Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан-қалаларға инвестиция тарту арқылы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту мен өндірістік кәсіпорындардың санын арттыру, тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданында іске қосылған жобалардың бірі – мия тамырын қайта өңдеу кәсіпорны. Жетісай жерінде өсірілген мия тамырларынан косметика мен дәрі-дәрмек шығару жоспарланған. Алдағы уақытта өндірісті осында ашу көзделіп отыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы айдың 5-інде аталған кәсіпорынға арнайы барып, жұмысымен танысты. Іскер азаматтарға, белсенді кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін жеткізді. Аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына осы бағытта жұмысты жалғастыруды тапсырды.
«Kasym ASES» ЖШС жеке қаржысы есебінен 600 миллион теңгеге іске қосылған кәсіпорынның қуаттылығы жылына 10 мың тоннаны құрайды. Биыл жүзеге асырылған І кезеңде 56 адамды, келесі жылы жүзеге асатын ІІ кезеңде тағы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Кәсіпорын алдын ала болжам бойынша мия тамырының келісін 120 теңгеден төмен қабылдамайды.
Мия тамыры косметология саласы мен аспаздықта коктейль жасауға арналған көбіктендіргіш заттар мен квас, сыра, алкогольсіз сусындар, халуа, шоколад, карамель, диеталық кисель дайындауда табиғи тәттілендіргіш ретінде қолданылады. Ал медицинада пневмония кезінде құрғақ жөтелді емдеуге, бронх қабынуынан туындаған жөтелде, жамбас, тонзиллит, туберкулез, көмейдің қабынуы кезінде дауысты қалыпқа келтіруге, сондай-ақ, қуықалды без аденомасы, бүйрек және зәр шығару жолдарының аурулары, асқазан-ішек жолдарының аурулары, омыртқа мен буын аурулары, артрит, ревматизм, омыртқа және басқа да дерттерді емдеуге қауқарлы, ерекше күшті өсімдік.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда ауданға 90,2 миллиард теңге инвестиция тартылса, 2024-2030 жылдар аралығында 419,6 миллиард теңге инвсетиция тарту жоспарлануда. Нәтижесінде, 2,17 миллиард теңге салықтық түсімдердің түсуі күтілуде. 2030 жылға дейін негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 3,8 есе өседі деп күтіліп отыр.
Биылдың өзінде аудан аумағында құны 8,2 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 959 жаңа жұмыс орны құрылады.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облысқа жыл басынан 888,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды.
Сапар барысында өңір басшысы жергілікті шаруалармен кездесті. Жаңа тәсілмен мақта еккен диқандар өнімнің сапалы әрі артық жиналғанын айтып, жақсы жаңалықтарымен бөлісті.
Биыл өңірде 106 мың гектарға мақта егілді. Енді заманауи суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Мақта егудің жаңа тәсілі ақ алтынның өнімділігін 3 есе артып, көрсеткіш гектарына 70 центнерге жетуі тиіс.
Бұдан бөлек Жетісай ауданында жеңіл өнеркәсіп ошағының бірі Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде ашылған. Нақтырағы, мұнда аяқ киім шығаратын шағын цех жұмыс істеп тұр. Бүгінде Сәкен Шораевтың басшылығындағы «Sh.S.САМҰРЫҚ» ЖШС-де 30 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнының қуаттылығы жылына 250 мың жұп аяқ киім болса, бүгінде тәулігіне аяқ киімнің 30-ға тарта түрінен 800 жұп аяқ киім шығарылуда.
Облыс әкімі аудан, қалаларда шағын кәсіпкерлікті дамыту, цехтар мен өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Өндіріске қажетті негізгі шикізатты Қытай елінен алдыратын кәсіпкер кәсіпорынды іске қосу үшін жеке қаржысы есебінен 500 миллион теңге инвестиция салғанын айтады. Бүгінде Жетісайдан шыққан аяқ киімдер жергілікті базарлармен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының сауда орындарында сатылуда.
Екі жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны бәсекелестікке толықтай төтеп бере алады. Себебі өндірген өнімдерінің бағасы төмен болғанымен, сапасы жоғары. Көлемі жағынан 25 пен 45 өлшемді аяқ киімдерді тігетін өндіріс орнының басшысы алдағы уақытта кәсіпорынның ауқымын да, қуаттылығын да арттырмақ. Сол арқылы жұмысшылар санын көбейтіп, отандық өнімдерін брендке айналдыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында аудан, қалалардың 2030 жылға дейінгі даму жоспары әзірленіп, қабылдануда. Ол құжаттарда өңірлік өнім көлемін ұлғайту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Ал облыстық деңгейде, өңірдің өркендеуіне тың серпін беретін энертегика, агроөнеркәсіптік кешен, өндіріс және қайта өңдеу, туризм салаларында маңызды 145 инвестициялық жобалар пулы дайындалды. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көзделген.
Назар аударар тағы бір мәселе, Жетісай ауданының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітілген. Жуырда Жетісай ауданының даму жоспары пысықталды. Ауданның басымдықтары мен мәселелері ашық айтылып, тиісті тапсырмалар берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан басшысына өндіріс орындарын ашу, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығын дамыту, өңдеу өнеркәсібін жандандыру жөнінде тапсырмалар берді.
– Ауданның әлеуеті жоғары болғанымен көрсеткіштер ойдағыдай емес. Тұтас команда жұдырықтай жұмылып, жүйелі жұмыс атқаруы керек. Елге нақты жобалар, өндіріс орындары қажет. Суармалы жерді толық игеру, су үнемдеу технологияларын енгізу бағытын күшейтіңіздер. Ауданға тиісті қолдау көрсетілуде. Соны тиімді пайдаланыңыздар. Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, терең өңдеуге басымдық берілсін. Ізденіңіздер, нәтиже көрсетіңіздер, – дейді Дархан Сатыбалды.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, ауданды дамыту үшін негізінен ауыл шаруашылығы, сауда, өнеркәсіп және құрылыс саласы бағыттарына басымдық беріліп отыр. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмыстар жанданбақ.
Ауданда биылғы 9 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 112,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,2 пайызға артып отыр.
Әзірленген даму стратегиясында барлық көрсеткішті жақсарту көзделген. Жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға дейін 2,3 есе өсіріп, 387 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. Оның ішінде өнеркәсіп өнім көлемін 19,3 миллиард теңгеден 38,5 миллиард теңгеге дейін, құрылыс көлемін 10,4 миллиард теңгеден 14,8 миллиард теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 249,1 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2 есе, өңдеу өнеркәсібі 2 есе, құрылыс көлемі 1,4 есе, сауда 2,3 есе, ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 2,4 есе артпақ.
Ауданға соңғы 5 жылда 90,2 миллиард тенге инвестиция тартылса, 2024-2030 жылдар аралығында құны 115,2 миллиард теңге болатын 69 жобаны іске асырып, 4 683 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Нәтижесінде салық түсімі артып қана қоймай, негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 3,8 есе өседі. Өнеркәсіп саласында құны 63,2 миллиард теңге болатын 20 жоба іске асып, 2706 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, бюджетке 1 миллиард 260 миллион теңге салықтық түсімдер түседі деп межеленген. Ауданда 50 гектар жер аумағына «Жетісай» индустриалды аймағын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер телімдерін мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр.
Атап өту керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын кәсіпкерлерге жасалатын мемлекеттік қамқорлықтардың қатары артып, берілетін несиелердің көлемі көбейіп отыр.
Ауданға инвестиция тарту мен жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы жүзеге асыру мақсатында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды қолға алған Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Қытай елінің Синьзян провинциясының «Цзинь Тайян Ко., ЛТД» компаниясының басшысы Луи Кесонгектарны қабылдап, жалпы құны 15 миллион АҚШ доллары (7,5 миллиард теңге) болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойды.
Аталмыш жоба аясында шетелдік кәсіпкер аудан аумағында ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыруға арналған құрал-жабдықтар мен пленкаларды шығаратын зауыт салатын болады.
– Ағын суды үнемдеу мен өнім сапасын арттыруда аса тиімді тамшылатып суғару әдісін кеңінен жүзеге асыруға қажетті құрал-жабдықтардың ауданымызда шығарылуы шаруалар үшін де, аудан экономикасы үшін де пайдалы болмақ. Одан бөлек, көптеген жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады, бағасы да тиімді болады, – деген аудан басшысы зауыттың инфрақұрылымы мен қажет болған жағдайда ІІ деңгейлі банктер арқылы несие алу үшін де қолдау көрсететінін жеткізді.
Айта кетейік, жыл басынан бері 31 миллиард теңгеге жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың 16 миллиард теңгесі жеке кәсіпорындар есебінен. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 40 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Орайы келенде атап өтерлігі, 2024 жылғы 14 қарашада ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың жетекшілігімен қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd.» (Синцзянь Лихуа Групп) компаниясымен Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасын жүзеге асыру туралы кездесу өтті.
«Xinjiang Lihua (Group) Co.» — мақта өсіру және оны озық өңдеу саласындағы Қытайдағы ең ірі компаниялардың бірі. Кәсіпорын мақта-матадан жіп пен маталар, дайын тоқыма бұйымдары сияқты жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруға маманданған.
Жиынға Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, сондай-ақ қытайлық «K&K 86 LTD» компаниясының басшысы Сюй Цзе қатысты.
Бірлескен жоба Түркістан облысындағы «TURAN» АЭА-да мақта-тоқыма кластерін құруды көздейді.
Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады деп күтілуде және келесі нысандардың құрылысын қамтиды: ПВХ құбырларын шығаратын зауыт; тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт; мақта өңдейтін 2 зауыт; иіру фабрикасы; зығыр мата өндіру бойынша тоқыма фабрикасы; бояу және өңдеу зауыты; тігін фабрикасы
Жобаның жалпы құны 180 миллиард теңгені құрайды, толық іске асырылған кезде 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Бүгінгі күні тамшылатып суару жүйесі орнатылып, 1120 гектар алқапқа егіс жұмыстары жүргізілді. Мақта өнімділігі 55 ц/гектар құрады. Иіру фабрикасының құрылысы басталды.
Министр бұл жобаны жүзеге асырудың Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамытудағы маңыздылығын және оны қолдауға жан-жақты көмек көрсету қажеттігін атап өтті.
Жалпы, Түркістан облысында 25 мың агроқұрылым мақта шаруашылығымен айналысады. 2024 жылы 106,4 мың гектарға мақта дақылы егіліп, жалпы егістіктің 12 пайызын құрады.
Күзгі жиын-терім барысында туындаған мәселелерді дер кезінде шешу және тауар өндірушілер арасында ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы жұмыс тобын жасақтап, жағдайды тұрақты бақылауына алды. Ал қараша айында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай және Мақтаарал ауданының шаруаларымен кездесіп, алқалы мәжіліс өткізді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мемлекеттік қолдау аясында қаржылардың басым бөлігі мақта шаруашылығын дамытуға бағытталғанын айта келе, бағдарламалар бойынша атқарылған жұмыс есебін ұсынды.
Мақта зауыттарының өкілдері мен шаруалар күрмеулі мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мақта қабылдау бекеттерінің жұмысын жүйелеу, мақтаны сұрыптай отырып бағалау, су үнемдеу технологиясын ендіруге қатысты сұрақтарға жауап бере отырып Нұрбол Тұрашбеков:
– Мақтаның бағасы түспеу үшін өздеріңізбен бірге оның сапасын арттыруға күш салуымыз керек. Ұсыныстарыңыз орынды, егілетін мақта тұқымына көңіл бөлу керек. Бұл бағыттағы әкімдік тарапынан қолға алынған бастамалар ең алдымен шаруашылықтардың мүддесін көздейтінін атап өткім келеді, – деді ол.
Қазіргі таңда әкімдік тарапынан мақта өңдеуші зауыт басшыларының және қоғамдық ұйымдардың келісімдерімен, сондай-ақ қоғамдық ұйым белсенділерін қатыстыра отырып арнайы мобильді жұмыс тобы құрылды. Мобильді топ арқылы қыркүйек айында бақылау жүргізіліп, мақта өңдеу зауыттарының мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханалар мен таразылар толық сертификаттаудан өткізілді.
Мұнан өзге облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай ауданына жасаған іссапары барысында «Киікбай Строй Сервис» ЖШС тарапынан жүргізіліп жатқан тік дренажды ұңғымалардың құрылысымен танысты.
Негізгі табысы мен күн көріс көзі агросектормен тікелей байланысты ауданда соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі мен сапасы төмендеген. Бұл аудан аумағында орналасқан 380 дана тік дренажды ұңғымаларының 210 данасының істен шығып, жерасты суы деңгейінің көтерілуімен тікелей байланысты.
Аудандағы жалпы аумағы 16 010 гектар аумақта орналасқан 97 дана дренажды, нақтырағы, Мақталы ауылдық округіндегі 7932 гектар алқапты қамтитын 47 дана, Қызылқұм ауылдық округіндегі 5766 гектар алқапты қамтитын 41 дана және Абай ауылдық округінің 2312 гектар алқабын қамтитын 9 дана дренаждың құрылысын жүргізуі тиіс «Киікбай Строй Сервис» ЖШС мекемесі бүгінде 46 дана жаңа тік дренажды ұңғымаларды бұрғылаған.
Ал суармалы жердің 35 921 гектарының 19 911 гектарына 113 дана дренаж орнатуды жоспарлап отырған «Арт-Құрылыс» ЖШС мекемесі Ынтымақ, Ш.Ділдәбеков және Ж.Ералиев ауылдық округтерінен 95 дана ұңғыманы бұрғылаған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы сала мамандарымен жүздесу барысында мемлекеттік қаржы есебінен жүзеге асып жатқан жобалардың сапасы мен өндірістік кестеге сай жүргізілуін тапсырды.
Өткен жылдың қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригектарция министрлігі «ҚазСушар» РМК тапсырысымен «Ислам Даму Банкі» қаржысы есебінен басталған 210 тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылы толығымен аяқталып, ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Бүгінде 210 тік дренажды ұңғыманың 141-і қалпына келтірілген екен.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.