Түркістанда халық шығармашылығын дамыту мақсатында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биыл да жалғасын табады

Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев брифингте мәлімдеді.

«Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биыл да жалғасып тауып отыр. 12 сәуір күні алғаш болып фестиваль шымылдығын Сайрам ауданының өнерпаздары ашады. Шара — ұлттық өнерімізді дамыту және Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Аталған фестиваль сәуір-қыркүйек айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтеді. Онда аудан-қалалардан келген өнер ұжымдары түркістандықтар мен қала қонақтарына өнер көрсетеді. Одан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылады» – дейді Ержан Ибадуллаұлы.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан байқауды өткізу барысына тоқталды.

«Байқау барысында ұлттық салт-дәстүр, ән-жыр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналанады. Ал аптаның сенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында әрбір аудан-қала көрермендерге мерекелік гала-концерт ұсынады. Онда халық шығармашылығының жанрларынан театрландырылған қойылымдар көрсетіледі. Оның ішінде ән-би, күй, айтыс, көркемсөз оқу, жыр-терме, цирк, сатира, хор, оркестр, вокалды-аспаптар мен отбасылық және фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер бар» – дейді Асылхан Темірхан.

Фестиваль соңында бас жүлдеге ие болған өңірге арнайы дайындалған ауыспалы «Өнерлі өлке» статуэткасы тапсырылады. Одан бөлек, бас жүлдеге ие болған аймаққа – «Газель» автокөлігі, І орынға — жеңіл автокөлік, ІІ орынға — дыбыс жазу студиясы, ІІІ орынға — музыкалық аппаратуралар мен аспаптар табысталады.

Шығармашылық демекші, Түркістандағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде «Көктемдегі кездесу» музыкалық-поэтикалық қойылымының премьерасы өтті. «Jana lep» өнер ұжымы сахналаған спектальді қазақ поэзиясының ханшайымы Ханбибі Есенғарақызы бастаған зиялы қауым өкілдері де тамашалады.

Шабыт пен сезімге толы бұл қойылымда қазақ поэзиясының классиктері мен қазіргі жас ақындардың өлеңдері алма-кезек оқылды. Сонымен қатар қазақ әнінің «алтын ғасырын» жасаған композиторлар мен бүгінгі жас композиторлардың әндері шырқалып, композициялық қойылым режиссерлік және хореографиялық шешімдер арқылы өрнектеле түсті. Өнерпаздар көрерменді ананы құрметтеу, махаббатты аялай білуге шақырды.

Қоюшы режиссері – Фархад Молдағали, саунд-дизайнер – Серікжан Атқали, инсценировка – Арайлым Мұраталиева, хормейстер – Ұлжан Амангелді, костюм бойынша суретші – Гаухар Ғалымжанқызы, көркемдік жетекші – Сержан Молдасанұлы.

Айта кетейік, өткен айдың басында өткен мерекелік іс-шарада алғашқы нұсқасы көпшілік назарына ұсынылыған болатын. Ал бұл жолы үлкен аудиоторияға таныстырылған аталмыш туынды алдағы уақытта аудан, қалаларда сахналанбақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin