Түркістандық оқушылар «Жасыл аймақ» апталығының челленджін жолдады

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Бүгін облыс орталығындағы оқу орындары мен мектептер «Жасыл аймақ» апталығының челленджін бастады.

Республикалық экологиялық акцияның үшінші апталағында челленджді М. Абенова атындағы жалпы орта мектебі бастады. Мектеп оқушылары мен ұстаздары бірігіп, мекеме ауласында біржылдық және көпжылдық гүлдер екті. Ағаш түптерін қопсытып, әктеп, көгалды аймағында абаттандыру жұмыстарын істеді.

Шара соңында «Таза қала, таза ауа!» ұранымен челлендж жолдап, түркістандықтарды экоакцияда белсенділік көрсетуге шақырды.

Айта кетейік, көшет отырғызып, аулаларды абаттандыру көзделген «Жасыл аймақ» апталығы 27-ші сәуірге дейін жалғасады.

Осы орайда атап өтер маңызды жайт, 2024 жылы Түркістан облысында жалпы 1 038 870 түп түрлі тал көшетін отырғызу жоспарланған. Оның 522 935 данасы көктем айларында егілсе, күз айларында 515 935 дана көшет егілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы аясында 2021-2025 жылдар аралығында облыста 1,5 миллион көшет отырғызу көзделген.

Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді-мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарланған. Бұл жайында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуәлиев брифингте мәлімдеді.

Сондай-ақ, басқарма басшысы республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында біршама жұмыстардың атқарылатынын жеткізді.

— «Жасыл аймақ» апталығында атқарылатын жұмыстар негізінен елді мекендерді тазалау, әктеу, сырлау, көшет егу, ағаш бұталау, түптерін қопсыту, суару жүйелерін реттеу, қоршауларын қалпына келтіру бағытында жүргізіледі. Бір күнде бір гектар орман — ауадан 120-280 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 180-200 келі оттегін шығарады. Тіпті бір ағаш — 3 адамның тыныс алуына жеткілікті оттегін бөледі. Жүргізіліп жатқан көшет егу жұмыстары өңіріміздің экологиясын жақсарту, тұрғындардың денсаулығын түзеу бағытында үлкен маңыздылыққа ие, — деді Қайрат Амангелдіұлы.

Сонымен қатар, өткен «Киелі мекен» апталығының қорытындысын Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков баяндады.

— 15-20 сәуір аралығында өткен апталық кезінде облыс көлемінде 22 мыңнан астам азамат атсалысып, 496 техника тартылды. Жалпы, 226 көлемді іс-шара өтті. Нәтижесінде облыстағы 1 410 көшенің бойлары тазаланып, 7 816 дана ағаш отырғызылды. 16 508 дана ағаш әктеліп, 40 024 шаршы метр аяқжолдар тазаланды. Сондай-ақ, 346 саябақ пен скверлер, 244 балалар және спорт алаңшасы ретке келтірілді. 176 шақырым көпір, өзен-каналдар мен бұлақтардың арналары, 517 көпқабатты тұрғын үй аумақтары мен аулалары, жертөлелері тазаланды» — деді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin