Түркістан облысында биыл 52 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады

Бүгін Білім күніне орай Түркістан облысының барлық білім беру ұйымдарында алғашқы қоңырау соғылды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-ші және 11-сынып оқушыларының қатысуымен «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбындағы салтанатты шара ұйымдастырылды.

Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы білім беретін мектепте өткен мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, сәттілік тіледі.

– Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Жаңа оқу жылында облысымыздағы орта білім беру ұйымдарының желісі 1060-қа артты. Оқушылардың болжамды контингенті 500 мыңнан асады. Оның ішінде 1-сыныпқа 52 593 бала қабылданып отыр. Биыл үнемделген қаражат есебінен 300-ден аса білім беру ұйымына жөндеу және табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл дегеніміз облыстағы әрбір үшінші мектеп жаңартылды деген сөз. Жаңа оқу жылы табысты болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Аталған білім ордасы 2007 жылы пайдалануға берілген. 800 орынға арналған білім ұясы биыл ағымдағы жөндеуден өтті. Шатыр жабылып, мектеп сырты толық боялды. Электр сымдары, ішкі және сыртқы шамдар ауыстырылды. Мектеп дәліздері ретке келтірілді. Әжетханасы жаңартылды. Алты оқу кабинетінің едендеріне тақтай қағылды, тоғыз сыныптың жылу жүйесі ауыстырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жемқорлық жолымен табылған қаржылар мемлекетке қайтарылып, мектеп құрылысына жұмсалуда. Осы қор арқылы облыста 20 мектептің құрылыс жұмыстары жүруде. Оның ішіндегі 13 мектеп биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, биыл облыстағы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Осы мақсатта 29 «Жайлы мектеп» құрылысы жүргізілуде, онда 14 мың оқушы білім алады.

Облыс халқының 38%-ы — балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында тұрады. Бұл — республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Қазіргі таңда облыста 2-6 жастағы 187 612 бала мектепке дейінгі тәрбие, яғни балабақшаға барады. Түркістан облысында 50 колледж жұмыс істейді, онда 71 мамандық бойынша 30 000 студент білім алуда. Атап айтқанда, мемлекеттікте – 17 271, жекеменшікте – 13 110.

Жаңа оқу жылында 62 мектепке 265 арнайы пән кабинеті алынуда. Мектептердегі интернет жылдамдығын ретке келтіру мақсатында ағымдағы жылы 330 мектепке «Starlink» құрылғысы орнатылды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 221 мың оқушы бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Қазығұрт ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді

Конституция күні және жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында тағы бір жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оқу жылына орай өңірде 4 жаңа білім ұясы ашылады. Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Көкібел елді мекенінде бүгін Сабыр Рақымов атындағы 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Тұрғындарды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтауға арнайы келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауыл тұрғындарымен кездесті.

— Тұрғындармен өткен кездесуде осы мектеп мәселесі көтерілген болатын. Мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Жаңа білім ошағынан ел үшін еңбек ететін білімді жастарымыз шыға берсін. Өйткені мемлекеттің дамуы ең алдымен азаматтардың білім, тәрбие, мәдениет деңгейіне байланысты. Сондықтан, кез-келген ел әлеуметтік салаға назар аударады. Мемлекет басшымыздың басты талаптарының бірі де осы. Сіздер жақсы білесіздер, бұл салада көптеген қазіргі заманғы мектеп, балабақша, ауруханалар, спорттық ғимараттар тұрғызылуда. Бұл жұмыстар тоқтамайды, — деді аймақ басшысы.

Абаттандырылған мектеп аумағында демалу және серуендеу алаңы, оқушыларға арналған жаттығу залы мен ойын және спорт алаңы орналасқан.

Білім саласында үнемделген 19,4 миллиард теңге қаржыға 20 мектеп салынып, 300-ден астам білім ошақтары жөнделуде. Мұндай ауқымды жұмыс өңір тарихында болмаған. 13 мектептің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі.

2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 63 жаңа мектептің құрылысы қарастырылған, оның 29-ы биыл пайдалануға беріледі. Мектеп инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасады.

Сонымен бірге білім мекемелерін басқаруға іріктелген кадрлық резерв жасақтау бағытында да жұмыс жүргізіледі. Облыстағы орта білім беру ұйымдарының желісі 1060-қа артты. Өңірде 530 000 оқушы бар. Оның ішінде 1-сыныпқа қабылданатын балалар саны – 52 593. Аймақтың білім саласында 85 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 220 920 оқушы бірреттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мектепке 265 арнайы пән кабинеттері алынады. 2024-2025 оқу жылында 17 081 оқушы тасымалданады. Оқушыларды тасымалдауға жаңадан алынған 101 автобус қызмет көрсетеді. Қалған 65 мектептегі қызмет түрі келісімшарт негізде жүргізілуде.

Түркістан облысы орталығында 6 мың бүлдіршін үшін алғашқы рет қоңырау соғылды

Білім саласына қатысты тағы бір маңызды ақпарат. Бүгін Түркістан қаласының білім ордаларында алғашқы қоңырау соғылды. Жаңа оқу жылының басталуына орай Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған салтанатты шараға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты. Ұстаздар қауымына алғысын білдіре отырып, оқушылар мен ата-аналарға құттықтауын арнады.

– Адамның ғана емес, әлемнің дамуы – терең білімнен. Баланы жетектеп, оның зейінін ашып, үлкен өмірге дайындау – үлкен жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті талап ететін еселі еңбек. Руханият төрі – Түркістан келешекте ғылым мен ілімнің ордасына айналады деп сенемін. Балаларымыз зерек, ақылды, зерделі болсын, – деген қала басшысы оқушыларға әліппені табыстады.

Мерекелік шарада қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, облыстық әжелер алқасының мүшесі Ұлжан Мұстафаева жас ұрпаққа ұлағатты сөздерін арнады.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында облыс орталығында 76 мектептің 1-сыныбына 6 мың оқушы қабылданды.

Айтпақшы, Конституция күні қарсаңында заманауи үлгідегі көпфункционалды ашық аспан астындағы амфитеатр ашылды. Ашылу салтанатында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары шаһардағы белсенді жастармен кездесті.

Жиында сөз алған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жастардың үлкен күш екенін атап өтті. Дегенмен соңғы уақытта жастар арасында алаяқтық пен құқықбұзушылық көрсеткіштерінің әлі де көңіл көншітпейтінін, ал шындығында жастарды шыңдайтын тәрбиенің төресі еңбек екенін айтып, тау қопарып, тас жаратын қайратты жастар мемлекеттің келешегі екенін жеткізді.

Шарада облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен мәдениет саласының ардагері Ұлжалғас Мұстафаева сөз сөйлеп, бүгіннің заманның басты талабы білім екенін атап өтіп, дарынды жастарды қолдауды арттыру қажеттігін, ал жастарда сол қолдауға лайықты талпыныс болу керектігін жеткізді.

Алқалы жиында Түркістандағы «Меймандостық және туризм университетінің» алғашқы түлектерінің бірі Гүлім Қалдаяқ туризм саласындағы жастардың рөлі туралы ойын айтса, белсенді мобилограф Бақжан Мырзақұл жастар орталығында замандастарына мобилография шеберлігін үйретуге ниетті екенін жеткізді. «Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің» мұғалімі Бақытжан Дүкенбай қала жастары атынан алғысын айтып, жастар орталығы жас буынды шыңдайтын қара шаңыраққа айнала берсін деген жылы лебізін білдірді. Жиын соңында әкім жастармен естелік суретке түсті.

Жалпы, Түркістан қаласында 71486 жас бар. Оның 10574-і жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер үлесінде. Орта арнаулы оқу орындарында 6743 студент білім алады.

Ордабасы ауданында 4 жұп егіз мектепке барды

Ал Ордабасы ауданының білім бөліміне қарасты Өтебай Тұрманжанов атындағы жалпы білім беретін мектебінде 2024-2025 оқу жылында 1-сыныпқа 4 жұп егіз бала мектеп табалдырығын аттады.

Аталған білім ошағының 1-а сыныбына барған Серікбай Амина, Серікбай Алинаның ата-анасы 7 баланы тәрбиелеп отырған қарапайым отбасы. Анасы жұмыссыз. Әкесі жеке жер кәсібімен айналысады. Ал 1-ә сыныбындағы Нұрғали Ақарыс пен Нұрғали Бекарыстың отбасында алты бала тәрбиленуде. Әкесі әкімшілікте қарауыл қызметінде, ал анасы үй шаруасындағы әйел.

Сәрсен Нұрдәулет пен Сәрсен Бақдәулеттің отбасында 4 бала тәрбиеленуде. Егіздердің бірі — Асқар Аяна мен Аяла. Бұл отбасыда 6 қыз 1 ұл тәрбиеленуде. Анасы Баян Жаңабекова ауылдық кітапханада меңгеруші болып жұмыс жасайды. Әкесі жеке жер кәсібімен айналысады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin