Түркістан облысында алғашқы жартыжылдықта «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде балық шаруашылығын дамыту мақсатында 24 кәсіпкерге 168,9 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді

Түркістан облысында 2024 жылдың көктем айларында елді мекендерді көгалдандыруға 522 935 түп көшет егу жоспарланып, оның 483 935 көшеті егілген. Ал, күзгі науқанға 515 935 дана көшет егу жоспарлануда.

Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыстағы 852 елді мекеннің 90%-н көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жайында Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев брифингте мәлімдеді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстың орман қоры жерлеріне 2021-2025 жылдары 170 миллион көшет, елді мекендерге 1,1 миллион көшет егу бойынша аймақтық жоспар бекітілген. Кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2023 жылдарда 51,6 мың гектар жерге 78 миллион дана көшет егілді. Сондай-ақ, облыста 350 гектарды құрайтын 10 уақытша тұқымбақта 35 млн-нан астам ағаш көшеттері өсірілуде. Алдағы уақытта көшеттер санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр, – деді басқарма басшысы.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының заманауи тұқымбақ ашу тапсырмасына сәйкес, тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен баспасөз туры өтіп, өңірдің журналистері облыс орталығында жаңадан құрылып жатқан заманауи тұқымбаққа барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

– Заманауи тұқымбақта 576 шаршы метр жерге жылыжай орнатылған. Жылыжайдың мақсаты – сирек кездесетін ағаштар өсіру. Тұқымбақты дамыту мақсатында сеппе бөлімшесіне ағаш-бұта өсімдіктер тұқымының 11 түрінен 4993 келі тұқым себу жұмыстары жоспарланып, көктем, жаз мезгілінде ағаш тұқымдарының пісіп жетілуіне байланысты 2200 келі тұқым орман тұқымбағына себілген. Қазіргі таңда тұқымбақта барлығы 5,7 миллионнан астам ағаш-бұта көшеттері өсірілуде. Бүгінде орман тұқымбағы тұрақты 48 штаттық бірлік және 3 техникамен қамтамасыз етілген, – дейді «Жасыл аймақ» КММ-нің директоры Ибрагим Бигасилов.

Биылғы көктем мезгілінде «Жасыл белдеу» аумағындағы орман екпелерін толықтыруға орман тұқымбағынан 760,0 мың дана әртүрлі ағаш көшеттері қазылып, толықтыруға әр орманшылыққа жіберілді. Қала, аудан орталықтарын көгалдандыру мақсатында өткен жылдың көктем мезгілінде 2 қала, 15 аудан орталықтарына жалпы 411 мыңнан аса әртүрлі ағаш көшеттері берілді және күз мезгілінде 34200 әртүрлі ағаш көшеті орман тұқымбағынан тарқатылды.

Бұдан бөлек биылғы көктем мезгілінде орман тұқымбағынан жалпы 64 мыңнан аса әртүрлі ағаш көшеттері берілген.

Жалпы «Жасыл аймақ» КММ қарасты тұрақты 2 тұқымбақ бар. 240 гектар аумақты алып жатқан бұл бақтарда 30-ға жуық әртүрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде.

Айта кетейік, облыс көлемінде орман тұқымбақтарының көлемі 253 гектар. Оның 14-і типтік заманауи питомниктерде (оның ішінде 10 жылыжай) орналасқан. Мәдени орман алқабына егілетін көшеттер дайындауға аумағы 350 гектарды құрайтын 10 уақытша тұқымбақта 35 миллионнан астам ағаш көшеттері өсірілуде. Көшеттер санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, спикер облыстағы тауарлы балық өсіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Түркістан облысы бойынша 2030 жылға тауарлы балық өсіру көлемін — 20 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін 7 мың тоннаға жеткізу көзделген. Статистикалық есептер бойынша облыстағы балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындары тарапынан 4 900 тонна балық өнімдері өңделген. Ал, 2024 жылдың 6 айында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен балық шаруашылығын дамыту мақсатында 24 кәсіпкерге 168,9 миллион теңге жеңілдетілген несие берілген.

Сондай-ақ, Қайрат Амангелдіұлы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы қолға алынған шаралармен бөлісті. Өткен жылы 103 181 тоннаға жуық қалдық жиналып, оның 23 734 тоннасы қайта өңдеуге бағытталған. Ал, биылғы жылдың басынан бері 46 128 тонна қоқыс жинақталып, оның 10 905 тоннасы қайта өңдеуден өткен. 2023 жылы арнайы ғарыштық түсірілім кезінде облыс аумағынан 414 бейберекет қоқыс орындары анықталып, жыл соңында толық жойылған. 2024 жылдың басынан 41 нүкте анықталып, бүгінгі күнге 30 нүктесі ретке келтірілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin