Түркістан – Түркі елдерінің 2024 жылғы туристік астанасы: Түркістан қаласында бой көтеретін сәулеттік жобалар таныстырылды

Түркістанда бүгінде көптеген ғимараттар бой көтеріп, қала көркін аша түсті. Осыған сәйкес құрылыс бастауға ниетті инвесторлар саны артып келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткізілген мәжілісте сәулеттік жобалар таныстырылды.

Өңір басшысы жаңа жобалардың барлығын өзінің бақылауында ұстайтынын жеткізді. Сонымен қатар әр ғимарат сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана салынуы тиіс деді. Тозығы жеткен ғимараттарды қайта қалпына келтіру кезінде, сонымен қатар алдағы уақытта салынатын нысандардың қасбеттері мен қоршауларына және бояу түсіне баса мән беруді, бірізді етуді тапсырды.

Жиын барысында бірқатар жаңа жобалар ұсынылды. Оның қатарында Әкімшілік-іскерлік аумағынан медициналық орталық, Әлқожа ата көшесінен нысандар салу туралы ұсыныс беріліп, ғимараттардың үлгілері көрсетілді. Сонымен қатар айналма тас жолы бойы жаяу жүргінші көпірі айналасын абаттандыру, жол қиылыстарын абаттандыру, Мәдени-рухани орталығына білім беру орталығы, Арбат ойын-сауық орталығы, ыстық су, Сауран қалашығын ашық аспан астындағы мұражай ретінде дамыту жобасы, Тұттыбұлақ, Ақмешіт үңгірін дамытудың жобасы, Екпінді, жол бойына орналасатын сервистік қызмет көрсету жобалары, Сарыағаш ауданы, Жібек жолы елді мекеніне орналасатын жобалар, Арыстанбаб кесенесі және Отырар қалашығы маңын дамыту жобасы талқыланды.

Иә, шынында да Түркістан өңірінде құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Әсіресе, облыс орталығында жұмыс қарқынды. Халық санының өсуіне байланысты және туристік орталыққа айналдыру бағытында тағы да маңызды жобалар жүзеге асады. Аталған жобалар 7 қараша күні де облыс әкімдігінде өткен кезекті мәжілісте талқыланған-ды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қаланы Бас жоспарға сай дамытып, бірыңғай сәулет үлгісін қолдану керектігін жеткізді. Көгалдандыру, ағаштарды көбейту және бос жатқан жерді тиімді әрі сапалы игеруді тапсырды.

– Түркістанның өзіндік дизайны, сәулет үлгісі болуы керек екенін білесіздер. Әр жобаны жіті зерделеп, сәулетшілердің талқысынан кейін ғана жүзеге асыру керек. Әлеуметтік нысандар, демалыс орындары, саябақтар және өзге де ғимараттар бір-бірімен үйлесіп тұрғаны жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңірдің сәулеті талқыланған жиналыста 17 жоба қаралды. Қалалық мәдениет үйінің қасбеті, қалаға кіреберіс тұстағы тұрғын үйлер, абаттандыру жобалары да сараланды. Сонымен бірге ескек есу каналының маңын ірі туристік орталыққа айналдыру, аквапарк, қонақ үйлер салу мәселесі талқыға түсті. ІТ парк салу, қосымша білім беру орталықтары ғимараттарын салу туралы да ұсыныстар қаралды. Жобаларды жүзеге асыруға жеке инвестициялар да тартылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin