Түркістан облысында кедейлік деңгейін 5,5%-дан асырмау шаралары белсенді түрде жүргізіліп келеді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кедейлік деңгейін 5,5%-дан асырмау және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма жүктеген болатын. Қабылданған шаралардың нәтижесiнде жыл соңына дейін табысы кедейлiк шегiнен төмен тұратын азаматтардың санын 2023 жылмен салыстырғанда 25%-ға азайту жоспарланып отыр.

Жалпы, облыс көлемінде аз қамтылған отбасылардың табысын арттыру және өмір сүру деңгейін жақсарту жолында жұмыстар атқарылып, әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, соңғы жылдары атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендетудің оң үрдісі байқалады. Мәселен, Түркістан облысында биыл 116,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 12,2 миллиард теңге бөлінген. 2024 жылғы 1 қарашасындағы жағдай бойынша 15 388 отбасы, яғни 92 370 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған екен. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар қарасы 41,4%-ға төмендеген. Сондай-ақ олардың ішінде еңбекке қабілетті 17 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.

Халықтың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауына алынған.

Жұмыс орны демекші, Түркістан облысында биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 104 635 жұмыс орны құрылды.

Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, кемшіліктер мен өзге де түйткілді мәселелер түнеугүні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның есебі тыңдалды. Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар негізінде инфрақұрылымдық жобаларда ашылған жұмыс орындарына жолданған азаматтардың міндетті зейнетақы жарнасының аударылуы бойынша республикада 4-ші орынға орналасты.

Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру, Жастар практикасы, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасы бағыттары бойынша төмен көрсеткіштер барын жасырмады. Облыс әкімінің орынбасары жоспарды тиісті деңгейде атқармаған Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, Отырар, Сауран аудандарының мәселелері жеке-жеке қаралып, кемшіліктерді түзетуге уақыт берді.

Мәжілісте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Қазанқапов баяндама жасады. Оның сөзіне сүйенсек, биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 31 208 адамды жұмысқа жолдау жоспарланып, нақты 32 578 адам жұмыспен қамтылған. Жаңа және бос жұмыс орындары бойынша 39,1 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Ұлттық жобалар аясында 2024 жылы 397 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, оның 362-сі орындалған екен. 3671 жаңа жұмыс ашу межеленіп, 3106 азамат жұмысқа орналасқан.

Орайы келгенде атап өтейік, облыс орталығында жыл басынан бері 6064 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл жайында қалалық «Мансап орталығының» Жұмыс іздеушілерді қолдау бөлімінің басшысы Уалихан Тінейбайұлы тікелей эфирде баяндады. Орталықтың «Инстаграм» және «Facebook» парақшаларында өткен тікелей эфирде жыл басынан бергі көрсеткіштер айтылды. Сондай-ақ тұрғындардың көкейкесті сауалдары талқыланып, тұшымды жауап берілді.

Баяндамаға сүйенсек, биыл қалада субсидияланған жұмыс орындары 2543-ті құраған.

Қоғамдық жұмысқа 1308 адам, алғашқы жұмыс орнына 135 азамат, әлеуметтік жұмыс орнына 144 маман жолданған. Ал «Жастар практикасымен» 780 азамат жұмысқа орналасса, «Күміс жас» жобасы арқылы 176 азаматқа көмек көрсетілген.

Одан бөлек, ұлттық жоба шеңберінде 35 жоба, 478 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның 30 жобасы іске асырылып, бүгінде 426 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтарды да жұмыспен қамту шаралары жүйелі жүзеге асуда. Атап айтқанда, биыл ерекше қажеттілігі бар 20 азамат квотамен жұмысқа тұрды. Пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар да қолдау алып, 15-і жұмыспен қамтылып үлгерді.

Жоғарыда айтылған жұмыстардың нәтижесі бойынша шаһарда жұмыссыздық деңгейі биыл 4,9%-ды құрап отыр.

Бұдан бөлек, өңірде «Жастар практикасы» және «Күміс жас» жобалары, қоғамдық, әлеуметтік және алғашқы жұмыс орындарымен жергілікті тұрғындарды қамту, пробация есебінде тұрған немесе бас бостандығынан айырылған, тұл жетімдер мен мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бойынша аудан, қалалардағы жұмыстар сараланып, индикаторлардың орындалуы қаралды.

Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатының нысаналы жұмсалуына тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 2023 жылы грантпен қамтылған 23 азаматтың қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, мемлекетке қайтару бойынша сот шешімі шықты. Қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Ал ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жіберілген 575 азаматпен арадағы еңбек тәртібін сақтамағаны үшін келісімшарт біржақты тоқтатылды. Субсидияланған жұмыс орындарына жолданған 2517 азаматпен де келісімшарт үзілді.

Бейсенбай Дәулетұлы «Мансап» орталықтарындағы кадрлардың біліктілігін арттыруға аса мән беруді, жұмысты жандандыру бойынша ұсыныс-пікірлерге ашық екенін жеткізді. Жоспарды тиісті деңгейде орындамаған жауапты басшыларға сын айтып, кемшіліктерге жол бергендерге тиісті шара көрілетінін ескертті.

Түркістан облысында әлеуметтік салаға ұдайы мониторинг жүргізіледі

Жоғарыда айтқанымыздай, Түркістан облысында кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес, әлеуметтік саладағы кемшіліктерді жою бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Әлеуметтік салаға бөлінген қаржыны өз мақсатында тиімді жұмсау, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің жолын кесу үшін мониторингтер мен тексерулер жүргізу тоқтаған емес. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, облыс әкімімен бекітілген 2024 жылғы «Өңірдің жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланды. Оның ішінде 74,1 мың адамды тұрақты жұмыс орындарына, 44,8 мың адамды уақтыша жұмыс орындарына орналастыру көзделген. 2024 жылдың 3 тоқсанындағы дерек бойынша 88,9 мың адам Өңірлік карта аясында жұмыспен қамтылды, оның ішінде 46,2 мың адам тұрақты жұмысқа орналасса, 42,7 мың уақытша жұмыс орындары ашылған. Жоспар бүгінде 74,8% орындалып отыр. Жұмысқа орналасқандардың 96 пайызымен электрондық келісімшарт түзіліп, жалпы 85,7% зейнетақы аударымдары төленген.

2024 жылы облыс бойынша «Еңбек» бағыты аясында 98,2 мың адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарланып, нақты 69,4 мыңнан астам азамат қамтылған. Жылдық жоспар 70,7 пайызға орындалды. Оның ішінде 27,3 мың азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.

«Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Абзал Қазақаповтың баяндауынша, 2024 жылдың ақпан айында субсидияланған жұмыс орындарын ұйымдастыру барысында қаржыны жымқыру фактілері анықталды. Бұл ретте Орталық тарапынан анықталған фактілер Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне ұсынылып, тергеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, заң бұзушылықтарды жою бойынша бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес 82,8 миллион теңге (52%) бюджетке кері қайтарылды. Құзырлы органдардың ұсынымын қарау барысында заң бұзушылыққа жол берген «Еңбек мобильділігі» орталығы мен «Мансап» орталықтарының 43 қызметкерінің тәртіптік жауапкершіліктері қаралған. Оның ішінде 16 қызметкер жұмыстан босатылған.

Өңірде мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы мен заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып, субсидияланған жұмыс орындарына жолданған азаматтардың еңбек тәртібін сақтауына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Қазығұрт аудандары мен Түркістан қаласы бойынша жұмысқа жолданған азаматтарға қоңырау шалу арқылы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, зерделеумен қамтылған 4422 азаматтың 620-сы жұмыс орны, атқаратын жұмысы, еңбек ақы көлемі туралы мардымды жауап бере алмаған. Жұмыстан шығарылған.

Жыл басынан жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде жұмыс орындарына қабылданған 30,2 мың адамның ішінде 1309 адамға (4,3%) еңбек тәртібін сақтамағаны үшін келісімшартты тоқтату шешімі қабылданды. Тиісінше, аталған жұмыс берушілермен келісімшарт бұзылып, жалған қатысушылардың еңбекақысы төленбей, бюджет қаржысы үнемделді.

Жұмыспен қамту шараларын ширату, мемлекет қаржысын мақсатты жұмсау, еңбекпен қамтылған тұрғындардың жұмыстарына келуін қадағалау, міндетті зейнетақы жарналарын төлеуін назарға алу облыс басшылығының әрқашан қадағалауында тұр. Бұл ретте аудан, қала әкімдері орынбасарлары мен әлеуметтік салаға жауапты басшыларға өз міндеттерін адал, сапалы атқару керектігі де ескертілген.

Түркістан облысында шет мемлекеттерге жұмысқа орналастыратын орталық бар

Айтпақшы, тақырыпқа орай маңызды ақпаратты қаперлеріңізге салсақ, енді Түркістан өңірінің тұрғындары Ұлыбритания, Қатар, Оңтүстік Корея елдерінде заңды түрде жұмысқа орналаса алады. Жуырда өңірге арнайы келген Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездескен болатын. Содан кейін БҰҰ Көші-қон агенттігінің Қазақстандағы Миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Серхан Актопрак және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бірге шетелдерде жұмысқа орналастыруды оқытатын «Алдын ала даярлық орталығының» салтанатты ашылуына қатысты.

Орталық жұмыс іздеушілерге мағлұматтар мен кеңестер беру, тіл үйрету, қауіпсіз көші-қонды қамтамасыз ету, сапарға дайындау, тәжірибе арттыру, жалпы жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылды.

Өкілдер әуелі облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» қызметі мен жұмысын бастаған оқу орталығы кабинеттерімен танысты. Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтармен тілдесті. Сондай-ақ «Орталық Азиядан Ұлыбританияға маусымдық жұмысшылардың қауіпсіз көші-қоны» жобасы аясында «Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтарды алдын ала даярлау орталығы» тақырыбындағы жиында бастаманың маңыздылығы айтылды.

– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының бастамасымен, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен мемлекеткаралық игі жобалар жүзеге асырылмақ. Пилоттық жоба әзірге Қазақстанның 3 аймағында қолға алынып, оған халқы тығыз орналасқан Түркістан өңірі де еніп отыр. Түркістан өңірінде қазіргі таңда 2,2 миллионға жуық халық тұрады. Оның 850 мыңы еңбекке қабілетті. Алайда 46%-ы өзі-өзі жұмыспен қамтығандар санатына кіреді. Сондықтан біз үшін жұмыссыздықты азайту маңызды бағыт. Ел азаматтары көп жағдайда тіл меңгермегеннен, баратын елдің Заңдарын білмегендіктен, алаяқ әрі сенімсіз компаниялардың әсерінен түрлі кедергілер мен қателіктерге ұшырайтыны жасырын емес. Бұл бастама арқылы шетелден алдын ала сұраныстарды және бос вакансиялар алдын ала белгіленеді. Осы орталықтың ашылуына орай алғашқы топтарды оқыту басталды. Еңбекші-мигранттардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау, көші-қонның қауіпсіз әрі сенімді жүргізілуі, қатысушылардың білімін жетілдіру, өзге де ресурстармен қамтуды үйлестіру жұмыстары облыстық «Еңбек мобильділігі орталығына» міндеттеліп отыр. Әрине елшілікпен бірлесе атқаруға тиіспіз. Өңір тұрғындары осындай мүмкіндікті пайдаланғаны абзал, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Кэти Лич арнайы еңбек ұтқырлығы орталығының сенім телефонын іске қосу, мамандарды кешенді оқыту және қажетті жабдықтармен қамту керегін жеткізді. Статистикалық деректерді де ортаға салды.

– Соңғы жылдары біздің маусымдық жұмыскерлер бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға келетін қазақстандықтардың саны айтарлықтай өсті. 2019 жылы маусымдық жұмыскердің визасын 4 адам алған болса, 2024 жылдың І жартыжылдығында 4400-ден асқан. Біз үміткерлердің Ұлыбританияда өмір сүру мен жұмыс істеудің оң тәжірибесі бар екеніне көз жеткізуге басымдық береміз. Ол үшін осындай мамандандырылған көшпелі дайындық ақпараттық орталығының ашылуын құптаймыз, — деді Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі.

Ал, Серхан Актопрак көшпелі дайындық жұмыскерлердің жаңа ортаға тезірек бейімделуіне ықпал жасайтынын атап өтті. Бұл тәжірибе Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінде қолданысқа ие. Орталық Азия елдерінің үздіксіз экономикалық ілгерілеуіне, жұмыссыздықты азайтуға, серіктестікті нығайтуға және дүниежүзілік миграциялық қозғалыстарға септігі мол.

Шетелдік қонақтар мұнан кейін ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында тренерлерді даярлау дәрісінің алғашқы сессиясына куә болды. Республиканың әр өңірінен жиналған қатысушылармен еркін пікір алмасып, сұхбаттасты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin