Түркістан музыкалық драма театры «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясына ие болды

Түркістан музыкалық драма театрының «Келіндер көтерілісі» қойылымы өңірлік театрлар арасында үздіктер қатарынан табылып, «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясына ие болды. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімінде арнайы сый табысталды.

Қазақстанның мәдениет, өнер және спорт саласындағы «Kazakhstan Ticketon Awards 2024» жетінші және ең әйгілі сыйлығы – «Ticketon Awardsқа» дауыс беру арқылы анықталып отыр. Жалпы, дауыс беру бір айға жалғасқан. Оған кез келген қазақстандық қатысқан. Түрлі номинация бойынша барлығы 154 620 дауыс берілген. Ең қызығы, соңғы күні 5890 дауыс беру тіркелген. Осылайша спорт пен өнер саласындағы ең сүйікті, талантты және елеулі өкілдерін таңдады.

«Келіндер көтерілісі» спектаклі көрнекті өзбек жазушы-драматургі Саид Ахмадтың ең танымал және табысты шығармаларының бірі болып саналады. Пьеса қырық жыл бұрын жазылғанымен, әлі күнге дейін өзектілігі мен мағынасын жоғалтқан емес. Былтыр ғана Түркістанда жаңа форматта тұсауы кесілген қойылымды көрермен асыға күтеді.

Өзбекстан Республикасының көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын жазылған. Алғаш рет Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасында 1978 жылы 15 сәуірде көрсетілген болатын. Көне шығарма болса да, әлі күнге дейін көрермен қауымды күлкіге бөлейтін қойылым бұл күнде еліміздің бірнеше қалаларының театрында көрсетіледі.

«Келіндер көтерілісі» — сахна төрінен түспей келе жатқан комедиялық жанрда жазылған шығармалардың бірі. Бұл пьеса желісімен әлемнің он төрт елінде талай спектакльдер қойылып, бірқатар көркемфильм түсірілген.

Жеті ұл өсіріп, қырық бір немере тәрбиелеп, алты келін жұмсап отырған Фармон бибі — қабағы қатыңқы, мінезі тік әрі қатал жан.Ата салтты мықты ұстайтын оған ешкім қарсы тұрып, оның сөзін ешкім аяқ асты қалдыра алмайды. Әулеттегі барлық әрекеттер Фармон бибінің тікелей бақылауымен ғана жасалады.

Күндердің күнінде Фармон бибі кенже ұлын үйлендіріп, келін түсіреді. Жаңа түскен келінмен бірге, үйге басқа әрекеттер аяқ басады. Ата-анасы бетінен қақпай, төбесінен құс ұшыртпай өсірген ерке келін Нигора бұрыннан келе жатқан әулет заңдарына бағынбайды. Босаға табалдырығын аттаған күннің ертесінде-ақ, ол ритмикалық гимнастика жасап, үй ішіндегі тәртіпке қарсы шығып, наразылық білдіреді. Жас келіннің бұл әрекеті Фармон бибінің тынышын қашырса, қайынағалары мен абысындары «Жолдастар, біз қалай және қайда өмір сүріп жүрміз?!» деген сұраққа жауап іздей бастайды. Енесінің жоқтығын пайдалана отырып, кіші келін абысындары мен қайынағаларының қатысуымен «Генерал ене» атты шағын қойылым дайындайды. Ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстайтын бас кейіпкерден өз бейнесін таныған Фармон бибі өз қателігін мойындап, ұлдарының еншісін алып, бөлек шығуына рұқсатын береді. Ал «Келіндер көтерілісін» ұйымдастырған ерке келін Нигора ата дәстүрді аяқ асты қылмай, енесімен бірге, қара шаңыраққа ие болып қалады.

Мұңды комедия ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелерді көрсетеді. Адам баласының еркіндігі, еркі, іс-әрекеті, таңдау құқығы сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Қойылымда ата дәстүрін берік ұстайтын өзбек халқының ұлттық биі мен музыкасы қолданылады. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге бөлей отырып, терең ойға батырады.

Айта кетейік, аталған театр ұжымы үшінші рет үздіктер қатарында келеді. 2022 жылы «Бөрте» спектаклі «Жыл премьерасы» номиницасын алса, былтыр «Махаббат мұнарасы» «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясын иеленген болатын.

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан музыкалық драма театрында ақын-драматург Оңайгүл Тұржанның «Қаламқас» пьесасы сахналанды. Премьераны тамашалауға автордан бөлек, Батыс өңірінен арнайы делегация келіп, бағасын берді. Сонымен қатар жергілікті зиялы қауым өкілдері де қатысты.

Басты кейіпкер –18-ші ғасырда өмір сүрген қазақтың батыр қызы Қаламқас Еселбайқызы. Премьера соңында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан қойылым туралы кеңінен баяндап, келген көрермен алғысын білдірді. Сондай-ақ қазіргі таңда қызу талқыға түскен киік аулау мәселесі де қамтылғанын атап өтті.

Спектакльдің қоюшы-режиссері, белгілі хореграф, өнертанушы Константин Семеновтың бұл Түркістандағы екінші қойылымы екен. Бұған дейін ол сахналаған Ермек Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымы елімізде ғана емес, шетелдерге танылып үлгерді. Режиссердің айтуынша, жас театр ұжымымен жұмыс істеу мол тәжірибе сыйлайды. Бұл жолы драма, поэтика, музыка, анимация, пластика бір-бірімен үйлесім тауып, заманауи техниканың барлық мүмкіндігі пайдаланылылды дейді. Бұл – «Қаламқас» спектакліндегі ең басты ерекшелік.

Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының актерлері мен балет әртістері ойнады. Олардың қатарында Аида Серикова мен Айя Дәрібаева, Шерхан Саматұлы, Сакаи Мао, Мерей Құдайберген, Аида Жақсылықова, Гүлжанат Қаламғазина, Рүстем Шайхов, Асхат Тарих, Бекарыс Қарағұлов, Атабек Садырқұлов, Аслан Алиев бар. Сонымен қатар қойылымда балет труппасының үлесі зор.

Спектакльдегі Қаламқас жаугершілік жылдары ер азаматтардың орнын жоқтатпай, жұртына жау тигенде ауылдағы қыздарды өзі бастап, шайқасып, батырлығымен көзге түседі. Аштықта ауыл-аймақты киік аулап асырап аман алып қалады. Кезекті бір киік қуған аласапыран кезде қапыда Қаламқастың өзі де құздан ұшып мерт болады. Батыр қыз ғұмыр кешкен сол далада қызыл көйлекті қыз елесі аңшылардың алдын кес-кестеп, киіктерді қорғаштап жүреді деген аңыз бар. Бәлкім, бұл Қаламқастың рухы шығар?! Қойылым осы оқиғаға негізделген. Қазақ секілді сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, көшіп-қонып жүретін киіктерге садақ кезену Қаламқасқа оңай тимейді. Қойылымдағы «Киіктер биі» арқылы дала жануары адамзатқа тіл қатқандай әсерге бөленесіз.

Айта кетейік, «Қаламқас» пластикалық драмалық спектаклін қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Идея авторы – Түркістан музыкалық драма театрының негізін қалаушы Айнұр Көпбасарова. Көркемдік жетекші – Шынар Омарова. Композиторы – жас композитор Хамит Шанғалиев. Премьера жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin