Түркістан облысында жаңа спорт нысандары көбейіп келеді

Кеше ғана Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Заман талабына сай ғимараттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, бапкерлер мен спортшылар және спорт ардагерлері қатысты. Өңір басшысы көпшілікті ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құтықтаймын! Бүгін Түркістан төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Осы бағытта Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлінуде. Өңірде 3500-ден астам спорт нысаны бар. Биыл 11 айда облыста 10 ірі спорт кешені пайдалануға берілді. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері шаһарда «Түркістан-Арена» стадионы, «Olympic Center» спорт кешені, «Теннис орталығы», «Мұз сарайы» ғимараттары пайдалануға беріліп, спортшыларымыз тыңғылықты жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда ескек есу каналы мен халықаралық талапқа сай атшабардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұның бәрі – спорт саласына жасалған қамқорлық әрі үлкен қолдау. Ал бүгін қазақ халқының даңқты перзенті, Түркістаннан шыққан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ел игілігіне берілуде. Түркістан өңірінде чемпионның атын ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгін ашылғалы тұрған спорт кешенін де ел перзентіне лайықты құрмет деп білеміз. Біз спортты дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын айтып, аймақта «чемпионның ізбасарлары көбейе берсін» деген тілегін жеткізді.

«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов та көпшілікті құттықтап, жаңа ғимарат чемпиондарды даярлауға үлесін қосатынын атап өтті.

Бұл нысанның құрылысына Түркістан облысы әкімдігі тарапынан 2,7 миллиард теңге бағытталды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорынан технологиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, ішкі әрлеуге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 500 миллион теңге бөлінді. Ғимараттың ауданы – 7248 шаршы метр, жалпы жер ауданы – 1,8 гектар.

Бұл спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, таеквондо, каратэ, үстел теннисі және ойын спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. 300-ден астам жанкүйер сыятын көрермен залы, жаттығу залдарымен қамтылған. Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге болады.

Айта кетейік, Түркістан облысында спорт қарқынды дамып келеді. Өңірде 29 олимпиадалық, 34 ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатыр. Биыл Түркістан облысының спортшылары әлем чемпионаттарынан 106 медаль, Азия чемпионаттарынан 214 медаль жеңіп алды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 16 алтын, 10 күміс, 5 қола медаль олжалады.

Облыс әкімі таяуда жаңадан салынып жатқан заманауи ипподромның құрылыс алаңында болып қайтты. Құрылыс жұмыстары 2 кезеңнен тұрады. Бүгінгі таңда облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. 99 гектар жерге орналасатын жаңа атшабар (ипподром) көпфункциялы спорт нысанның құрылысының жалпы құны 13,5 миллиард теңге құрап отыр. Онда Ұлттық спортымызды дамытуға бағытталған өзге де спорт түрлеріне орын бөлінеді.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ерекше назар аударуда. Облыста тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында соңғы 3 жылда 100-ден астам спорт нысаны пайдалануға берілді. Олардың арасында «Түркістан-Арена» стадионы, «Мұз сарайы», «Теннис орталығы», «Olympic Center» спорт кешені жұртшылықтың оң бағасына ие болды. Сонымен қатар 7 теннис корты салынып, жалпы ұзындығы 51 шақырым веложол төселген. Октябрь Жарылқапов атындағы стадион жаңартылды.

Бұдан бөлек Түркістанда халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылысы жалғасып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған нысанға барып, құрылыс барысын қадағалады. Жауапты басқарма басшыларына жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.

– Бұл – ауқымды жоба. Жұмыс сапалы атқарылуы тиіс. Қаржыны тиімді жұмсап, халықаралық жарыстар өтетін нысанды өз мерзімінде ел игілігіне тапсыру керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Ескек есу каналының жалпы аумағы 100 гектарға жуық, су сыйымдылығы – 2 миллион текше метр. Жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Бүгінде үшінші кезеңі бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Қазір трибуна мен мұнара бетондалуда. Спорт кешенінің қасбетін бояу және нысанды абаттандыру жүргізілуде. Ол жұмысқа 75 адам, 15 техника тартылған. Каналда 800 мың текше метр су бар.

Сонымен қатар Түлкібас ауданында да кәсіпкерлер арқылы спорт нысандарын көбейту жұмыстары жүріп жатыр. Солардың бірі – Азаттық елді мекеніндегі «Спорт сервис Азаттық» атты спорт кешені. Өткен жылы Азаттық елді мекенінен Бекмұратов Атамұрат есімді жеке кәсіпкердің өз қаржысы есебінен ашылған нысанда бүгінгі таңда 600-ге жуық мектеп жасындағы бала спорттың 8 түрінен (бокс, күрес, дзюдо, тхэквандо, волейбол, үстел тенисі, футбол, гимнастика) үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде.

Бұдан бөлек кешеннің қосымша ғимаратына тігін цехы ашылып, тапсырыстар қабылдап, қазіргі таңда жұмысын жүргізуде. Кәсіпкер өткен жылы үйірменің үш түріне қажетті аймақты дайындаса, биыл қосымша 5 үйірмеге керекті залдарды іске қосқан. Жалпы, кешеннің құрылысына 200 миллион теңгеге жуық өз қаржысын жұмсаған.

Аталған кәсіпкерлік нысанда 30-дан астам ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда 5 облыстық, «Ер Жәнібек» спорт клубы, «Түлкібас спорт клуб» және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт мектебі халыққа қызмет көрсетеді. Осы аталған 8 спорт мекемесінде 5258 оқушы спорттың 22 түрінен қамтылған. Сондай-ақ биыл Рысқұлов ауылдық округінен жеке кәсіпкер А.Тойшыбековтың есебінен жалпы құны 150 миллион теңгеге футбол алаңшасы ашылып, ауыл тұрғындарына пайдалануға берілсе, Керейт, Майтөбе және Алғабас ауылдарында жабық футбол алаңшаларының құрылысы жүргізілуде.

Қараша айында Ордабасы ауданының Бадам ауылында да заманауи спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, тұрғындарды құттықтады.

– Өңірімізде ауылды елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Білім, медицина, спорт, мәдениет нысандары салынуда. Бүгін спорт кешенін ашқалы тұрмыз. Бұның бәрі сіздер үшін, жастар үшін үлкен қолдау деп ойлаймын. Осында жаттыққан спортшы жастарымыз әлемдік деңгейде Қазақстанның атын шығара берсін! – деген Дархан Сатыбалды спорт кешенін аралап көріп, спортшылармен, бапкерлермен жүздесті.

Жобаның құны – 1 132 223,6 мың теңге. Жер телімінің ауданы – 1,5 гектар болса, құрылыстың ауданы – 2488,59 шаршы метр. Нысанның құрылысын «Қаратау ЛТД» ЖШС жүргізген.

Заманауи спорттық-сауықтыру кешенінде грек-рим күресі, еркін күрес, самбо, дзюдо және бокспен шұғылдануға жағдай жасалған. Сонымен қатар баскетбол, волейбол, гектарндбол секілді командалық спорт түрлерімен де айналысуға болады. Залға 210 көрермен сияды.

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары спорт кешенінің салынғанына ризашылықтарын білдіріп, өңір басшысымен еркін пікір алмасты. Ұсыныстар айтылып, аймақты дамыту жолдары сөз болды. Аталған спорт кешенінде Қажымұқан атындағы №1 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі орналасады. Бұл спорт мектебінде 1000-ға жуық бала жаттығып жүр.

Орайы келгенде, жақын күндері өңір спортшыларының қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек етсек.

Словенияда шахматтан жастар арасында рапид және блиц бойынша әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі сында Қазақстан жастары керемет жетістікке қол жеткізді. 36 елден 320-дан астам жас шахматшы бақ сынаған байрақты додада біздің жас өрендер блицтен 2 алтын, 1 күміс және 1 қола жеңіп алса, рапидтен 3 күміс және 3 қола жеңіп алды.

Бұл жеңістің ішінде Түркістан қалалық «Балалар және жасөспірімдер спорт клубының» (БЖСК) шахматшысы Асия Асылханның үлесі ерекше. Ол күміс жүлдегер атанды. Бапкері Асхат Майкотов, спорт нұсқаушылары Қуанышбек Жұмадуллаев пен Алима Пашанованың жетекшілігімен Асия әлемдік деңгейдегі жарыста тамаша өнер көрсетті.

Мұнан өзге өңір саңлағы Сағындық Тоғамбай Таиландтың Чиангмай қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында топ жарды. Ұлттық құрама спортшысы 92 келіде финалда Парвиз Каримовтің (Тәжікстан) осал тұсын тапты. Ханчжоудағы Азия ойындарының қола жүлдегері алғашқы және екінші раундта қарсыласын есеңгіретіп тастады. Осыдан кейін де ауыр соққыларымен Каримовке ес жиғызбады.

Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының «Түркістан кәсіпқой бокс клубының» спортшылары жарады. Ерлер құрамасын сапында 92 келіде Сағындық Тоғамбай топ жарса, әйелдер арасында 57 келіде Ұлжан Сәрсенбек қола жүлдегер атанды.

Жалпы Қазақстан ерлер құрамасының еншісінде 4 алтын медаль бар. Олар: Махмұд Сабырхан (54 кг) мен Бекзат Нұрдәулетов (86 кг) Сағындық Тоғамбай (92), Айбек Оралбай (+92). Сонымен бірге 5 күміс, 1 қола медаль еншіледі. Ал әйелдер құрамасы 5 алтын медальмен топ бастады.

Ал Астана қаласында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында «Чемпиондар лигектарсы» республикалық турнирі өтті. Боз кілем төріндегі додада жауырыны қақпақтай апайтөс балуандар кіл мықтыны анықтады. Нәтижесінде Түркістан облысының үміттері 4 алтын, 4 күміс және 7 қола медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді.

Қоса кетейік, Астана қаласында 4-6 желтоқсан күндері қазақ күресінен жасөспірімдер арасында «Жас барыс» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Бұл сында да жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Жарыс қорытындысында 4 алтын, 3 қола медальді облыс қоржынына салып, командалық есепте жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінді.

Осылайша Айдос Сералиев шәкірттері қос турнирде өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп, сенімді ақтады.

Сонымен бірге Өскемен қаласында жүзуден «Алтай жұлдызы» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Су айдынындағы бәсекеге елімізден 15 команда, 315 спортшы қатысып, өзара шеберліктерін байқады. Жарысқа қатысушылар ішінде 196 ұл, 119 қыз бағын сынады.

Айтулы сайыста Түркістан облысының намысын қорғаған Дария Токтобаева нәтижелі өнер көрсетті. Оның еншісінде 4 алтын, 2 күміс медаль бар. Спортшы 100, 200, 400 метрге еркін жүзуде және 200 метрге шалқалай жүзуде чемпион болды. Сонымен бірге 200 метрге кешенді және брасс әдісімен жүзуде күміс жүлде еншіледі. Ол – облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin