Бүгін Түркістан облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері қатысты. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды.
Алдымен жол саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы мен осы саладағы жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Нұрлан Құдайбергенов пен Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың баяндамалары тыңдалды.
Сыртқы талдау қорытындылары бойынша жоба құнын негізсіз арттыру тәуекелдері, тиімсіз жоспарлау, өнім берушілерді анықтау кезіндегі тәуекелдер, қосымша шарт жасасу арқылы сомаларды ұлғайту, сапасыз жұмыстарды қабылдау тәуекелдері анықталғанын, оларды жою бойынша тиісті ұсынымдар енгізілгені баяндалды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – білім беру ұйымдарындағы есеп-қисаптағы сыбайластықты жою бойынша бірыңғай цифрлық есептеу жүйесін автоматтандырудың пилоттық жобасы аясында іске асырылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Сонымен қатар, отырыста Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық қылмыстары үшін бірінші басшылардың жауапкершілігі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы мәлімделді.
Комиссия төрағасы Дархан Амангелдіұлы отырыста қаралған мәселелер бойынша барлық кемшіліктерді жоюды тапсырды.
– Бүгін қаралған мәселелер бойынша барлық кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Сыртқы талдаумен берілген ұсыныстар сапалы орындалсын, жол саласындағы техникалық қадағалау күшейтілсін. Білім беру мекемелеріндегі есепшілерінің біліктілігін арттырып, мемлекеттік сатып алу саласындағы қаржылық шығындарды мұқият зерттеу жүргізу қажет. Мемлекет бюджетінің әрбір тиыны тиімді және ел игілігі үшін жұмсалуы тиіс. Заңсыздыққа жол берілмейді, қаржылық бұзушылықтардың алдын алуды тапсырамын. Басқарма басшылары, аудандар мен қалалардың әкімдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандырып, бақылауды күшейтіп, осы бағыттағы тиісті жұмысты жалғастырамыз – деп қорытындылады облыс әкімі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев әрбір саладағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты басшыларға, аудан әкімдеріне облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен комиссия мүшелерінің тарапынан ұсыныстар, ескертулер айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.
Еске салайық, таяуда Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Түркістан облысының сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген салалардағы жемқорлық мәселелерін шешу жолдары» республикалық жобалар байқауы қорытындыланды. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Мұрат Төлеубаев, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысты.
Байқаудың мақсаты – «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету, парасаттылық идеологиясын дамыту, азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қызметке тарту, осы саладағы перспективалы жобаларды іздеу және азаматтық бастамаларды қолдау.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы перспективалы жобаларды іздеу мақсатында жарияланған конкурсқа республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардан 90-нан астам өтініш келіп түскен. Солардың ішінде іріктелген 10 жұмыстың иегері өз жобаларын қорғады. Қоғам өкілдерінен құрылған комиссия үздік деп танылған конкурстық жұмыстарды анықтады. Жеңімпаз деп танылған 4 жоба қорғаушылардың әрқайсысы 725 мың теңге көлемінде қаржыландыруға ие болды. Атап айтсақ, түркістандық Умида Нұрмаханованың «QR код енгізу» жобасы, алматылық Алихан Абдикеровтың «Dauys» жобасы, шымкенттік Сергей Ефремовтың «Балық шаруашылығы» жобасы, астаналық Салтанат Қуаныштың «Sanaly Ai» жобасы жеңімпаз атанды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.