Түркістан қаласында волейболдан 2012-2013 жылы туған жасөспірім қыздар арасында өткен республикалық турнир өз мәресіне жетті. Жарыс қаланың «Құрметті азаматы», ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мамаш Омаровты еске алуға арналды.
Сайысқа Астана, Шымкент, Хромтау, Ақтөбе, Түркістан қалалары мен Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл облыстарынан келген 8 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Тартысты ойында Түркістан қаласының «№2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» волейболшы қыздары I орынды иеленсе, II орын Ақтөбе қаласына, III орын Ақтөбе облысының Байғанин ауданына бұйырды.
Жиынға қатысқан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Әсілбаев пен «Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Әнуар Сәрсенбаев жеңіске жеткен командаларды құттықтап, қатысушыларға алғыс білдірді. Жеңімпаз командаға арнайы кубок табысталып, жүлдегерлер алғыс хаттармен марапатталды.
Орайы келгенде айта өтер тағы бір ақпарат, Түркістан қаласында ерекше форматта шахмат сайысы өтті. Интеллектуалды ойында қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан» қызмет алушы зейнеткерлер мен қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» жас шахматшылары шаршы тақтада сынға түсті.
Шахмат сайысының мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы, зияткерлік ойынды дамытып, кеңінен насихаттау. Спортқа деген қызығушылықты арттырып, жас дарындарға қолдау көрсету.
Ардагерлердің көңілін сергітіп, жастарға жігер берген іс-шара қызықты әрі тартысты өтті. Жарысқа шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионаттарының қола жүлдегері, түркістандық жас шахматшы Сұлтанхан Нұрислам қатысты.
Шаршытақтаның жас шеберлері арасында алғашқы орынды Сұлтанхан Нұрислам иеленіп, II орын Мұхаммедәмин Мәуленұлына, III орын үздік ойыншы Нұрислам Абдуғаппаровқа бұйырды.
Орталықтағы ардагерлер арасында I орын Сембек Дүйсекбайға, II орын Ерсін Жарқынбекке бұйырды. III орынға Әуез Ахметов ие болды. Сайысқа қатысқан 24 шахматшы да өз шеберліктерін көрсете білді.
Ойы ұшқыр, өресі биік ұрпақ тәрбиелеу мақсатында өткен сайыс соңында ардагерлер ұйымдастырушыларға алғысын айтып, жас буынға бата-тілегін жеткізді.
Сонымен қатар Түркістан қаласы 2024 жылы – Түркі әлемінің туристік астанасы атанып отырғанын білесіздер, осыған орай, рухани шаһарда «Жемқорлықсыз болашақ» ұранымен 2009-2015 жылғы жасөспірімдер арасында үстел теннисінен ашық біріншілік өтіп жатыр.
Спорттық жарысқа Қызылорда, Шымкент, Жетісай, Сарыағаш, Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Бәйдібек, Төлеби аудандарынан 300-ге жуық спортшы келді.
Сайыстың ашылу салтанатына қатысқан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Әсілбаев пен «Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Әнуар Сәрсенбаев спортшыларға сәттілік тіледі. Ал жиында қонақ болған қаланың құрметті азаматы, бірінші дәрежелі үстел теннисінің жаттықтырушысы Оразбек Божбанбаев қатысушыларға өз тәжірибесімен бөлісіп, жетістікке жетудің сырын жеткізді.
Аудан, қалалардан келген талатты спортшылар үстел теннисінен бас жүлдені сарапқа салады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.