ТҮРКІСТАНДЫҚ ТАНЫМАЛ КОМПОЗИТОР БЕКЖІГІТ СЕРДӘЛІНІҢ ӘНІ ҮЗДІК АТАНДЫ

Мемлекет басшысы биыл «Балалар жылы» деп жариялағаны баршаға белгілі. Осыған орай «Балапан» телеарнасы заманауи балалар әндерін насихаттайтын «Балдәурен» конкурсын өткізген болатын.

2022 жылдың басында жарияланған байқауға еліміздің барлық аймағынан 60-қа жуық автордан 109 ән келіп түскен. Қазылар алқасының шешімі бойынша 109 әннің арасынан Бекжігіт Сердәлінің «Әңгелек» (сөзі Сабырхан Асанов), Сұлушаш Сұлтанованың «Қуыршағым» (сөзі Ғайни Дауылбаева), Думан Байтілеуовтің «Жау, Жаңбыр!» (сөзі Бауыржан Ерман), Ұшқын Жамалбектің «Балапаным» (сөзі Айтбек Тұрсынбай) және Алтын Маханбетованың «Көкорай көктем» (сөзі Әбдірахман Асылбеков) әндері үздік деп танылды.

Үздік бестік ішінде жерлесіміз, белгілі композитор Бекжігіт Сердәлінің де әні болғаны біз үшін үлкен қуаныш!

Марапаттау салтанатына Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, сенатор Нұртөре Жүсіп, балалар ақыны Серікбол Хасан, композитор Хамит Шанғалиев, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззәт Танысбай, «Балапан» телеарнасының директоры Қымбат Досжан қатысып, композиторлар мен ақындарды жеңістерімен құттықтады.

Телеарна павильонында өткен түсірілім думаны балаларға қызықты мереке сыйлады. «Балапан» арнасынан күнде көріп жүретін кішкентай жүргізушілер мен жоба кейіпкерлері авторлармен қосыла ән шырқап, естелік суреттерге түсті. Жобаның телевизиялық нұсқасы 25 қазан күні «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен «Балапан» арнасында көрсетілетін болады.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.