Түркістан облыстық музейінде жоғары оқу орны студенттері мен мектеп оқушыларының қатысуымен «Бір шаңырақ астында…» атты іс-шара өтті

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Бір шаңырақ астында…» атты іс-шара өтті.

Аталған шараға Түркістан облыстық және Шымкент қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары және мүшелері, жоғары оқу орны студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Мерекелік шарада қонақтар сөз сөйлеп, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілері мен жас өнерпаздардың орындауында ән шырқалды. Сонымен қатар түрлі ұлт өкілдерінің орындауында ұлттық билер орындалды.

Айта кетейік, іс-шараның мақсаты – Қазақстан халқы арасындағы достықты нығайта отырып, ынтымақтастыққа, өз Отанын сүюге дәріптеу. Сондай-ақ келген қонақтарға қазақ және елімізде тұрып жатқан өзге де ұлттардың тағамдары мен киімдерін таныстыру арқылы, олардың мәдениетін насихаттау, ұлтаралық бірлікті нығайту.

Сонымен қатар Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі құрметіне Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бірлігі жарасқан ел мығым» атты «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облыстық және қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың төрағалары мен өкілдері, Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері қатысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жиынға қатысушыларды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, қоғамның дамуында ынтымақтың маңызы зор екеніне тоқталды.

– Бейбітшілік пен тұрақтылық және қоғамдық келісім – мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Түркістан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер мүшелері еліміздің су тасқыны орын алған өңірлеріне дүркін-дүркін гуманитарлық көмек жөнелтті. Мемлекет басшысы Түркістан өңіріндегі ел бірлігін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстарды оң бағалады. Ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз, елдігіміздің берік негізі. Отанымыз – Қазақстанды гүлдендіріп, тұрақтылық пен бейбітшілік мекеніне айналдыру үшін баршаңызға бейбіт күн, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін! – деген Бейсенбай Тәжібаев облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып, су басқан өңірлерге гуманитарлық көмекті үйлестіруге еңбек сіңірген «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелерін алғыс хатпен марапаттады. Сонымен бірге көпшілікті «Таза Қазақстан» акциясына тұрақты әрі белсенді қатысуға шақырды.

«Дөңгелек үстелде» Түркістанның талантты оқушылары Отан, бірлік тақырыбында жалынды жырларын оқыды. Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облысы өкілдігінің мүшесі Нодиржон Хасантаев, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облысы өкілдігінің мүшесі Зарина Загидуллина және өзге де азаматтар, белсенді жастар сөз сөйлеп, ұсыныстарын айтты. Өңірде ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ізгілікке жетелейтін іс-шаралар, жобалар жалғасады.

Кездесуден кейін «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облысы бойынша өкілдігінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Түркістандағы «Парасат» саябағы маңында ағаш көшеттерін отырғызып, «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты.

Сонымен бірге Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық» тақырыбында семинар да өтті.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған семинарда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды.

Жиынға Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер Орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали және осы институттың Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Түркістан облыстық департаментінің басқарма бастығы Арман Қожабаев, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Күмісхан Таңатов, Түркістан облысы Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров қатысты.

Сонымен қатар, семинарда аудан, қала прокурорларының орынбасарлары, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаментінің аудандық, қалалық бөлімдерінің бастықтары, аудандық, қалалық Полиция бөлімдері бастықтарының орынбасарлары, аудан, қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ аудандық, қалалық филиалдарының басшылары болды.

Семинарды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов жүргізіп отырды. Ол Түркістан облысында қоғамдық келісімді нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылғанына, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жоспарға сай міндетін орындап жатқанына тоқталды.

Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер Орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту аса маңызды міндет екенін мәлімдеді. Бұл ретте атқарушы органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері біліммен қарулануы тиіс.

Жиында Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова мазмұнды баяндама жасады.

«Бүгінгі семинар өте маңызды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Түркістан облысында көп этнос өкілдері тұрады. Өңірде этносаралық қатынастар саласы бойынша үлкен тәжірибе жинақталған. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы қоғамның татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ете аламыз», – деді ол.

Алқалы басқосуда атап өтілгендей, Түркістан облысында этнос өкілдерінің қатысуымен болған құқық бұзушылық фактілері орын алған жағдайда құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізу алгоритмі түзіліп, бекітілген. Этнос өкілдерінің қатысуымен қандайда бір келеңсіз оқиға орын алған кезде жауапты мемлекеттік және құқық қорғау органдары соның негізінде әрекет етеді.

Семинар барысында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева өңірде этносаралық татулықты нығайту бағытында жұмыстар жүйелі жалғасатынын айтып, өзекті сұрақтарға тұшымды жауап берді.

Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Бірлікке үндеген шара аясында өңірдегі этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар Ассамблея құрылымдарының өкілдері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

2008 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылды. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті. Этносаралық қатынастар субъектілерінің жұмысының елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси бағытпен үндес жаңа жүйесін қалыптастырды.

Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

Заңға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы ол – заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.

Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin