Экожүйе: Шымкентте экологиялық мәдениетті қалыптастыруға басымдық берілген

Loading

«Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкентте тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта жастармен кездесулер ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарында арнайы сабақтар өткізіліп келеді.

Жуырда «Қалдықсыз қала» тақырыбында өткен кездесуге колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші және екінші курсында білім алатын 70-ке жуық жас қатысты. Ашық диалог барысында мамандар қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару, экологиялық талаптарды сақтау және ластанудың алдын алу мәселелерін түсіндірді.

Кездесуде заңсыз қоқыс үйінділерімен күреске ерекше назар аударылды. Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Баян Тұңгатарованың айтуынша, жыл басынан бері 37 тексеру жүргізіліп, 37 нұсқама берілген және 64 әкімшілік іс қозғалған. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 505 миллион теңге айыппұл салынып, оның 281 миллион теңгесі бюджетке түскен.

Жыл басынан бері қала аумағында 20 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 11-і Әл-Фараби, бесеуі Абай, екеуі Еңбекші ауданында тіркелген. Қалған үйінділер басқа аумақтардан анықталған. Оларды жою жұмыстарын аудан әкімдіктері жүргізіп, Экология департаменті тиісті нұсқамалар беріп, әкімшілік шаралар қолдануда.

Шымкент қаласы прокуратурасының прокуроры Асқар Тұрдымұратов экологиялық талаптарды сақтау тек тазалықпен шектелмейтінін, оның азаматтардың құқықтық мәдениетімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Экологиялық нормаларды сақтау – әр азаматтың міндеті. Белгіленген талаптарды бұзу жауапкершілікке әкелетінін түсіну маңызды. Профилактикалық жұмыстар заң талаптарын сақтауға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді ол.

Экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру мақсатында қала мектептерінде де арнайы сабақтар ұйымдастырылуда. Мәселен, №140 жалпы орта мектепте «Таза Қазақстан – таза болашақ» тақырыбында экологиялық сабақ өтіп, оқушылар ауаның және судың ластануын азайту, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жолдары туралы білімдерін толықтырды.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Бейсенбайқызының мәліметінше, білім ордасында экологиялық танымды дамытуға арналған ашық сабақтар тұрақты өткізіледі. Оқушылар сабақ барысында тәжірибелік жұмыстарын ұсынып, экологиялық жобаларын таныстырды. Сондай-ақ мектепте осы бағыттағы арнайы үйірме жұмыс істейді.

Қалада білім беру ұйымдарымен қатар, жастар арасында экологиялық семинарлар, тренингтер мен экскурсиялар өткізіліп, жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралар табиғатты қорғау дағдысын қалыптастырып қана қоймай, заң талаптарын сақтау мен ортақ кеңістікке ұқыпты қараудың маңызын түсіндіруге бағытталған.

Қоршаған ортаның тазалығы тек уәкілетті органдардың жұмысына емес, әр тұрғынның күнделікті әрекетіне де байланысты. Сондықтан экологиялық сауаттылықты арттыру, қалдықтарды дұрыс басқару және заңсыз қоқыс төгуге жол бермеу қала мәдениетінің ажырамас бөлігі болуы тиіс.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You