ТҮРКІСТАН: АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай еске алу шарасы өтті. Қаладағы №1 А.Байтұрсынов атындағы мектеп-лицейінде ақын-педагогтың өлеңдері оқылып, еңбектері дәріптелді. Айтулы шараға Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев қатысты.

Жиын барысында құттықтау сөз алған басқарма басшысы ақынның еңбек жолы жайында сөз қозғап, шәкірттерге халқының келешегі үшін қазақ әліпбиіне түрен салған, ұлт мүддесіне арымен қызмет еткен кемеңгер тұлғаның өнегелі өмірін насихаттады.

«Ахмет Байтұрсынұлы нағыз ұлт ұстазы болды. Ұйықтап жатқан қазақ халқын оятуға ұмтылды. Біртұтас ел секілді қазақты қазақ сүюге үйретті. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген еңбегі шексіз. Ол – ақын, ол – қоғам қайраткері, ол – қазақтың тұңғыш әдебиет теоретик-лингвисті, ғалым-ағартушы. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы біздің жадымызда, өшпей мәңгілік қалады! Халық үшін басты байлық денсаулық болса, жанның басты байлығы – білім мен өнер. Солардың көмегімен ғана халықтар өркениетте өз орнын табады. Қазір ең бастысы – жастарға білім беру, қолөнерге, кәсіпке баулу. Ұлағатты ұстаз Ахмет Байтұрсынов қазақ жеріне оқу ағартудың тұңғыш дара жолын салған Ыбырай Алтынсаринның төл шәкірті. Білім саласында атқарған әрбір игі бастамасын келер ұрпақтың құлағына барынша құюымыз керек» , — дейді облыстың адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.

Сондай-ақ, шара соңында мектеп жанындағы Ахмет Байтұрсынов ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ақын өлеңдері оқылып, әуезді әндері әуеледі.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.