Түркістан – Түркі елдерінің 2024 жылғы туристік астанасы: «Алматы–Түркістан–Ташкент» туристік пойызы іске қосылды

Елімізде «Жібек жолы» туристік теміржол бағыты іске қосылды. Пойыз «Алматы–Түркістан–Ташкент–Алматы» бағыты бойынша жүреді. 16–20 қараша күндері өтетін алғашқы сапарға 115 жолаушы аттанды. Енді туристік пойыз ай сайын қатынайтын болады.

Жолаушыларға жатын орын, үш мезгіл тамақ, қала ішіндегі саяхат ұсынылады. Туристерге ыңғайлы болу үшін барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің қатысуымен жүргізіледі. Саяхат туристік автобустармен де қамтамасыз етіледі. Туристер Түркістан шаһарын — бір күн, Ташкентті екі күн аралайды.

Саяхат барысында туристер Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, «Керуен Сарай» кешені мен Отырар ауданындағы Арыстан Баб кесенесіне зиярат жасайды. Сондай-ақ, Ташкент қаласындағы Хазрет Имам кешенін, Төле би кесенесін, Әмір Темір және Тәуелсіздік алаңдарын аралайды. Одан бөлек, Ташкент қаласындағы жаңа «Samarkand Darvoza» сауда орталығына бару жоспарланған.

Сапар барысында пойызда түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін арналған «vputi.kz» мультимедиялық жүйесі қолжетімді болады.

Сондай-ақ, жолаушыларға турдың бағдарламасы мен қалалардың карталары бейнеленген буклеттер ұсынылады. Әрбір жолаушыға естелік ретінде «Түркістан жаңғыру» атты туристік кітап сыйға беріледі.

Туризм демекші, түнеугүні «World travel market London 2024» халықаралық көрмесінде Түркістан өңірінің туристік әлеуеті таныстырылған болатын. «WTM London 2024» – әлемнің түкпір-түкпірінен келген туризм саласының өкілдерін жинайтын ең ірі халықаралық туристік көрме. Биыл көрмеге Қазақстан Республикасының атынан Түркістан облысы да белсенді қатысты. Аталған көрмеде Түркістан облысының Туризм басқармасы, Түркістан қаласының әкімдігі мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС аймақтың бірегей туристік әлеуетін ұсынды.

Бұл көрме – Түркістанның мәдени және тарихи мұрасын насихаттап, туризм саласына халықаралық инвестициялар тарту үшін маңызды алаң. Түркістан облысы мен қаласының өкілдері әлемнің жетекші туроператорларымен байланыс орнатуға, ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасу бағыттарын талқылауға мүмкіндік алуда.

Қазақстанның тарихи орталығы саналатын Түркістан ежелгі сәулет ескерткіштері мен бірегей мәдениетті қамтитын әртүрлі туристік бағыттарды ұсынады. Лондондағы көрме арқылы аймақтың шынайы сұлулығы мен байлығын көрсетіп, Түркістанның халықаралық туристік аренадағы орнын нығайтуға мүмкіндік туады.

«WTM London 2024» көрмесіне қатысу арқылы Түркістан облысы мен қаласының туризм индустриясын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады деп күтіліп отыр. Халықаралық көрме аясында Түркістан облысының павильонына Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ильясов келді.

Елші аймақтың осындай беделді көрмеге қатысуының маңызын атап өтіп, бұл Түркістанның туристік әлеуетін ілгерілету үшін тамаша мүмкіндік екенін айтты.

Мағжан Ильясов сондай-ақ туризм саласында халықаралық серіктестермен жаңа әрі нәтижелі қарым-қатынастар орнату, туристік инфрақұрылымды дамыту және аймаққа инвестициялар тарту үшін осындай көрмелерде тәжірибе алмасудың маңызды екенін атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin