Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мемлекеттік жастар саясатын облыс көлемінде жүзеге асырылуы бойынша аудан һәм қалалық жастар ресурстық орталықтары басшыларымен мәжіліс өтті. Кездесу барысында ағымдағы жылдың 6 айда атқарылған және алда атқарылатын жұмыс жоспары талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары жастарды мемлекеттік бағдарламамен қамту, жас кәсіпкерлерді қолдау, «Кәсіптік бағдар беру» бойынша облыс жастарына насихаттау жұмыстарын жандандыру, «Серпін» бағдарламасын насихаттау, өңірдегі жастар саясатын дамыту және тәжірибе алмасу мақсатында жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Жастар – еліміздің болашағы. Ел ертеңі – жастардың қолында. Аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарында біршама жұмыстар атқарылды. Әсіресе, жұмыс жүргізу барысында басты басымдық жастарды жұмыспен қамту бағытына аударылды. Басты мақсат – жұмыссыз жастар санын азайту. Осы мақсатта өңірде кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жастарға қолдау күшейтіліп, жұмысқа орналастыру бойынша белсенді көмек көрсетіліп, өзге де қолдау шаралары қолға алынуы керек. Алдағы уақытта NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында әлеуметтік қолдау, білім алуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдануы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев жұмыс есебі мен биыл атқарылатын жұмыстары туралы баяндады.
Оның мәлімдеуінше, Түркістан облысында 14-35 жас аралығындағы жастар саны 663 мыңнан асып, халық санының 30 пайызын құрайды. Облыстағы жұмыссыз және NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 40 863 жасты тарту жоспарланған болатын. Жастарды аталған мемлекеттік бағдарламалармен қамту және ақпараттандыру мақсатында аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтары насихаттау жұмыстары жүргізілу үстінде. Нәтижесінде 6 айда 10 008 жас тартылды. Қазіргі таңда орталықтарда мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 169 918 жасқа кеңес берілді.
«Серпін» бағдарламасы бойынша жұмыстарды күшейту мақсатында жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері солтүстіктегі жоғарғы оқу орындарына арнайы іссапармен барып, бірқатар ынтымақтастық меморандумдарға қол қойылды. Биыл «Серпін –2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасын насихаттау мақсатында 6 университеттің өкілдері келіп, аудандарда мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізді.
Одан бөлек «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған ұлттық жобасы аясында жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5% көлеміндегі несиені 621 жасқа беру жоспарланып отыр.
Еске салайық, 2023 жылдан бастап Қазақстан жастары кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған жеңілдетілген шағын несие алуға құқылы. ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов жастардың кәсіпкерлік бастамасын дамыту үшін жеңілдетілген шағын несиені қалай алуға болатынын түсіндірді.
«Жастар кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында микрокредит беріледі. Микрокредит сомасы 5 млн теңгеге дейін, ал жылдық номинальды сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайды. Микрокредит алушылар үшін негізгі борышы мен сыйақыны өтеу мерзімінің ұзақтығы жалпы мерзімнің 3/1 бөлігінен аспайтын кезеңге жеңілдікпен беріледі», — деп нақтылады ол.
Ал микрокредит беру мерзімі — 5 жылға дейін. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылды құрайды.
«Міндетті шарттардың бірі — кепілмен қамтамасыз ету. Кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған жағдайда, басқа кепіл берушіні қосымша тартуға болады. Олар ата-анасы, туыстары, тіпті достары да бола алады. Шектеу жоқ. Микрокредит алушылардың жасы 21 бен 35 жас аралығында болуы тиіс. Сонымен қатар микрокредитке өтінім берген кезде дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуі болуы шарт. Микрокредит Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі. Өз мүмкіндіктеріңізді жіберіп алмаңыздар» – деп отыр жауапты ведомство өкілі.
Әрине, бұл ретте бірнеше міндетті шарт бар. Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады. Кепілмен қамтамасыз ету ретінде келесілер қабылданады:
– екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты;
– республикалық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік;
– жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері;
– жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері;
– бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері;
– мамандандырылған техника.
Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.
Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.
«Осылайша, микрокредит беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жоспарымен өзекті, өміршең болуы тиіс жобаның пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады. 2024 жылдың сәуір айынан бастап микрокредиттер алуға өтінімдер барлық облыстарда басталды. Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылданады», – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Биыл кәсіптік білім алуға ниетті бітіруші түлектерге мемлекет тарапынан орта арнаулы оқу орындарына 15 500 грант бөлінген болатын. Грантты игеру мақсатында білім басқармасымен меморандумға отырып, облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған мобильді топ 17 аудан, қаланы аралап, мемлекеттік грантты насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, осы жылы мемлекеттік жастар саясатын жүргізу мақсатында түрлі бағыттар бойынша жалпы 12 іс-шара жоспарланған.
Атап өтерлігі, Түркістан облысы бойынша жастардың саны (14 пен 35 жас аралығындағы) 663 мыңнан астам, ол облыс халқының 30%-ын құрайды (соның ішінде 125,4 мың (22%) – қала жастары, 537,8 мың (78%) — ауыл жастары).
Өткен жылдан Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру басталды. «Жастарды дамыту индексі» енгізілді.
2024 жылы жұмыссыз жастар мен NEET жастардың үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 36 860 жасты тарту жоспарланған. Жастарды аталған мемлекеттік бағдарламалармен қамту және ақпараттандыру мақсатында аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтары тұрақты насихаттау жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде 9 455 жас тартылды. (2023 жылдың қорытындысы бойынша 40 692 жас тартылды.)
Сонымен қатар, жыл басынан мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 91 690 жасқа кеңес берілді (2023 жылы — 310 309 жас).
2024 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жобасы шеңберінде жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5% несие бойынша 621 жасқа беру жоспарлануда. (2023 жылы Түркістан облысында 594 жасқа несие беру жоспарланып, жалпы қаражат көлемі 2 миллиард 970 миллион теңгені құрады. Бұл бойынша 986 өтінім берілген, соның ішінде 625 өтінім комиссия мүшелерінің оң қорытындысын алып, қаржыландырылды.
Орайы келгенде тілге тиек етейік, Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылса, «Асыл Мұра» жобасы асында Түркістан облысының тарихи мәдени орталықтары мен туристік аймақтарында аптасына 1 рет 300 жастың қатысуымен квест ойындары ұйымдастырылды.
Төлеби ауданы әкімдігі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және «JAKE TAU» тур агентігімен бірлесе ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 150 жастың қатысуымен, Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі таулы аймақта орналасқан демалыс орындарында, Бадам өзені жағалауларының бойында қоқыстарды тазалап, жабайы өскен, қураған ағаштардан тазартты. Жалпы жастар белсенді атсалысып, тазалыққа шақырып, 5 тоннаға жуық қоқыс шығарды. Қоқыс шығарып қана қоймай командаға бөлініп, жарысып, көңіл көтеріп, белсенді жастар марапатталды. Бірінші орын алған командаға арнайы демалыс аймағына бір күн тегін демалуға жолдама берілді.
Сондай-ақ акция аясында сенбілікке шақыра отырып, осы эстафетаны Алматы қаласының жастарына тазалық этафеттасын жолдады.
Қазығұрт ауданында облыс жастары «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акциясын қолдау мақсатында, Қазығұрт ауданының әкімі, аудандық мәслихатының депутаттары, Жастар ресурстық орталығының басшыларының қатысуымен арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу жұмыстары жүргізді.
Аталған акцияға жалпы 150-ге жуық облысымыздың белсенді ерікті жастары, депутаттар, қоғам белсенділері, жастар орталығы қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Акцияның «Өнегелі ұрпақ» кезеңінде «Ардагерді ардақтайық» жобасы аясында қарттар үйлерінде абаттандыру жұмыстарына, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында тазалық жұмыстары жүргізілді
Таза Қазақстан экологиялық акциясы әліде Түркістан өңірінде қарқынды жүзеге асуда. Маусым айынан бастап, бұл акцияға мемлекеттік бағдарлама аясында «Жасыл ел» жастар жасағымен 1550 жас елімізді көгалдандыру және абаттандыру бағыты бойынша өз үлестерін қосуда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.