Түркістан облысында инвесторлар бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын ашуға мүдделі

Бүгінгі таңда Түркістан облысында аса маңызды әрі елдің экономикасын көтеретін жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өңірлік инвестициялық штабтың әр мәжілісінде сол жобалардың түйткілдері тарқатылады. Мәселен, қазан айында өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жүргізіп, жобалардың жағдайымен таныстырды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестордың пікірін, ұсынысын тыңдап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

– Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары инвестиция тарту бағытында белсенділікті арттырсын. Ізденіңіздер. Инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу – басты міндетіміз. Жұмысты күшейтіңіздер. Кәсіпкерлермен, инвесторлармен ақылдасыңыздар. Екіншіден, жерді алып, жұмысын уақтылы бастамаған инвесторларға да заң шеңберінде шара көрілсін. Жер берілген соң жобалар өз уақытында жүзеге асуы керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Инвестициялық штаб отырысында 14 жобаның жай-күйі талқыланды. Сол жобалар жүзеге асатын аймақтың әкімдері мен инвесторлардың есептері, ұсыныстары тыңдалды.

Түркістан облысында дрон шығаратын, интеграцияланған жылыту жүйелеріне арналған жабдықтар өндіретін зауыттар салу жұмысы жүруде. Өсімдік майын шығаратын зауыт салу жобасы да ұсынылған. Бұл жобалар Сауран ауданы мен Арыс қаласында жүзеге асады. Сонымен бірге Кентау мен Түркістанда газ қазандықтары мен тұрмыстық техника өндіретін зауыт құрылысы да жүргізілмек. Жобаның 1-кезеңі бойынша «Кентау» арнайы-экономикалық аумағындағы бұрынғы экскаватор зауытының қолданыстағы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. 2-кезеңін іске асыру бойынша «TURAN» арнайы-экономикалық аумағынан 4 гектар жер бөлу көзделіп отыр.

Сайрам ауданындағы «ПГУ Туркестан» ЖШС-нің бу-газ қондырғысының құрылыс барысы мен «Казахстанские коммунальные сети» ЖШС-нің газ турбиналы электр станциясын салу және жел электр станциясын салу жобалары да талқыланды. Жобаны уақтылы аяқтау қажеттігі ескертілді.

Түлкібас ауданындағы «Beibars-Bottlers» ЖШС-нің ауыз су және түрлі-түсті сусындар өндіру зауытының құрылысы аяқталған. Қазіргі таңда құрал-жабдықтарына шеф-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, жобаны іске қосуға қажетті электр энергиясы мәселесін шешу күтіліп отыр. Мақтааралдағы «GLOBAL TEXTILE TURKESTAN» ЖШС-нің тоқыма кластерін құру жобасын іске асыру барысы да зерделенді. Бүгінде аталған компанияның көмегімен жоғары сұрыпты мақта егілген, түсім ойдағыдай.

Мәжілісте осы және өзге де жобалар талқыланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалер берілді. Түркістан облысында зауыттар салу, өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасады.

Түркістан өңірінде кәсіп ашқысы келетін инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қараша айында кезекті инвестициялық штаб отырысын өткізіп, өңірде жаңа өндіріс орындарын ашатын кәсіпкерлермен жоба барысын жан-жақты талқылады. Инвестициялық штаб – бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң. Әкім энергетика саласы, сүт өңдеу зауыты, тігін фабрикасы, медициналық бұйымдар өндірісі, мал бордақылау алаңы, кір жуатын ұнтақ, тұрмыстық химия өндірісін қолға алған инвесторлармен жұмыс барысын пысықтады.

Инвестициялық штаб отырысында көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыруына ықпал ететіні айтылды. Облыс әкімі инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды жоюдың маңыздылығын атап өтті. Құрылысы жүріп жатқан зауыт, фабрикалардың маңыздылығы мен тиімділігін ескертіп, осы мақсатта жауапты тұлғаларға инфрақұрылым тартуға қатысты нақты тапсырмалар берді.

– Қағазбастылық дегенді доғару қажет. Инвесторлардың түрлі кедергілерге тап болуына жол берілмеу керек. Ол үшін әр әкім, басқарма басшылары тікелей жауапты екенін ескертемін. Әр инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы қатаң бақылауда. Ешқандай тежеу болмауы керек. Электр энергиясы, газ бойынша мәселе туындаған жағдайда, шұғыл әрекет етіп, шешу қажет. Оны созбалаңға салудың өзі – сын. Аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласына басымдық беріледі. Тапсырма берілгенін күтіп отырмай, бастама көтеріп, дербес жұмыс істей біліңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ Дархан Сатыбалды таныстырылған жаңа жобалардың маңыздылығына назар аударып, аудан басшылары мен жауапты сала басшыларына инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды. Аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын еске салды.

Түркістан облысында қазіргі уақытта өндірісті дамыту бағытында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Биыл жалпы құны 136,0 миллиард теңгені құрайтын 56 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Бүгінге күні 31 инвестициялық жоба іске қосылды.

Импорттан тәуелділікті азайту үшін, Өндірістік паркте мемлекет тарапынан кәсіпорынға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын ғимарат ұсынылады. Өндірістік кешенде 39 ғимарат бой көтеруде. 10 кәсіпорын іске қосылды. Бұдан бөлек, өңірде 13 индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ бар. Онда жұмыс бастап жатқан кәсіпорындар салықтан босатылады. Кедендік жеңілдіктер қарастырылған, инфрақұрылымы бар. Жалпы арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда 53 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ 139,4 миллиард теңгеге 29 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысында кәсіпкерлердің саны жыл басынан 2 мыңға артып, бүгінде 208 мыңды құрады. Аталған салада 282 мың адам жұмыспен қамтылған. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен өңірде жалпы құны 1,1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, қазіргі уақытта текстиль кластерін құру және алюминий бұйымдарын шығару зауыты инвестициялық жобаларының құрылысы басталды.

Қараша айының басында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен мәжіліс өтіп, Түркістан облысында жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланды. Өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланған жиналысқа Ауыл шаруашылығы басқармасының, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, Бақылау жөніндегі басқарманың және «Түркістан ӘКК» АҚ-ның жауапты мамандары қатысты.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, инвестициялық жобалар жоспарланған мерзімінде жұмысын бастауы үшін үйлестіру ісіне бақылау күшейтіледі. Нұрбол Тұрашбеков ауыл шаруашылық өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар құрылысына қатысты нақты тапсырмалар бекітті:

— Құжаттарды кешіктіруге немесе туындаған мәселелерге немқұрайлы қарауға жол берілмесін. Міндеттеріңізді жауапкершілікпен атқарыңыздар, — деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Инвестициялық жобалар бойынша қозғалыс картасы әзірленіп, тұрақты түрде апталық есеп түзіледі. Сонымен қатар, жауапты мекемелер мен қызмет өкілдерінің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен апта сайын жұмыс кеңестерін өткізу келісілді.

Онда инвесторлардың әр мәселесі жеке қаралып, пәрменді шешімдер қабылданады, осылайша, инвестордың ұсыныстары мен проблемалары әкімдіктің назарынан тыс қалмайды.

Қандай жағдай болса да, Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тартуға басымдық берілген. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қала әкімдері шетелдің кәсіпорындарын аралап, іскерлік байланыс орнатты. Сонымен бірге Түркістанда халықаралық инвестициялық форум өтті. Осы жұмыстар нәтижесіз емес. Жергілікті билік жоба-жоспарлар құрып үлгерген. Таяуда облыс әкімдігінде осы сұрақтар талқыланған мәжіліс өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды.

– Бюджет қаржысына инфрақұрылым, нысандар салу жұмысы жүре береді. Бірақ біз тұрғындарға жұмыс тауып беру мәселесін басты назарда ұстауымыз керек. Инвестиция тарту жұмысын күшейтіңіздер. Шетелге іссапарға барып келген басшылар нақты нәтижеге қол жеткізетін болсын. Жүргізілген келіссөздерді жүзеге асырып, инвестициялық жобаларды көбейтіңіздер, – деген Дархан Сатыбалды осы бағытта семіді ақтамаған әкімдер мен орынбасарларына тиісті шара көрілетінін ескертті.

Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Түркістандағы инвестициялық форум мен Қытай, Оңтүстік Корея елдеріне жасалған іссапарлар нәтижесіне тоқталды.

Биыл Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT & TOURISM FORUM» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Форумға жалпы 1729 адам, 127 компания қатысты. Форум аясында жалпы соммасы 301,4 миллиард теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды.

Түркістан облысының делегектарциясы Корея Республикасының бірнеше аймағын аралады. Ресми тұлғалармен келіссөздер жүргізді. «Орталық Азия – Корея Республикасы» өңіраралық ынтымақтастықтың форумына қатысты. Корея Халықаралық Сауда Қауымдастығы (KITA) ұйымдастырған бизнес-семинарға қатысты. Іссапар Қытайдың бірнеше ірі қаласы мен аймағында жалғасып, түркістандықтар қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Айта кетейік, биылғы 11 айда облыс экономикасына 1 064,7 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,5%-ға жоғары. Жыл басынан тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды. Биыл 134,1 миллиард теңгеге 56 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 11 айда 41 жоба іске қосылып, 1 659 жұмыс орны ашылған.

Отырар ауданында түйе сүтінен ұнтақ өндіретін кәсіпорын іске қосылады

Отырар ауданында 2024 жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 66,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 300 миллион теңгеге артық орындалған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы — 33,3 миллиард теңге, тартылған инвестиция — 23,6 миллиард теңге, сауда — 2,8 миллиард теңге, өнеркәсіп — 22 миллиард теңге, құрылыс көлемі — 8,2 миллиард теңгені құраған. Бұл жайында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Биыл Отырар ауданында 35 000 гектарға егін егіліп, егістік алқабынан 395 993 тонна өнім жиналды. Одан бөлек, ауданда 2024 жылдың ІІ тоқсанында бірнеше инвестициялық жоба іске асырылды. Мәселен, «Баржоу Хинкай Трейд гоу» ЛТД компаниясымен бірлесіп 500 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен мақта дақылын егу жұмыстары жүргізіліп, 1 200 тонна мақта өнімі алынды. Сонымен қатар, ауданда жыл соңына дейін 800 миллион теңгеге сауда саласы бойынша екі шағын инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2025 жылы құны 360 миллион теңгені құрайтын түйе сүтін өңдеп, ұнтақ шығаратын кәсіпорын құру көзделген. Бүгінде Қытай мемлекетімен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, 2025-2030 жылдары құны 145 миллиард 625 миллион теңгені құрайтын 157 ірі және шағын инвестициялық жобалар жүзеге асып, 1 790 адам жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, келесі жылы ауданда «Nomad» ЖШС-нің демалыс аймағы іске қосылады. Ал, 2026 жылы «Жанұя» ЖШС-нің емдік балшық пен жылы сумен емдеу орталығын іске қосу көзделген», — деді аудан басшысы.

Бұдан бөлек, аудандағы Шәуілдір ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Нысан 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Аққұм ауылынан дәрігерлік амбулатория құрылысы мен Шытты ауылынан фельдшерлік-акушерлік нысанның құрылысы жүргізілуде. Ғимараттар 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін ел игілігіне беріледі.

Инфрақұрылыммен қамту бойынша аудандағы 37 елді мекеннің 35-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қалған екі елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. 2018-2023 жылдар аралығында 21 елді мекен табиғи газ жүйесіне қосылып, жалпы аудан халқының газбен қамтылу деңгейі 71,4 %-ға жеткен. 2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 13,7 шақырымдық 7 ішкі көшеге, жергілікті бюджет қаржысы есебінен 34,8 шақырымдық 29 көшеге орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп, қанағаттанарлық дәрежедегі жолдар үлесі 80,1%-ды құрап отыр.

Түйе сүті демекші, Түркістан облысына инвестиция тарту жұмыстары жан-жақты атқарылып жатыр. Ол үшін шет мемлекеттердің ірі компания иелерімен кездесулер өткізіліп, келіссөздер жүргізілуде.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Қатар елінен келген «Trust for Trading Co» компаниясының бас директоры Салех Джабер Аль Маримен кездесті. Жүздесуде тараптар сүтті бағыттағы түйелерді Түркістан өңіріне алып келу, өсіру жайын талқылады. Нақтырақ айтқанда, инвесторлар Қатар елінен түйелерді алып келіп, бағуды, түйелерді жергілікті шаруаларға сатуды көздеп отыр. Әрі қарай, жоспар бойынша, шарулар түйе сүтін Түркістан қаласында орналасқан «Golden Camel» зауытына өткізеді. Осы ретте, жергілікті шаруаларға жеңілдетілген несие қарастыру жайы да қозғалды.

Қазіргі уақытта «Golden Camel» зауыты түйе сүтін 850 теңгеден қабылдап, одан құрғақ өнім жасап, өнімдерін Қытайға экспорттауда. Зауыт қабылданатын сүт көлемін арттыруды көздеп отырғандықтан, бұл – жақсы ұсыныс.

Облыс әкімінің орынбасары өңір экономикасына оң әсерін тигізетін, жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болатын әрбір бастамаға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жоба қолға алынған жағдайда толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер қарастырылатынын айтты. Алдағы уақытта бұл жоба жіті зерделеніп, қаралатын болады.

Trust for Trading Co – Қатар мен Парсы шығанағы елдеріне мал мен етті экспорттаумен айналысатын Қатарда орналасқан компания. Бұл ірі халықаралық мал компанияларының бірінің еншілес кәсіпорны. Штаб-пәтері Австралия, Түркия, Бразилия, Уругвай, Румыния және Иорданиядағы көптеген фермаларға тиесілі. Сонымен қатар компания Парсы шығанағы елдеріне, Иорданияға, Түркияға, Индонезияға және Вьетоннаамға ірі қара мен салқындатылған ет жеткізуші болып табылады.

Компания импорттық елдің талаптарына сәйкес мал, бұзау және қой тасымалдауға арналған тоғыз алып кемеге иелік етеді. Шамамен 90 000 бас қой мен 12 000 бас бұзауды тасымалдай алатын үш кемесі бар. Бұдан бөлек, әрқайсысы шамамен 30000 бас қой мен 4000 бас бұзауды тасымалдауға қабілетті алты кемені меншіктеп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin