Соңғы жылдары Түркістан облысында апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу бойынша тиісті жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, биыл өңірде 20 мектептің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 14,7 миллиард теңге қаржы қаралған.
Түркістан облыстық білім басқармасының мәліметінше, оның ішінде 15 мектептің құрылысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі болса, қалған 5 мектептің құрылысы биыл басталды. Жыл соңына дейін 13 білім ошағының құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Бұл нысандардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұрғанын да атап өткен жөн.
Биыл жаңа оқу жылында 700 орындық 4 білім ұясының ашылу салтанаты өтті. Атап айтсақ, Қазығұрт ауданының Қызылқия ауыл округіне қарасты Айнатас елді мекеніндегі 100 орындық «Айнатас» мектебі мен С.Рахымов ауыл округіне қарасты Көкібел елді мекеніндегі 300 орындық білім ұясы, Отырар ауданындағы Балтакөл ауылдық округіне қарасты Ақкөл елді мекенінде 100 орындық оқу ордасы, Төлеби ауданының Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық жалпы орта білім беретін мектеп пайдалануға тапсырылды.
Нақтырақ айтсақ, Қазығұрт ауданында бой көтерген 4 мектептің құрылысына облыстық бюджеттен жалпы 2 528,1 миллион теңге қаржы қаралған. Мәселен, биыл жаңа оқу жылында тұсауы кесілген аудандағы Қызылқия ауыл округінің Айнатас елді мекеніндегі 100 орындық «Айнатас» мектебінің құрылыс жұмыстарын Түркістан облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «CK New City» ЖШС жүргізді. Ал Сабыр Рахымов ауыл округінің Көкібел елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысын аяқтап, ел игілігіне пайдалануға берген мердігер мекеме – «Өмірзақ» ЖШС.
Бұдан бөлек Қазығұрт ауданының Тұрбат ауыл округіне қарасты Тұрбат елді мекенінде «Direct Delivery» ЖШС жаңа білім ошағының құрылысын жүргізіп жатыр. 300 орындық мектепті биыл пайдалануға тапсыру жоспарланған. Ал құрылысы қазан айында басталатын Шарбұлақ ауыл округінің Шарбұлақ елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысын келесі жылы аяқтау күтіліп отыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге конкурс нәтижесіне сәйкес «SHEBERBUILD» ЖШС жеңімпаз болып анықталған.
Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан облысында жеке кәсіпкерлердің білім саласына инвестиция салуына да қолайлы жағдай жасалған. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан мектептердің саны артып келеді.
Айталық, Арыс қаласының Онтам елді мекені оқушылары биылғы оқу жылын зор қуанышпен қарсы алмақ. Жуық арада ауылда жеке инвестор есебінен 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бүгінде 140-қа жуық ауыл баласы Ақдала ауылындағы мектепке автобуспен қатынап оқып жүр. Енді жаңа әрі заман талабына сай жабдықталған мектепте білім алады.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова жаңа мектеп ғимаратының құрылыс барысымен танысты. Мектеп соғуға атсалысқан инвестормен жүздесіп, сапалы білім беру ел болашағының негізі екенін баса айтты.
«Жеке кәсіпкердің қоғам игілігіне жасаған бұл үлесі ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және жас буынның білім алуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Жаңа мектептің соғылуы — ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық қана емес, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған үлкен мүмкіндік» — дейді шаһар басшысы.
Мектеп заманауи жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда кең әрі заманауи спорт және акт залы, пәндік кабинеттер, кітапханалар, жуыну бөлмелері мен ішкі әжетханалар қарастырылған. Қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмаған — бейнебақылау камералары орнатылып, сыртқы спорттық тренажерлер мен футбол алаңшасы да қарастырылған.
Ауыл тұрғындары мен оқушылардың қуанышына айналатын бұл мектеп білім сапасын арттырып қана қоймай, ауылдағы балалардың күнделікті өмірін жеңілдетпек. Бұл онтамдық оқушылардың уақытын үнемдеуге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға үлкен септігін тигізбек.
Ал Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында типтік үлгідегі жаңа «Болашақ ұрпақ» мектебінің ашылу салтанаты өтті. Білім ордасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қыдыр Сейітқұл, мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, Түркістан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары және ел ағалары арнайы қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады.
«Болашақ ұрпақ» мектебінде оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылған. 242 орындық білім ұясында заман талабына сай жабдықталған пән кабинеттері, асхана, спорт зал, кітапхана бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін ғимарат бейнебақылау камераларымен толық қамтылған. Сонымен қатар мектептен 4 бағытта 4 автобус қатынайды.
Сөз соңында айтарымыз, жалпы қараша-желтоқсан айларында өңір бойынша тағы 3100 орындық 9 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталады деп көзделіп отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысы жоспарланған. Нәтижесінде 60 мыңдай оқушы заманауи білім ошақтарында оқуға мүмкіндік алмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.