Түркістан музыкалық драма театрында ақын-драматург Оңайгүл Тұржанның «Қаламқас» пьесасы сахналанды. Премьераны тамашалауға автордан бөлек, Батыс өңірінен арнайы делегация келіп, бағасын берді. Сонымен қатар жергілікті зиялы қауым өкілдері де қатысты.
Басты кейіпкер –18-ші ғасырда өмір сүрген қазақтың батыр қызы Қаламқас Еселбайқызы. Премьера соңында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан қойылым туралы кеңінен баяндап, келген көрермен алғысын білдірді. Сондай-ақ қазіргі таңда қызу талқыға түскен киік аулау мәселесі де қамтылғанын атап өтті.
Спектакльдің қоюшы-режиссері, белгілі хореграф, өнертанушы Константин Семеновтың бұл — Түркістандағы екінші қойылымы. Бұған дейін ол сахналаған Ермек Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымы елімізде ғана емес, шетелдерге танылып үлгерді. Режиссердің айтуынша, жас театр ұжымымен жұмыс істеу мол тәжірибе сыйлайды. «Бұл жолы драма, поэтика, музыка, анимация, пластика бір-бірімен үйлесім тауып, заманауи техниканың барлық мүмкіндігі пайдаланылылды» — дейді. Бұл – «Қаламқас» спектакліндегі ең басты ерекшелік.
Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының актерлері мен балет әртістері ойнады. Олардың қатарында Аида Серикова мен Айя Дәрібаева, Шерхан Саматұлы, Сакаи Мао, Мерей Құдайберген, Аида Жақсылықова, Гүлжанат Қаламғазина, Рүстем Шайхов, Асхат Тарих, Бекарыс Қарағұлов, Атабек Садырқұлов, Аслан Алиев бар. Сонымен қатар қойылымда балет труппасының үлесі зор.
Спектакльдегі Қаламқас жаугершілік жылдары ер азаматтардың орнын жоқтатпай, жұртына жау тигенде, ауылдағы қыздарды өзі бастап, шайқасып, батырлығымен көзге түседі. Аштықта ауыл-аймақты киік аулап асырап, аман алып қалады. Кезекті бір киік қуған аласапыран кезде қапыда Қаламқастың өзі де құздан ұшып мерт болады. Батыр қыз ғұмыр кешкен сол далада қызыл көйлекті қыз елесі аңшылардың алдын кес-кестеп, киіктерді қорғаштап жүреді деген аңыз бар. Бәлкім, бұл Қаламқастың рухы шығар?! Қойылым осы оқиғаға негізделген. Қазақ секілді сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, көшіп-қонып жүретін киіктерге садақ кезену Қаламқасқа оңай тимейді. Қойылымдағы «Киіктер биі» арқылы дала жануары адамзатқа тіл қатқандай әсерге бөленесіз.
Айта кетейік, «Қаламқас» пластикалық драмалық спектаклін қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Идея авторы – Түркістан музыкалық драма театрының негізін қалаушы Айнұр Көпбасарова. Көркемдік жетекші – Шынар Омарова. Композиторы – жас композитор Хамит Шанғалиев. Премьера ертең де жалғасады.
Тағы бір жағымды жаңалық, Түркістан музыкалық драма театрының «Келіндер көтерілісі» қойылымы өңірлік театрлар арасында үздіктер қатарынан табылып, «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясына ие болды. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімінде арнайы сый табысталды.
Қазақстанның мәдениет, өнер және спорт саласындағы «Kazakhstan Ticketon Awards 2024» жетінші және ең әйгілі сыйлығы – «Ticketon Awardsқа» дауыс беру арқылы анықталып отыр. Жалпы, дауыс беру бір айға жалғасқан. Оған кез келген қазақстандық қатысқан. Түрлі номинация бойынша барлығы 154 620 дауыс берілген. Ең қызығы, соңғы күні 5890 дауыс беру тіркелген. Осылайша спорт пен өнер саласындағы ең сүйікті, талантты және елеулі өкілдерін таңдады.
«Келіндер көтерілісі» спектаклі көрнекті өзбек жазушы-драматургі Саид Ахмадтың ең танымал және табысты шығармаларының бірі болып саналады. Пьеса отыз жыл бұрын жазылғанымен, әлі күнге дейін өзектілігі мен мағынасын жоғалтқан емес. Әлемнің 14 елінде аталған пьесаның желісімен мыңдаған спектакль қойылып, бірнеше көркемфильм түсірілгені белгілі.
Пьесаға негіз болған оқиға ене мен келін арасындағы ғана емес, адамның бостандығы, таңдау еркі мен ескі тәртіптің арасындағы конфликтіге негізделген. Қойылым барысында өнер сүйгіш өзбек халқының дәстүрлі биін қолдана отырып, әдемі әзілмен әспеттелген, дәстүрлі театр элементтерін пайдаланған спектакль көрерменді күлдіре отырып, ойға батыратыны хақ. «Келіндер көтерілісі» спектаклі комедия жанрында өрбіп, арнайы қойылған көркем биімен, әсем әуенімен сахналық шығармашылық туынды ретінде әсерлі. Алғаш рет Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасында 1978 жылы 15 сәуірде көрсетілген болатын. Көне шығарма болса да, әлі күнге дейін көрермен қауымды күлкіге бөлейтін қойылым бұл күнде еліміздің бірнеше қалаларының театрында көрсетіледі.
Жеті ұл өсіріп, қырық бір немере тәрбиелеп, алты келін жұмсап отырған Фармон бибі қабағы қатыңқы, мінезі тік әрі қатал жан. Ата салтты мықты ұстайтын оған ешкім қарсы тұрып, оның сөзін ешкім аяқ асты қалдыра алмайды. Әулеттегі барлық әрекеттер Фармон бибінің тікелей бақылауымен ғана жасалады.
Күндердің күнінде Фармон бибі кенже ұлын үйлендіріп, келін түсіреді. Жаңа түскен келінмен бірге, үйге басқа әрекеттер аяқ басады. Ата-анасы бетінен қақпай, төбесінен құс ұшыртпай өсірген ерке келін Нигора бұрыннан келе жатқан әулет заңдарына бағынбайды. Босаға табалдырығын аттаған күннің ертесінде-ақ, ол ритмикалық гимнастика жасап, үй ішіндегі тәртіпке қарсы шығып, наразылық білдіреді. Жас келіннің бұл әрекеті Фармон бибінің тынышын қашырса, қайынағалары мен абысындары «Жолдастар, біз қалай және қайда өмір сүріп жүрміз?!» деген сұраққа жауап іздей бастайды. Енесінің жоқтығын пайдалана отырып, кіші келін абысындары мен қайынағаларының қатысуымен «Генерал ене» атты шағын қойылым дайындайды. Ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстайтын бас кейіпкерден өз бейнесін таныған Фармон бибі өз қателігін мойындап, ұлдарының еншісін алып, бөлек шығуына рұқсатын береді. Ал «Келіндер көтерілісін» ұйымдастырған ерке келін Нигора ата дәстүрді аяқ асты қылмай, енесімен бірге, қара шаңыраққа ие болып қалады.
Мұңды комедия ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелерді көрсетеді. Адам баласының еркіндігі, еркі, іс-әрекеті, таңдау құқығы сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Қойылымда ата дәстүрін берік ұстайтын өзбек халқының ұлттық биі мен музыкасы қолданылады. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге бөлей отырып, терең ойға батырады.
Былтыр ғана Түркістанда жаңа форматта тұсауы кесілген қойылымды көрермен асыға күтеді.
Айта кетейік, аталған театр ұжымы үшінші рет үздіктер қатарында. 2022 жылы «Бөрте» спектаклі «Жыл премьрасы» номиницасын алса, былтыр «Махаббат мұнарасы» «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясын иеленген болатын.
Түркістан бүгінде көптің арманына айналған қалаға айналып келеді. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, мәдени-рухани бағыттан бөлек, халықтың спортпен тұрақты түрде айналысуына жол ашылды. Соның ішінде «Мұз сарайының» орны ерекше. Енді мұнда театрландырылған думанды қойылым көрермен назарына ұсынылады.
Осы бағытта Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театры Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Қысқы спорт түрлерінен Түркістан спорт клубы» МКҚК өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Облыс орталығындағы мұз айдынында театрландырылған думанды қойылым жыл соңында көрермен назарына ұсынылмақ. Жаз айларында театр әртістері мұз үстінде конькиді еркін тебуді меңгеріп, бірнеше ай дайындық жүргізеді. Бірегей жобаға айналатын мұндай думанды еліміздегі театр актерлары бұрын соңды жасамаған» — дейді театр басшысы Арман Алиев.
Кешен басшысы Данияр Исабаев бұл келісімнің екі тарапқа да зор септігі тиетінін баяндады.
«Біз үшін тиімді жоба. Сондықтан ұсынысты бірден қабыл алдық. Мұздағы сырғанау мәдениеті елімізде енді қалыптастып келе жатыр. Біз жаттығулардан бөлек, арнайы түскі уақытта театр әртістерінің тыңғылықты дайындық жүргізуіне келісім бердік. Бұл қала тұрғындарын ғана емес, келуші туристерді де қызықтыратын жоба болады деп ойлаймын» — деген мемеке басшысы БАҚ өкілдерін спорт нысанымен таныстырды.
Екі қабатты кешенде қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек түркістандық жасөспірімдер спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерінен жаттыға алады. 1200 орындық «Мұз сарайы» 2 гектар аумақта орналасқан.
Айта кетейік, қойылым жиырмасыншы желтоқсан мен он үшінші қаңтар аралығында көптің назарына ұсынылады. Енді актерлар қарым-қабілетін шыңдап, театр сахнасымен қатар, мұз айдынында бағын сынап көреді. Бүгін алғаш рет байқап көрген олар оңайға соқпағанымен, нәтижесі қуантарлық болатынына сенімді. Алдағы айдан бастап мұз үстінде толық құрам дайындыққа кіріседі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.