Түркістан облысында кәсіпкерлердің саны артып келеді

Тігін мамандығы бойынша тегін бейіндік оқуын аяқтаған түркістандық 30 қыз-келіншекке сертификат табысталды. «Мен кәсіпкер» құралы шеңберінде курсқа қатысушылар тігін технологиясын, модельдеу, киім пішу, тігу дағдыларын үйренді. Кәсіпкерлерге сертификатты облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс ұсынды.

Бір айлық курсты сәтті тәмамдаған қатысушылар кәсіпкерлер палатасының «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына» тіркелген. Жалпы курсқа 18 жастан асқан кәсіпкер әйелдер және кәсіпкерлік бастамасы бар нәзікжандылар қатыса алады.

Жыл басынан бері «Мен кәсіпкер» бағдарламасы аясында 10 қыз-келіншекке SММ курсы оқытылса, 13 қарашадан бастап тағы 10 азаматша біліктілігін арттыру үшін тегін бейіндік оқу қатысушысы атанды. Бұл кәсіпкерлер үшін өз бизнесін жарнамалауға айрықша мүмкіндік. Сондай-ақ бұған дейін кондитерлік курста 30, визажисттерге арналған курста 20 кәсіпкер оқытылды. Оқу салаға қарай 10 күн мен 1 ай мерзім аралығында жалғасады.

Жуырда «Кәсіпке бағыт» бағдарламасы бойынша Шардара ауданында балық шаруашылығына қызығатын азаматтар үшін тегін оқыту курсы ұйымдастырылады. Сайрам ауданында мал шаруашылығы бағыты бойынша жеке кәсіпкерлерге тегін курс оқытылуда. Біліктілікті арттыруға арналған оқу ер азаматтар үшін тиімді.

Айта кетейік, Түркістан облысында 213 163 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 2,1 миллион тұрғыны бар өңірде күннен-күнге кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жандар қатары көбейіп келеді. 27-28 қазан күндері Астана қаласында өткен дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына 180 компания өкілдері қатысса, оның 9-ы — түркістандық кәсіпкерлер. Өңірдің үздік кәсіпкерлері өз кәсібін кеңейту арқылы еліміздің өркендеуіне үлес қосып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin