Түркістан облысындағы колледждер жұмысшы мамандықтарын даярлауға басымдық береді

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны мәлім. Биылғы Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды тапсырды. Осы бағыттағы жұмысты талқылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Оған Облыстық білім басқармасының жауапты тұлғалары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің директорлары қатысты.

– Біз бүгін атқарылған жұмыстарды пысықтап, мәселелерді ашық ортаға салу үшін жиналдық. Проблемалардың шешу жолдарын бірге қарастырамыз. Сіздердің ұсыныстарыңыз ескерусіз қалмайды. Бұған дейін инфрақұрылымды ретке келтіру һәм қауіпсіздікті күшейту шараларын жүйеледік. Заң бұзушылық әрекеттерге тосқауыл қойдық. Облыс колледжеріне бөлінген 15 500 гранттың игілігін жастар көруі үшін насихатын күшейтіп, оқуға қабылдауды іске асырдық. Ендігі кезекте стратегиялық бағыттан айнымай, жұмысшы маманықтардың мәртебесін арттыруға басымдық беріп, жаңашыл әрі тың бастамалармен жүзеге асыруымыз қажет. Оқу бағдарламасында заманауи технологияларды интеграциялау өзекті. ІТ, робототехника, жасанды интеллект секілді бағыттарды енгізген жөн. Колледж басшылығы өндіріс орындарын серіктестікке тарту керек. Бұл студенттерге өндірістік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп ғана қоймай, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес маман даярлауға ықпал жасайды. Білім беру жүйесінде кәсіпкерлік қабілеттерді шыңдауға көңіл бөліп, стартап мәдениетін қалыптастыру арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларға бейімдей аламыз. Әсіресе, аудан, қала әкімдерінің инвестициялық жобаларына қажетті кадрлар даярлау маңызды. Қайталанатын мамандықтарды қысқартып, жаңа мамандықтарды ашуды қолға алайық. Сіздердің ұсынымдарыңызды күтемін. Сонымен қатар студенттерді ағылшын тілін меңгеруге бағыттаңыздар. Креативті, жаңа инновациялық жобаларды жандандыруға тиіспіз, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Облыстық білім басқармасының орынбасарлары колледжердегі білім беру жүйесі, жүргізілген зерделеулер және проблемалық мәселелер, жылу маусымына дайындық жұмыстары және өзге мәселелер жайлы сөз сөйледі.

Жиында облыс әкімінің орынбасары басқарма басшылығы мен директорларға бірқатар тапсырма жүктеді. Жұмысшы мамандықтар жылына орай іс-шаралар жоспарын әзірлеу, қаржыландыру және инвесторлардың жобаларын заң аясында қарастыру, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, колледждер базасында ІТ орталықтарды ашу, WorldSkills чемпионатына дайындықты пысықтау, тәрбие жұмыстарын күшейту, қажетті құрал-жабдықтармен қамту, бейнекамераларды жедел басқару орталығына қосу міндеттері сапалы орындалады. Мәжіліс қатысушылары Сауран ауданындағы өндірістік паркке барып, жобалармен танысты. Ондағы мамандармен тілдесіп, пікір алмасты.

Нақтылай кетейік, Түркістан облысында 50 колледж бар. Оның 28-і мемлекеттік болса, 22-сі жекеменшік. Оқу орындарында 75 мамандық бойынша 45 мыңнан астам студент білім алып жүр. Колледж қызметін бағалау 12 критерий бойынша, ал рейтингі 3 бағытқа сәйкес тұрақты жүргізіледі. «PISA-2023» халықаралық зерттеу нәтижесінде 2 колледждің балы анықталса, 2024-2025 оқу жылында 4 колледж қатысады. Осы жылы директорлар мен әдіскерлер Франция елінде, Қазақстанда Ақмола облысында тәжірибеден өтті. Алдағы уақытта Қытай және Өзбекстан елдеріне іссапарлары жоспарланып отыр.

Тәжірибе демекші, Қазақстанда 2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның, сонымен қатар ИСЕСКО қолдауымен және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен ЮНЕСКО арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес «Қазақстандағы сапалы дене тәрбиесі» жобасы іске қосылды. Аталған жобаға сәйкес, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық ХҚТУ-да маңызды кездесу өтті.

Оған Түркістан өңірінің білім саласының өкілдері, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, спорт саласының қызметкерлері, спорт мамандығында оқитын студенттер қатысты. Кездесуді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко жүргізіп отырды. Жиында дене шынықтыру пәнін сапалы өткізу, оқушыларға қолайлы жағдай жасау жолдары айтылды.

Маңызды кездесуде «Сапалы дене тәрбиесі: инклюзивті оқыту және ЮНЕСКО-ныі дене тәрбиесіндегі гендерлік теңдік принциптері», «Қазақстандағы дене тәрбиесі: жағдайы, мәселелері, тиімділігін арттыру жолдары» және өзге де тақырыптар бойынша баяндамалар оқылып, ұстаздарға кеңес берілді.

Айта кетейік, «Қазақстандағы сапалы дене тәрбиесі» жобасына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы серіктес атанды. Жоба ұлт денсаулығын нығайтуға және жастар арасында дене шынықтыруды дамыту үшін маңызды қадамға айналған сапалы дене тәрбиесі (СДТ) қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған. Бастама аясында «Қазақстандағы сапалы дене тәрбиесі саласындағы талдау» талдамалық есебі дайындалып, «Қазақстандағы сапалы дене тәрбие саясаты» әзірленді. Сондай-ақ еліміздің бес ірі қаласында 500-ден астам дене шынықтыру мамандарымен кездесулер ұйымдастырылды.

Түркістан төріндегі кездесуді Алматыдағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесі, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті мен ЮНЕСКО клубтарының Қазақстандық ұлттық федерациясы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы және ИСЕСКО бірлесіп өткізді.

ЮНЕСКО халықаралық стандарттарды әзірлеумен және басшылық жасаумен, педагогтар үшін оқыту курстарын іске асырумен, сондай-ақ ұлттық оқу бағдарламаларын қалыптастырумен айналысады. Ұйымның халықаралық ынтымақтастық пен серіктестікке белсенді қатысуы дене тәрбиесі саласындағы үздік тәжірибелер және зерттеулермен алмасуға ықпал етеді. Жергілікті және жаһандық деңгейде мұндай қолдау әрбір баланың, оқушының сапалы дене тәрбиесіне қол жеткізуін қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin