ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР ФЕСТИВАЛІ АЯСЫНДА ӨТКЕН ЭСТРАДАЛЫҚ ӘН БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

Бүгін «Балалар жылына» орай Түркістандағы «Фараб» кітапханасының концерт залында облыстық балалар ән байқауы өтті. Аталмыш байқауды Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы «Бал таңдай» балалар өнер фестивалі аясында ұйымдастырған.

Салтанатты шараны Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Темірхан Асылхан ашып беріп, шараның мақсаты мен маңызына тоқталды. – «Ел іші – өнер кеші» деп халқымыз текке айтпаған. Бүгінгі өнер байқауының мақсаты да өңірдегі шығармашыл, дарынды жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету, сонымен қатар эстрадалық ән өнерін дамытып, руханиятымызды көтеру. Осылайша қазақ композиторларының шығармаларын заманауи бағытта жаңғырта аламыз. Байқауға қатысушы 14 жас өренге сәттілік тілеймін, — деді А.Темірханұлы.

Әрі қарай екі айналымнан тұратын байқауға кезек берілді. Олар ереже бойынша Қазақстан композиторларының әндерін және еркін тақырыпта бір шығарма орындауы шарт. Қатысушы үміткерлерге әділ баға беру үшін ҚР Мәдениет қайраткері, ХҚТУ-нің аға оқытушысы Әлімбай Ботақараев (қазылар алқасының төрағасы), Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияның директор орынбасары Айзада Утегенова, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының маманы, әнші Ахат Жеткербаев қазылық етті.

Шара соңында Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Алиакбаров Мейіржан жеңімпаздарды құттықтады. – Үміткерлердің барлығы да бірінен-бірі өткен дайын әншілер. Олардың ән таңдауы, аранжировкалары жаңа, музыкалық деңгейі жоғары дәрежеде. Бұған дейін біз іріктеу кезеңін өткіздік. Оған 8-16 жас аралығында 38 үміткер қатысқан болатын Жас өнерпаздардың әншілік өнері қалыптасып келе жатыр. Болашақта үлкен жетістіктер тілеймін, – деді М. Нұрғалиұлы.

Қазылар алқасының шешімімен Байзақ Еңлік (Қазығұрт ауданы) бас жүлде иегері атанса, Жүнісбай Зере (Отырар ауданы) жүлделі І орынды иемденді. Ал Күрешов Асқар (Түркістан қаласы) мен Жумадулла Айаруға (Жетісай ауданы) жүлделі ІІ орын бұйырды. Уалихан Айша (Сарыағаш ауданы), Сенбекұлы Нұрдәулет (Бәйдібек ауданы) және Мырзақұлқызы Жасмин (Түркістан қаласы) жүлделі ІІІ орынға ие болды. «Ең жас әнші» жүлдесімен Мейірхан Рахым (Төлеби ауданы) марапатталса, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесі Бекзат Шалхарбайға (Төлеби ауданы) бұйырды. Барлық қатысушыға арнайы алғыс хатпен марапатталып, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.