Түркістан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен тамыз кеңесі аясындағы жекеменшік білім беру ұйымдарының басшыларына арналған секция жұмысы өтті. Секция жұмысын басқарма басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова ашып берді.
Жиынға Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы Жанар Қасымова, Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, Түркістан облысының Полиция департаментінің экстремизмге қарсы басқарма басшысы Қуанышбай Төлегенұлы, Облыстық білім беруді дамыту орталығы және облыстық Дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының басшылары мен аудан/қалалық, қалалық білім бөлімдерінің жалпыға бірдей оқумен қамтуға міндетті жауапты мамандардың, жекеменшік білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.
Аталған кеңестің күн тәртібінде «Білім алушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету және педагогтердің біліктілігін арттыру», «Жекеменшік мектептердегі қауіпсіздік жүйелері мен мектеп формасы» туралы өзекті мәселелер қаралды.
Шара шеңберінде «2024-2025 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері», «Педагогтерді аттестаттауға дейінгі әдістемелік сүйемелдеу» тақырыптарында баяндамалар тыңдалды.
Осылайша жекеменшік мектеп өкілдеріне білім саласына қатысты кәсіби білімдерін шыңдап, әртүрлі жағдайларда салалық заңнамаларды дұрыс қолдануы түсіндірілді. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ашық диалог алаңы орнады.
Осы тұста атап өтер тағы бір мәселе, жергілікті бюджет қаражаты есебінен бакалавриатқа 50 грант бөлінді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ІТ саласына — 35, медицина бойынша 15 орын берілді. Бұл туралы Түркістан қаласында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен конкурстық комиссия отырысында айтылды. Онда комиссия мүшелері гранттарды үміткерлер арасында іріктеп бөлу, грант иегерлерінің тізімін бекіту мәселелері қаралды.
– Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін биыл облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен резидентураға 139 орын бөлінген. Ол үшін 6 университет пен институт таңдалды. Солардың ішінде ХҚТУ-і де бар. Былтыр резидентураға 30 грант бөлініп, мамандар қазіргі таңда білімін жетілдіріп жатыр. Барлық резидентура түлектері Түркістан өңірінде 5 жыл қызмет етіп, білім грантын өтейді, – деді комиссия төрағасы Бейсенбай Дәулетұлы.
Бұл орындарды тек Түркістан облысының мектеп бітірушілері иеленді. Құжат тапсырғандардың арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І және ІІ топтағы немесе бала кезінен мүгедектер, осы санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, толық емес және көпбалалы отбасылардың балалары, ауыл жастары, «Алтын белгі» иегерлеріне гранттар үлестірілді. Бұл студенттерге Түркия еліне барып, білім алуларына мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Бір ғана шарт оқуды тәмамдаған соң университет түлектері 5 жыл Түркістан өңірінде жұмыс істеулері қажет.
Жалпы Түркістан облысында 250 медицина маманына қажеттілік бар. Атап айтқанда акушерия, аллергология және иммунология, анестезиология және реаниматология, ангиохирургия, балалар хирургиясы, гастроэнтерология, гематология, дерматовенерология, жақ сүйек-бет хирургиясы, кардиология, клиникалық фармакология, медициналық генетика, нейрохирургия, неонаталогия, нефрология, онкология, патологиялық анатомия, педиатрия, радиология, ревматология, травматология-ортопедия, физикалық медицина және реабилитация, эндокринология сынды бағыттары бойынша кадрлар жетіспейді. Бұйыртса, алдағы уақытта бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.