Түркістан облысындағы балабақшалардың жұмысы жаңа қырынан жандана түспек. Дәлірегі, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың сапалы жұмыс жүргізілуі басты назарға алынып, балабақшаларды ретке келтіру мақсатында цифрландыру және ваучерлік жүйе енгізілмекші.
Тарқата айтсақ, ендігі жерде ваучерлік жүйе арқылы ата-ана бәсекеге қабілетті балабақшаны таңдап, қаржысын соған жұмсауға ықпал ете алады. Биыл балабақшаларға ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан 7664 орын қысқартылды.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, Түркістан білім басқармасы тарапынан «Көрсетілетін білім беру қызметін алушылар бойынша дербестендірілген қаржыландыруды ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі пилоттық жобаның кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 1 наурыздағы №53 бұйрығын орындау үшін пилоттық жобаға қатысушыларна яғни ата-аналар мен балабақшаларға консультациялық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, облыста 1424 мектепке дейінгі ұйым қызмет атқарып келеді. Атап айтқанда, мемлекеттік – 265, жекеменшік – 1110, 2 арнайы мектеп-балабақша, мектеп жанындағы шағын орталық – 46, 1 балабақша-бастауыш мектеп бар. Жалпы мектепке дейінгі ұйымдар үлесінің 77,9 пайызын жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар құрайды. Мектепке дейінгі 2-6 жас аралығындағы балалар саны 187 612 болса, оның 183 454-і мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған. Облыста мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған балалар үлесі 97,8 пайызды құрайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.