Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасы еліміз бойынша екінші жыл қатарынан үздік атанды

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Kitap Time» жалпы республикалық кітап фестивалі аясында ісшараларды жоғары деңгейде өткізгені үшін екінші жыл қатарынан үздік деп танылды.

ҚР Ұлттық кітапханасының қолдауымен жыл сайынғы «Қазақстандық кітапханалық одақ» заңды тұлғалар бірлестігінің Түркістан қаласындағы кезекті көшпелі жұмыс отырысының ашылуында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева кітапхана директоры Жанат Шардарбековаға арнайы табыстады. Былтыр Ақтау қаласында өткен республикалық жиында да үздік атанған болатын.

Айта кетейік, аталған кітапхана ұжымы тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде бірнеше жыл қатарынан елімізде көш бастап келеді. Кітапхана басшысы «Жыл кітапханашысы-2022», облыстық «Жыл үздігі-2022» номинациясында «Жылдың үздік мәдениет және өнер мекемесі» атанған болатын. Былтыр «Рухани қазына-2023» фестивалінің нәтижесінде Түркістан облысы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» болып танылды.

Жалпы, Түркістандағы облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы тәлім-тәрбиелік мәні бар алуан-алуан іс-шараларға мұрындық болып жүр. Мәселен, қараша айының соңында «Түркістанға тарту» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптардың тұсаукесері өтіп, кітаптарды сыйға тарту рәсімі ұйымдастырылды.

Аталған шара «TAS Group» компаниясы және «Dauletten» қайырымдылық қорының қолдауымен, Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау және қазақ тілінің дамуына үлес қосу мақсатында болып өтті.

Тұсаукесерге «Мазмұндама» баспасының директоры Теңіз Сейілхан, «Dauletten» қорының президенті Жасұлан Бостандықұлы, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында көрермендерге «Ахмет Яссауи кім?», «Мұхамеджан Тынышбайұлы кім?», «Бірлік бар жерде», «Ақша ағашта өспейді», «Жақсы оқысаң мақсатыңа жетесің», «Әкем жұмыссыз қалды» кітаптары таныстырылды. Сонымен қатар Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне және мектептерге 800 дана кітап сыйға тартылды.

Атап өту керек, Түркістан қаласындағы «Farab» жаңа кітапханасы көпфункционалды білім кешені болып жасақталған. Елімізде теңдесі жоқ жаңа білім алу мекені заманауи технологиялармен жабдықталған жастар орталығына да айналып үлгерді. Бұл орталық білім алып қана қоймай, шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекеніне айналып келе жатқаны сөзсіз. Ол үшін өңір басшылығы тарапынан да барлық жағдай жасалып жатыр.

Үш қабатты шығармашылық шаңырақ әртүрлі аймақтарға бөлінген. Оқу залдары мен кітап сөрелері іріктеліп, орнатылған. Ең жоғарғы әрі жарық қабатында үлкен кітапхана жайғасқан. Онда Қазақ елінің атақты қайраткерлері мен қаламгерлері мен әлемнің үздік ақын-жазушыларының әр жылдары жазылған туындылары, естеліктері мен күнделіктері жиналуда.

Екінші қабатта алуан түрлі студиялар, шеберханалар мен қолөнер дүкендері орын алды. Бұл жерде кез келген оқырман үшін кітаптан шабыттанған дүниелерді өз қолымен жасап шығаруға мүмкіндік бар. Бірінші қабатта Fab-lab орналасқан. Мұнда кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Жаңа туындылардың тұсауын кесуге барлық жағдай жасалған. Төменгі қабатта ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монускриптілер сақтаулы. Сонымен қатар, мұндағы үлкен зерттеу орталығы құнды дүниелерді сақтап қалу үшін оларды қайта қалпына келтіріп, цифрландырады.

Ұйымдастырушылардың ойынша, Әл-Фарабидің музыка туралы трактатын оқығаннан кейін адам өз туындысын немесе тіпті музыкалық шығармасын жасауға шабыт алуы мүмкін. Сонда Fab-lab-тағы заманауи технологияларды қолдана отырып, өнер туындысын жарыққа шығарып, тіпті жаңа музыкалық аспапты ойлап таба алады. Ол үшін осында дыбыс жазу студиясы орналасқан. Орталықта би ұжымымен бірге өз қойылымын ойлап тауып, оны осында орналасқан кино-концерт залында көрсетуге немесе атриумда таныстыруға болады. Осылайша, жаңа кітапхана шығармашылық арманның жүзеге асуына толық мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, кітапхана ғимаратында жаңа туындылардың тұсауын кесуге арналған жаңа үлгідегі шығаршалық залы, кәдесыйлар дүкені және кездесулерге арналған жайлы кофехана бар. Мұнда басқосу студиясы — коворкинг, компьютерлік сынып, фото және бейнетүсірілімге арналған мультимедиа залы бар. Бұл, әсіресе, блогерлер, фотографтар мен дизайнерлер үшін пайдалы орын екені анық. Кітапханада 3D модельдерін жасауға арналған проекциялық бөлме, каллиграфия және өнер студиясы, қыш құмыра жасауға арналған шеберхана бар. Балалар залында оқудан басқа робототехника бойынша сабақтар өтеді. Ескі кітаптардың, қолжазбалар мен құжаттардың мұрағаты ұсынылады.

«Ғылыми-зерттеу тұрғысынан кітапхананың мақсаты — барлық құжаттарды, куәліктерді және басқа да маңызды материалдарды бір жерге жинау. Осыған дейін мұның бәрі әр жерде сақталып келген. Мысалы, 1872 жылы Түркістан үлкен туралы альбом шетел асып кеткен. Онда жергілікті шейхтер мен билеушілерден көптеген заңды құжаттар жинағы болатын. Қазір мұның бәрі Санкт-Петербургтегі Шығыстану мұражайында сақтаулы. Құжаттардың үлкен көлемі Ташкентке археология орталығына жеткізілген. Олардың көпшілігі жеке тұлғалардың қолында, олардың бірі зерттеуші Шаховцов болып саналады. Осылайша көптеген зерттелмей қалған дүниелер жетеді. Жаңа кітапхананың міндеті — бұл құжаттарды бір жерге жинап, оқырмандар мен ғалымдарға қолжетімді ету. Ол үшін барлық ақпарат сандық форматқа ауыстырылады», — дейді кітапхана жобасын тұжырымдамалық әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Айко Токен.

Екінші тарихи міндет — ескі құжаттар мұрағатын жинап, сақтау. Ол үшін ерекше жағдайлар мен сыртқы факторларды бақылау қажет. Мұндай құжаттарды тотығуға қарсы жабдығы бар арнайы цех қалпына келтіреді. Айта кетейік, бұл — Орталық Азиядағы жалғыз цех. Үшінші маңызды бағыт — жасанды зердені пайдалана отырып, тарихи кітаптар мен материалдардың үлкен дерекқорын қалыптастыру. Fab-lab — бұл үлкен өндіріс зертханасы. Бес машинаның қарапайым жиынтығын қолдана отырып, кез келген адам ойындағы дүниенені, сәндік заттардан компьютерге дейін жасауға толық мүмкіндіктер бар.

Қазіргі таңда облыстық кітапханалар бойынша кітап қоры — 6022627, оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітап — 3505495 дана. Кітапхана директоры Жанат Шардарбекованың айтуынша, 2024 жылдың алты айлық есебі бойынша оқырман саны 254152-ге жеткен. 2021 жылы шілденің 19-да ашылған кітапхананың бүгінгі таңда едәуір жетістікке жеткендігін тәлімдік-тағылымдық мәні бар, түрлі бағытта өткізілген іс-шаралардан, кітапхана ұжымының республикалық, облыстық сайыстарда қанжығасына байлаған жүлделерден байқауға болады. Атап айтқанда, 2022 жылы Түркістанда өткен «Рухани қазына-2022» фестивалінде Әзілхан Нұршайықовтың 100-жылдығына орай тағайындалған арнайы номинацияны иеленіп, жүлде қоры 500 000 теңгелік сыйлықты жеңіп алды. Түркістан облысының мәдениет мекемелері арасында өткен сайыста «Жыл үздігі-2022» мәртебесіне ие болды. 2023 жылы Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен республикалық кітапханалар арасында кәсіби бағытта өткізілген «Kitap-time» байқауында Түркістан облысына қарасты 398 кітапхана қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін бас жүлдемен марапатталды. 2023 жылы өткізілген «Рухани қазына-2023» байқауында да «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» номинациясы бойынша әріптестерінен қара үзіп шығып биіктен көрінді. Кітапхана басшысы Ж.Шардарбекованың кеудесінде жарқыраған «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі де осында уақытпен санаспай атқарылған ерен еңбекке берілген жоғары баға болса керек.

Мұнда шынында да ізденіс көп. Кітапханаға оқырман тарту мақсатында «Фараб» кітапханасының ұйымдастыруымен қалалық, аудандық кітапханалар жанынан, Ашық әкімдіктерден, мешіттерден, сауда орындарынан, оңалту және жастар орталықтарынан, ардагерлер үйінен, жалпы халық көп шоғырланатын орындардан отыз кітапхана ашылып, оқырмандармен тығыз байланыс орнатылуда. Өткен жылдың жарты жылдық көрсеткішімен салыстырғанда, биыл оқырман саны 8,5 пайызға артып, 9888-ге жетті. Жалпы, кітап қоры — 220726, оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітап — 85790 дана. Оқырман тарту мақсатында «12 айда – 12 кітап», «Бір ел – бір кітап» акциясы, мектеп оқушылары арасында «Ақ әжемнің ертегілері», «Мульти-Арт», «Қуыршақ театры», «Оқырман іздеймін» , көзі әлсіз көретін жандарға арналған «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты арнайы жобалар жүзеге асырылып, оң нәтижелерін беріп жүр. Сондай-ақ, облыстық кітапханалар арасында «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте», «Қазыналы керуен», жобалары мен «Әлемді кітап арқылы танимын», т.б. акциялар өткізіліп келеді.

Қорыта айтқанда, Түркістанның облыс орталығы болуына орай елімізде теңдесі жоқ жаңа заманауи білім алу орталығы ретінде ашылған «Farab» кітапханасы өз қызметін 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап, бүгінгі таңда оқырманның өз үйінен, өз жұмыс орнынан, өзінің білім алу ошағынан кейінгі үшінші орынға айнала отырып, оқырман өз уақытын емін-еркін аймақта өткізіп, білімін толықтырып және көпетеген ізденімпаз жаңа достар таба алатын орынға айналып та үлгерді. Жалпы аумағы 8462 шаршы метрді құрайтын 4 қабатты ғимарат. Кітапханада: 24/7 кітап қабылдау пункті – кітапхана жұмыс уақытынан тыс кітап өткізу пункті (сыртта орналасқан); Кітапхана фойесінде – тіркеу орны және коворкинг аймақ; Өзіне-өзі қызмет көрсету пункті – оқырман билеті арқылы кітап алу (беру, уақытын создыру); Кітап стерилизатор – кітапты шаң-тозаң, бактериядан тазарту құрылғысы; Петроглифтер мен бейнелер – 5 бағанада топтастырылған жазудың даму ерекшелігі; Fablab – өндірістік зертханасы; Фараби әлемі – ұлы ғұлама, ойшыл Әл-Фарабидің еңбектеріне арналған бөлме; Атамұра – саз балшықтан құмыра, түрлі бұйымдар жасайтын үйірме; Dybyslab – музыкалық-дыбыс жазу студиясы; Kitap and relax – зағип және көзі нашар көретін, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бөлім; Балалар әлемі – 13 жасқа дейінгі оқырмандарғы арналған бөлім; Ғылыми зерттеу бөлімі – Қожа Ахмет Ясауи және Түркістан жайлы ғылыми еңбектер жинақталған бөлім; Абонемент залы – көркем әдебиет бағытындағы кітаптар қойылған зал; Оқу залы – салалық әдебиеттер жинақталған, 50 оқырманға арналған зал; Мерзімді басылымдар залы – газет-журналдар ұсынылған, 20 орынды зал; Кітапхана үдерістерін автоматтандыру бөлімі – оқырмандарға және кітапханаға электронды қызмет көрсету бөлімі халыққа қызмет көрсетіп келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin