Түркістан облысы, Төлеби ауданына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сырым Ертаев жұмыс сапарымен келді.
Онымен бірге Төлеби ауданы, Көксәйек ауылдық округі әкімдігіне үміткер Жексенбек Сарсәулетов та Көксәйектегі «Жомарт» шаруа қожалығына барып, жағдайымен танысты.
Көксәйек ауылдық округі, Қазақстан елді мекеніндегі «Жомарт» шаруа қожалығы 2002 жылы құрылған. Қожалық мал өсірумен және бордақылаумен айналысады. Бүгінгі таңда мұнда 50 жылқы, 100 ірі қара, 2000 қой бар. Шаруа қожалығының иесі Нұрбол Аманжоловтың айтуынша, жылына 120-130 тонна ет өндіреді. Негізінен қой еті сауда орындарына шағарылады. Мұнда 6 адам тұрақты жұмыс істейді. Маусымдық жұмыс кезінде қосымша 25 адам жұмыспен қамтылады. Алдағы уақытта қожалық төрт түлік санын арттырып, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды көздеп отыр.
Кәсіпкер Н.Аманжолов қожалықтың бүгінгі жай-күйі, атқарылған жұмыстар жайында қысқаша әңгімелеп, шаруаларды толғандырып отырған мәселелерін хабарлады. Кездесуге келген ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығына қатысты сұрақтарын қойып, халық қалаулысы мен әкімдікке үміткер азаматтың пікірлерін тыңдады.
Депутат Сырым Ертаев ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар және оның тиімділігі, шаруаларға берілетін көмектер жөнінде әңгімеледі. 7 шілдеден бері Түркістан облысының барлық дерлік аудан-қалаларын, елді мекендерін аралап жүрген ол республикалық деңгейде шешілетін мәселелер бойынша депутаттық сауал, хат дайындалып, нақты жұмыс жүретінін айтты.
Көксәйек ауылдық округі әкімдігіне үміткер Жексенбек Сарсәулетов Көксәйектегі өзекті мәселелерді шешуге бастамашыл болғысы келетінін жеткізді. Ол сайлауалды бағдарламасында 2023 жылы Көксәйек ауылында спорт алаңшасын салуға, ауылдың ішкі көшелерін орташа жөндеуден өткізуге ықпал ететінін мәлімдеді. Сонымен бірге тұрғындарды алаңдатқан инфрақұрылым мәселесін де тілге тиек етті. Атап айтсақ, кандидат жеңіске жетсе, 2022 жылы Көксәйек елді мекенінің бас жоспарына сәйкес тұрғын үй құрылысына бөлінген жер теліміне 4,2 шақырымдық электр желісін, 2 трансформатор, 2,8 шақырымдық жол, 2,8 шақырым байланыс кабелі, 11,5 шақырымдық ауыз су желілерін орнатуды жоспарлап отыр.
Ел азаматтарымен кездескен жергілікті тұрғындар ауылдың еңсесін көтеру жолындағы жұмыстар жандана түссе деген тілектерін жеткізді.
«ANYQ.KZ» — ақпарат