![]()
Созақ ауданындағы Жартытөбе ауылы соңғы жылдары әлеуметтік және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасқан елді мекендердің біріне айналып келеді. Мұндағы ең маңызды көрсеткіштердің бірі – ауылда соңғы жеті жылда бірде-бір қылмыстың тіркелмеуі. Бұл дерек елді мекендегі қоғамдық тәртіптің орныққанын ғана емес, тұрғындар арасындағы өзара түсіністік пен ауызбіршіліктің де берік екенін аңғартады.
Бүгінде Жартытөбеде 1700-ге жуық адам тұрады. Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, халықтың күнделікті өміріне қажетті инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілген. Соның нәтижесінде елді мекеннің ішкі жолдары толықтай асфальтталып, көшелердің 100 пайызы жарықтандырылған. Бұл кешкі уақытта ауыл ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.
Жартытөбенің қоғамдық өмірінде отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесіне де ерекше мән беріледі. Ауылда 70-ке жуық «Алтын алқа» иегері мен батыр ана тұрады. Бұл – көпбалалы отбасылардың елді мекен өміріндегі орны айрықша екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Ақ жаулықты аналардың өнегесі кейінгі буынға үлгі болып, ауылдың рухани тұтастығына ықпал етіп келеді.
Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне де мүмкіндік мол. Ауылда жабық футбол алаңы, кіші футбол және баскетбол алаңдары, балалар ойын алаңшалары бар. Спорттық нысандардың қолжетімді болуы жас буынның дене шынықтырумен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап отыр.
Ал ауылдың көркін арттырып тұрған саябақтар тұрғындардың сүйікті демалыс орындарына айналған. Көгалдандырылып, абаттандырылған аумақтарда отбасымен серуендеуге мүмкіндік бар. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолдар да салынған.
Жартытөбенің бүгінгі келбеті ауылдың тыныс-тіршілігі тек инфрақұрылыммен өлшенбейтінін көрсетеді. Қауіпсіздік, ауызбіршілік, отбасы құндылығы, спорт пен абаттандыру қатар дамыған жерде елдің де еңсесі биік болады. Сондықтан Жартытөбе тұрғындарының бірлігі мен ортақ іске деген жауапкершілігі ауылдың ажарын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
