Түркістан – Түркі мемлекеттерінің 2024 жылғы туристік астанасы: Вьетнамда Түркістан халықаралық әуежайының әлеуетін көтеру бойынша келіссөз жүргізілді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бастаған делегация Вьетнамға іссапармен барды. «VinGroup» компаниясының төрағасы Фам Ньят Выонгпен кездесіп, туристік, экономикалық байланыстар бойынша талқылау өткізді.

Делегация Түркістанға халықаралық туристер ағынын тарту, Түркістан әуежайының әлеуетін арттырып, Түркістан-Вьетнам әуе рейсінің ашылуына, ішкі және сыртқы туризмді дамыта отырып, өңір экономикасын көтеруді мақсат етіп отыр.

Іссапар барысында облыс әкімдігінің делегациясы «SOVICO Group» Басқарма Төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары, «Petrovietnam» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгпен энергетика және мұнай-газ химиясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

1990 жылдары негізі қаланған «SOVICO Group» – Вьетнамдағы энергетика, құрылыс, банк және қаржы салаларына, сондай-ақ авиация саласына маманданған ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 миллиард долларды құраған. Аталған компания Вьетнамда және одан өзге аймақтарда әуе тасымалын жүргізетін танымал «VietJetAir» әуе компаниясының негізін қалаушы акционері саналады. 100 «Airbus» ұшағынан тұратын заманауи паркі бар «Vietjet» жыл сайын 180 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді, ішкі және халықаралық бағыттар бойынша күнделікті 500-ден астам рейс жасайды.

«Интеграция мен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету аясында біз вьетнамдық компаниялардың біздің өңірге келуін жоспарлап отырмыз. Біздің тарапымыздан вьетнамдық компаниялардың бастамалары жан-жақты қолдау табатынын айтқым келеді. Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы. Әуежайдың географиялық орналасуы тартымды және басқа елдерге ұшуға ыңғайлы. Өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Аймақ туризмінің дамуы жолаушылар ағынына тікелей әсер етеді. Ішкі және сыртқы туризмнің ұлғаюы, сондай-ақ жалпы өңір экономикасының дамуы күтілуде», — деді Зұлпыхар Жолдасов.

Сапар барысында Түркістан өңірінен барған делегация Вьетнамдағы бірнеше қонақүйді басқаратын ірі вьетнамдық холдинг «Crystal Bay Group» (CBG) басшылығымен де келіссөз жүргізді.

Атап өтейік, Түркістан облысында туризмді дамыту өңір экономикасының басым бағыты болып отыр. Мәселен, соңғы 3 жылда облыс туризміне 600 миллион АҚШ доллары тартылған және жыл сайын шетелден туристер ағыны ұлғайғаны байқалады.

«Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайы 4 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби, Самарқан) және 6 республикаішілік (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуе бағыттарына қызмет көрсетуде. Рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» әуекомпаниялары орындайды. Әуежай аптасына 32 рейсті қабылдайды.

Әуежайға халықаралық авиациялық ұйымдардың ICAO және IATA (ICAO — UAIT, IATA — HSA) кодтары берілді. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына – 450, жылына 3 миллион жолаушыны құрайды. 2023 жылы жолаушылар ағыны 359,5 мың жолаушыны құрады (халықаралық – 65,1 мың жолаушы, ішкі – 294,4 мыңнан асты).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin