Түркістан облысындағы су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарына ҚР Су ресурстары және ирригация министрі оң бағасын берді

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Министр Сауран ауданының Ескі Иқан ауыл округінде ағын су тұтынушы шаруалармен кездесті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірде су үнемде технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстарды баяндады.

Министр елімізде ағын су тапшылығын болдырмау және су нысандарын реттеу, жөндеу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді. Шаруалардың мәселесі әрдайым назарда тұрғанын айтты. Тұрғындардың сұрақтары мен өтініштерін тыңдап, пікір алмасты.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов маңызды жобаларға тоқталды. Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылдық округінде «Түркістан» магистралды каналынан ағын су алатын жалпы ұзындығы 335,7 шақырымды құрайтын 113 дана арна мен 105,3 шақырымды құрайтын 18 дана қашыртқы және 72 дана тік дренажды ұңғыма бар. 2019 жылы Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округінде «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының» 2-кезеңінің құрылыс жұмыстары басталған. Жоба құны 10 487,8 миллион теңгені құрайды. Бүгінге дейін мердігер мекеме – «Tunnel Sadd Ariana» тарапынан бірқатар жұмыс атқарылған. Бетондалған арналар 127,02 шақырымға жетсе, қайта тазаланған арықтар – 99,21 шақырым, арналарға 1164 дана су құрылымы орнатылған. 91,8 шақырым болатын 18 қашыртқы тазаланып, 9 көпір ағымдағы жөндеуден өткізілген. 72 дана ТДҰ қазылды (100%). ТДҰ орнатылған трансформаторлық қосалқы станцияларының саны – 17. Электр желісі 113,26 шақырымға жүргізілген (97,3%). Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін 1587,7 миллион теңге қажет. Мәселе министрлік пен облыс әкімдігінің бақылауына алынған.

Назар аударар мәселе, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген «Суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту» тапсырмасы аясында Сауран ауданы аумағында суармалы алқаптарға су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Сауран ауданы бойынша 1119 гектар жерге су үнемдеу технологиялары орнатылды. Оның ішінде, тамшылатып суару 165 гектар болса, жаңбырлатып суару 994 гектарды құрап отыр. Тамшылатып суару әдісі арқылы ЖК «Датқа» Шетелдік Қытай компаниясымен 7 жылға келісімшарт түзіп, ағымдағы жылы 133 гектарға жерге мақта дақылын екті. Жыл соңына дейін 360 тонна өнім алу жоспарлануда. «Ақсақ керіз» шаруа қожалығы 25 гектар жерге бақша дақылын егіп, 875 тонна қарбыз алу көзделуде. «Өтеген» шаруа қожалығы 7 гектарға тамшылатып суару арқылы алма бауын егіп, жылына 37 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Жаңбырлатып суару бойынша 994 гектар жерге мал азықтық дақылдары егілді. Жыл соңына дейін 5000 тонна мал азығын алу көзделуде. Қазіргі таңда елімізде шаруаларға су үнемдейтін жүйелерді сатып алу және орнату үшін берілетін субсидия мөлшері бірден 30%-ға ұлғайтылып, 80%-ға дейін жетті. Бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындарын өтеуге көмектеседі.

Осы орайда, агроқұрылымдар 1941 гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясын орнату бойынша «BNK IRRIGATION» ЖШС-мен «Ырыс» МҚҰ келісімшарт түзген болатын. Жыл соңына дейін агроқұрылымдар су үнемдеу технологияларын орнатылады.

Айта кетейік, ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024- 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу қарастырылған. Биыл жаңадан 22,0 мың гектарға су үнемдеу технологиялары орналастырылады. Қазіргі таңда, нақты 12,9 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде, 8 мың гектарға тамшылатып суғару, 4,9 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиялары орнатылған. Сондай-ақ облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар ашылуда. Жыл басында «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 миллиард теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты жобасы іске қосылды. Сонымен қатар облыста ІІІ тоқсанда «BNK Group LTD» ЖШС мен «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің тамшылатып суғару жүйесін шығаратын кәсіпорындары іске қосылады. Биыл инвестициялық субсидиялау қағидасына сәйкес, су үнемдеу технологияларына кеткен шығынды 80% субсидиялау бойынша облыстық бюджеттен 4,0 миллиард теңге қаржы бөлінді. Аталған қаражат 3,1 мың гектарды субсидиялауға жеткілікті.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің жұмыс сапары Мақтаарал және Жетісай аудандарында жалғасады.

Иә, су ресурстарын тиімді басқару шараларын әзірлеп, енгізу көптеген елдермен қатар еліміз үшін де аса маңызды. Бұл тұрғыда Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен әзірленген жаңа Су кодексі жобасының маңызы ерекше. Құжат Парламент Мәжілісіне енгізілген және су тасқыны мен құрғақшылық сияқты төтенше жағдайларды болжау, жоспарлау және оларға уақытылы ден қоюды қамтамасыз ете отырып, заманауи су ресурстарын пайдаланудың маңызды құралына айналады. 

Қазақстанның су шаруашылығы саласын трансформациялау шеңберінде үш негізгі бағытты бөліп көрсетуге болады.

Біріншісі – су үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалануға бағытталған түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база әзірленіп жатыр. Жаңа Су кодексінің жобасына сәйкес тазартылған сарқынды сулар сумен жабдықтау көздерінің біріне айналып, экономика салаларында белсенді түрде пайдаланылатын болады.

Екіншісі – су шаруашылығы инфрақұрылымын толыққанды жаңғырту, су үнемдеудің озық технологияларын енгізу, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру, сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен халық, кәсіпорындар арасында су үнемдеу мәдениетін енгізу. 

Үшіншісі – көрші мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді, бұл су ресурстарын сақтау әрі ұтымды пайдалану жөніндегі бірлескен жобалар мен бастамалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жаңа Су кодексі жобасында суды пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістер талқыланды. Осылайша құжат жобасы уәкілетті ведомство мен бассейндік инспекцияларға қадағалау функцияларын жүктейді. Қолданыстағы Кәсіпкерлік кодексіне бассейндік инспекциялар мен мемлекеттік су инспекторларының функцияларын кеңейту, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысандарын өзгерту, сондай-ақ жедел әрекет етудің жаңа құралдарын енгізу бойынша толықтырулар енгізу ұсынылады.

Су саласын цифрландыру, шаруаларды мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және неғұрлым үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу шаралары басқа стратегиялық құжатта көрсетілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Министрлік 2024-2026 жылдарға арналған Су үнемдеу жөніндегі жол картасын әзірледі.

Сондай-ақ ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізілуде. Су тасқынының алдын алу және олардан келтірілген залалды азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу көзделеді. Су тасқынын болжау мен үлгілеуді жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды дамыту шаралары күшейтілуде.

Су ресурстары және ирригация министрлігі су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 28 жобаны іске асыруды бастады. Нәтижесінде 1,1 миллион адам тұратын 426 елді мекенде ауыз сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады. Жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын су құбырларын салу және реконструкциялау жоспарланған. Сондай-ақ 10 өңірдегі 96 гидротехникалық құрылысқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2024 жылы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы жаңа 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды реконструкциялау, сондай-ақ еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шаралар қарастырылған.

Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3,5 мың шақырым суару желісін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Қызылорда облысында 2,6 мың шақырым суару каналдарын автоматтандыру жоспарланған. 17 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Бірінші жартыжылдықта Қазақстан Үкіметі Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құру туралы қаулыны бекітті. ҒЗИ экологиялық проблемаларды, су деңгейінің төмендеуін, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалығының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий акваториясын мен жағалауын зерттейтін болады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен ынтымақтастығы нәтижесінде Су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылатын болады. Ол елдегі су шаруашылығы нысандарының жай-күйі туралы ақпаратты қамтиды, су ресурстарын соңғы тұтынушыға дейін бөлу мен пайдалануды бақылауға мүмкіндік береді.

2024 жылдың басынан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық Қазақстанға өтті. Бейінді министрлік Дүниежүзілік банкпен бірге іске асырылатын Солтүстік Арал теңізін сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр.

Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86 отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суару маусымы кезінде «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы Қазақстанға 922 миллион текше метр су беру туралы уағдаласты.

Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33 отырысында Қазақстанға Қырғызстаннан Шу өзені бойынша 180 миллион текше метр және Талас өзені бойынша 380 миллион текше метр су беру туралы келісімге қол жеткізілді.

Сондай-ақ Қазақстан Өзбекстанмен екі ел тұтынатын судың нақты көлемін есептеуге мүмкіндік беретін есептегіштерді орнату туралы келісті. Бұл ретте Қазақстан Өзбекстан аумағында есептегіштер орнатады, ал өзбек жағы бізге қояды.

Сонымен қатар Министрлік «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісімнің жобасын әзірлеуде.

2024 жылы Қазақстан Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан бөлек пайдалану құқығы туралы БҰҰ Конвенциясына қосылды. Конвенция трансшекаралық өзендердің, көлдердің және олармен байланысты жер асты суларының әділ бөлінуін қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардың пайдаланылуын реттейтін халықаралық құжат саналады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, су үнемдеу жүйелерін орнатқан фермерлерге субсидияларды 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты, бұл қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алу және барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізу шығындарын өтеуге көмектеседі. Ұңғымаларды бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемі 80%-ға дейін өсті.

Елімізде суару маусымы басталғалы 20 мыңнан астам шаруаға 2,8 миллиард текше метр су берілді. Бүгінгі таңда вегетация кезеңі штаттық кестеге сай өтіп жатыр.

Суару маусымына дайындық барысында 102 гидропост жөнделді және қалпына келтірілді, 775 гидропост аттестаттаудан өтті. Ауыл шаруашылығы алқаптарына су беруді жақсарту үшін 6 облыста 651 шақырымнан астам суару желілері тазартылды. Сондай-ақ Қазақстанның 8 өңірінде 74 гидротехникалық құрылыс жөнделді.

Жыл басында шаруалардың өтініші бойынша су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК филиалдарына фермерлермен делдалсыз тікелей шарт жасасуды тапсырды. Осының нәтижесінде биыл бірқатар өңірде шаруалар үшін суармалы судың бағасы арзандады.

Биылғы су тасқыны кезеңінде еліміздің су шаруашылығы нысандары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етіп қана қоймай, су қоймаларын толтыруға, соңғы жылдары құрғап бара жатқан өзендер мен көлдерге, сағаларға, табиғи жайылымдарға және басқа да нысандарға су жіберуге мүмкіндік берді.

Еліміздегі су қоймаларына 75 миллиард текше метр су жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 миллиард текше метрге артық. Жиналған судың 12 миллиардтан астамы — тасқын суы.

Су тасқыны басталғаннан бері Балқаш көліне 3,3 миллиард текше метр су, ал Каспий теңізіне шамамен 6 миллиард текше метр су жіберілді. БҚО-ның Қамыс-Самар көлдеріне 80 миллион текше метр су барды, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдер жүйесіне су жіберілді. Тобыл өзенінде 2000 жылдан бері алғаш рет қарқынды су ағыны байқалды. 

Жиналған тасқын суы негізінен ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады. Сондай-ақ жайылмалар мен шабындықтарға бағытталған тасқын суы мал шаруашылығын қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз етуге оң әсер етеді.

Астана су қоймасын тасқын суымен толтыру 2 миллиард теңгеге дейін қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, сондықтан су қоймасын Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келген болатын. Биыл Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші — 99,6%. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзенінің гидрологиялық жай-күйін жақсарту мүмкіндік береді.

Үкімет қаулысына сәйкес, Таразда Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті жұмыс істейді. Жаңа білім беру бағдарламалары – «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» енгізілетін болады. 2024-2025 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру тапсырмасының бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 245 орынға нысаналы квотасы бөлінді. Бүкіл дайындық циклі үшін жалпы контингент 4 мың білім алушыны құрайды.

Білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласы мамандықтарының тартымдылығын арттыру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізілді: «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» секілді су саласының мамандықтары енгізілді. Осы жылдан бастап қазақстандық студенттер олар бойынша шетелде білім ала алады.

Бірінші жартыжылдықта Су ресурстары және ирригация министрлігі Нидерланды Корольдігімен су тасқынына қарсы іс-қимыл және су саласының мамандарын даярлау жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Бірінші құжат су шаруашылығы құрылыстарын салу және пайдалану, су тасқынын болжау және су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлау мәселелерінде ынтымақтастық орнатуды көздейді. Дельфт су білімі институты (IHE Delft) қол қойған екінші меморандум су саласының мамандарын даярлауға, су саласындағы ғылым мен инновациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимылға қатысты.

Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, су ресурстары саласындағы жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының консорциумы құрылды. Консорциум жұмысының басым бағыттарының бірі – тұщы су қорларын іздестіру және ұлғайту.

Биыл су саласының 450-ден астам қызметкері мамандандырылған орталықтарда біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Су және ирригация министрлігі 9 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Енді осы оқу орындарының студенттері «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының филиалдарында өндірістік тәжірибеден өте алады.

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен қос дипломды білім берудің бірлескен бағдарламасы туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, су саласындағы мамандықтар бойынша оқитын қазақстандық ЖОО студенттері көрші мемлекеттің оқу орнының дипломын да ала алады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақысы тарифтік қаражаттан төленетін «Қазсушар» РМК мамандарының жалақысы орта есеппен 23%-ға өсті. Бұл кәсіпорын қызметкерлерінің жалпы санының 47%-ын құрайды.

1 мамырдан бастап «Қазсушар» мамандарының жалақысы 25%-ға өсті, олардың еңбегі республикалық бюджеттен төленеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin