
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларды су үнемдеу технологияларын белсенді енгізуге шақырады. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, оларды қолдану, сондай-ақ күріш алқаптарын тегістеу шамамен 200 миллион текше метр суды үнемдеп, оны Солтүстік Арал теңізіне жіберуге мүмкіндік берді. Бұл туралы ОКҚ алаңында ведомствоның ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева хабарлады.
Спикер атап өткендей, Қызылорда облысында барлығы 55 мың гектар күріш алқабы тегістелді. Соның арқасында орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін өсті.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, фермерлерді, шаруаларды су үнемдеу технологияларын белсенді енгізуге шақырамыз. Бұл үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Министрлік су үнемдеу жүйелерін сатып алуға және орнатуға жұмсалған шығындарды субсидиялауды 30%-ға, яғни 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Бұл мүмкіндік аз елдерде бар. Суды үнемдеу маңызды. Мұндай технологияларды орнатқан аграршылар судың өзі үшін де аз төлейді – суармалы суға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды», – деді Мөлдір Әбдуәлиева.
Ол өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен One Water Summit халықаралық форумында Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойғанын атап өтті. Сондай-ақ былтыр Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін Халықаралық Аралды құтқару қорының Президенті болып сайланды. 2024-2026 жылдары еліміздің төрағалығы кезінде ХАҚҚ Атқару Комитетінің жұмыс жоспары бекітілді. Құжат 10 түрлі бағыт бойынша 40-қа жуық іс-шараны қамтиды.
«Осылайша, біздің министрліктің Солтүстік Арал теңізінің көлемі мен ауданын ұлғайту бойынша жүргізіп жатқан жұмысы судың минералдануын төмендетеді. Бұл Солтүстік Аралдың экожүйесі мен биологиялық әртүрлілігін сақтауға, сондай-ақ Қызылорда облысында балық шаруашылығының дамуын жақсартуға көмектеседі. Су үнемдеу технологияларын енгізу және су инфрақұрылымын дамыту Солтүстік Аралға қосымша су көлемін жіберуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға көмектеседі», – деп қорытындылады ресми өкіл.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.