Түркістан облысында апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіліп келеді

Түркістан облысында бюджет қаржысын тиімді жұмсау және үнемдеудің нәтижесінде білім беру нысандарының инфрақұрылымы жақсарып жатыр. Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде білім саласындағы түйткілдер тарқатылып, орта білім беру ұйымдарының ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының барысы талқыланды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды білім нысандарын жаңа оқу жылына даярлау, оқушылар қауіпсіздігін сақтау, білім саласындағы инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарын жандандыра түсуді тапсырды.

– Жөндеу жүргізіліп жатқан мектептер 1 қыркүйекте толық дайын болуы тиіс. Құрылыс және жөндеу жұмыстарын тұрақты қадағалаңыздар. Мердігерлермен тиісті жұмыс жүргізілсін. Проблемасы бар нысандарды аудан һәм қала әкімдері де зерделеп, тұрақты бақылауға алсын. Жұмыстар уақтылы аяқталуы керек. Білім ұяларының қазандықтарын газға ауыстыру, қауіпсіздігін нығайту, оқушыларды оқулықпен қамту, тасымалдау, ыстық тамақпен қамту және өзге де жұмыстар сапалы атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, өңір әкімінің тікелей қолдауымен биыл облыстағы 321 білім мекемесінде жөндеу жұмыстары жүруде, жалпы құны – 20,1 миллиард теңге. 22-сі – күрделі жөндеу жұмыстары болса, 193-і – ағымдағы жөндеу жұмыстары. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 10,2 миллиард теңге қаралған. 106 білім беру мекемесінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстары атқарылуда, оның жалпы құны – 2,2 миллиард теңге.

Облыста 4 апатты және 5 үш ауысымды мектеп тіркелген. 4 апатты мектептің құрылысы басталған, жыл соңына дейін 3 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Өңірдегі 5 үш ауысымды мектепке қажетті қосымша ғимараттардың құрылысы да қолға алынған, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деген болжам бар.

Облыстағы 1279 мемлекеттік білім нысанының 63-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы, 1216-сы автономды жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. Аталған білім нысандарының 84%-ы немесе 1074-і сығымдау жұмыстарынан өткізіліп, 51,9%-ы немесе 664-іне жылу маусымына дайындық актілері берілген.

Мәжілісте пән кабинеттерін жасақтау, оқулықпен қамту, жаңа оқу жылына дайындық және өзге де мәселелер қаралып тиісті тапсырмалар берілді.

Түркістан облысында жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында қаралған тағы бір мәселе. Биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр. Жыл қорытындысына сәйкес 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында облыс бойынша 2024 жылға жоспарланған автомобиль жолдары саласын дамытудың орындалу барысы туралы баяндалды. Облыс басшысы сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларды сынға алып, тиісті тапсырмалар берді.

– Жол жөндеу жұмыстары уақтылы әрі талапқа сай жүргізілуі тиіс. Аудан, қала әкімдері мен «Қазавтожол» және жауапты басқарма өзара тығыз байланыста жұмыс істеңіздер. Мердігерлердің жұмысын, асфальт сапасын бақылауда ұстаңыздар. Бірлесе атқаратын іс көп. Жол жөндеуге қажетті бюджетті дұрыс үйлестірмеген, жұмысты кешіктірген басшылар мен жауапты орынбасарларға тағы да ескертемін. Жағдайды өзгертеміз, егер жағдай өзгеріп, мәселе шешілмесе, соған жауапты адамдарды өзгертуге тура келеді, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Қуатжан Жұматаевтың мәлімдеуінше, 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолдар құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек. Бүгінгі таңда 3 нысан: 10,6 шақырым жол, 1 көпір, 1 жарықтандыру пайдалануға берілді.

Аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Осы жылы 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтуға қаржы қаралған. Оның 31 шақырымдық 8 нысаны және 4 көпірі жыл соңына дейін аяқталады.

Елді мекен көшелерінің сапасы да назардан тыс қалмайды. Биыл елді мекендерде 191 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 630,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жоспарланып, жыл соңына дейін 331,3 шақырымдық 122 нысан пайдалануға тапсырылады. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес жалпы 194,6 шақырым жолды пайдалануға тапсырып, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделуде.

Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының тұрақты бақылауында. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 343 кемшілік анықталды. Жауапты мекемелерге ескерту хаттар беріліп, 5,7 миллион теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ 55 000 шаршы метр жол негізі мен асфальт жабындысы бұзылып, қайта салынды.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%), облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5717 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%), елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%). Елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшердің жалпы ұызындығы 3380,5 шақырымды құрайды.

Түркістан облысында алғашқы жартыжылдыққа 13 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте көтерілген келесі маңызды мәселе ауыл шаруашылығына қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс жүруде. Өңірде жалпы өнім көлемінің өсімі 107,1 % құрап (216,9 миллиард теңге), республикада бірінші орынға шықты.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте саладағы түйткілдер тарқатылды. Жауаптыларға тапсырмалар берілді. Өңір басшысы шаруаларға тиісті тыңайтқыштарды уақтылы үлестіру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, су үнемдеу технологияларын енгізу, салаға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу және басқа да жаңа технологияларды енгізу маңызды. Әрбір аудан әкіміне су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша индикатор белгіленіп, нақты жоспар берілсін. Бөлінген тыңайтқыштар туралы да шаруаларға ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Бұл қолдауды тиімді пайдалану керек. Көрсеткіші төмен аудандардағы жауапты басшыларға тиісті қызметтік шара көріледі. Ізденіңіздер, ауыл шаруашылығына инвестиция тартыңыздар. Бұлай жасамасақ, өңірдің әлеуеті көтерілмейді. Ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларды жаңарту жұмысын да жандандыру қажет, – деген Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығында көрсеткіші төмен аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, 2024 жылы 156,3 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланды. Бүгінгі күнге 97,9 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынған. Тауар өндірушілерді қолдауға облыстық бюджеттен 7 миллиард теңге қаржы бөлініп, толық игерілді.

Жартыжылдыққа 13 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде, 8,1 мың гектарға тамшылатып, 4,9 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары орналастырылған.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 3,4 мың гектарға ұлғайып, 873,6 мың гектарға егілді. Рентабельді дақылдарға өтуге басымдық берілуде. Атап айтқанда, масақты дақылдар 8 мың гектарға (281 мың. га) малазықтық дақылдар 6 мың гектарға (230 мың. га) көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға (129 мың. га) артығымен орналастырылса, мақта дақылының егіс алқабы 11 мың гектарға (100 мың. га), майлы дақылдар 6 мың гектарға (77 мың гектар) қысқартылған. Сонымен бірге облыстың бірнеше ауданында қант қызылшасы егіледі.

Облыстың ерекшелігіне орай, астықты ору науқаны қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге 282 мың гектардың, 220 мың гектары орылып, 25,2 центнерден 554,0 мың тонна өнім жиналды. Жалпы 716 мың тонна дән жинау күтіліп отыр. Биыл 3,5 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады деп жоспарланған.

Мәжілісте облыста мақта кластерін дамыту барысы да талқыланып, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаевтың баяндамасы тыңдалды. Облыста «Мақта өсіру және толық өндірістік тізбекті кластер құру» жобасының І кезеңі жүзеге асуда. Тамшылатып суару тәсілімен 1200 гектарға элиталы мақта сұрыптары егілген. 1 гектардан 60 центнер, жалпы алқаптан 7 000 тоннадан астам өнім алынады деген болжам бар. Тұрақты 40 жұмыс орны ашылған. Болашақта жобаның ІІ кезеңін жүзеге асыру және зауыттар ашу арқылы өңірде мақтадан 9 өнім түрін өндіру көзделіп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin