың, еліміздің спорт резервінің үздіксіз даярлығын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық топтардың құрамы халықаралық аренада жоғары дәрежелі спортшылармен толықтырылып, спорттық дайындықтан өтетін адамдардың спорттық шеберлігінің сапалы деңгейі қамтамасыз етіледі, сондай-ақ балалардың және жасөспірімдердің спорт секцияларына тең қол жеткізуі, ауылдық жерлерді спорт инфрақұрылымдарымен 100% қамту, спортшыларды даярлайтын спорт ұйымдарындағы бағдарламар мен стандарттарды бір сарынға келтіру, дене шынықтыру және спорт саласын толық цифрландыру, жаттықтырушыларға үстемақы беру, әр ұлттық құраманың спорттық дәрігерлермен  қамту (травматолог, реабилитолог, нутрициолог, спорттық медицина бойынша физиотерапевт, спорттық психологтар, массаж жасаушылар және т.б.) қарастырылған.

Сондай-ақ тұжырымдамада халыққа, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуды жаппай насихаттау арқылы дәріптелетіні баяндалған. Қазақстан бойынша 2029 жылға дейін спортты насихаттау және дене белсенділігіне тренд енгізу мақсатында азаматтардың барлық санаттары арасында жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық іс-шаралардың өткізілуі жоспарланып отыр. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері, БАҚ, қаржы құрылымдары сияқты ұжымдардың арасында спартакиадалар ұйымдастырылады.

Көзделген шараларды іске асырудың арқасында дене шынықтыру мен спортпен жүйелі түрде айналысатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 2029 жылы 45 %-ға дейін, жалпы азаматтардың үлесі 73 %-ға дейін (оның ішінде спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдардың үлесі 23 %-ға дейін), сондай-ақ ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың үлесі 9,6 %-ға дейін өседі, ал халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 2023 жылғы көрсеткіш бойынша – 52 % болса, 2029 жылға дейін 1000 адамға шаққанда – 65%-ға ұлғайтылады деп көрсетілген.

Жалпы тұжырымдамада баяндалған негізгі тәсілдер – дене шынықтыруды, бұқаралық спортты, спорттық инфрақұрылымды арттыруға, спорттық резервті қалыптастыруға бағытталған. Мұндай тәсілді тиімді іске асырудың міндетті шарттары: дене белсенділігіне тренд енгізу, ел азаматтарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақыру, дамыған спорттық инфрақұрылымға қол жеткізу, сондай-ақ қазақстандық спорттың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жасау.

«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin