Түркістан облысында кәсіптік білім алуға бөлінген мемлекеттік грантты насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мемлекеттік жастар саясатын облыс көлемінде жүзеге асырылуы бойынша аудан һәм қалалық жастар ресурстық орталықтары басшыларымен мәжіліс өтті. Кездесу барысында ағымдағы жылдың 6 айда атқарылған және алда атқарылатын жұмыс жоспары талқыланды

Облыс әкімінің орынбасары жастарды мемлекеттік бағдарламамен қамту, жас кәсіпкерлерді қолдау, «Кәсіптік бағдар беру» бойынша облыс жастарына насихаттау жұмыстарын жандандыру, «Серпін» бағдарламасын насихаттау, өңірдегі жастар саясатын дамыту және тәжірибе алмасу мақсатында жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Жастар – еліміздің болашағы. Ел ертеңі – жастардың қолында. Аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарында біршама жұмыстар атқарылды. Әсіресе, жұмыс жүргізу барысында басты басымдық жастарды жұмыспен қамту бағытына аударылды. Басты мақсат – жұмыссыз жастар санын азайту. Осы мақсатта өңірде кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жастарға қолдау күшейтіліп, жұмысқа орналастыру бойынша белсенді көмек көрсетіліп, өзге де қолдау шаралары қолға алынуы керек. Алдағы уақытта NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында әлеуметтік қолдау, білім алуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдануы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев жұмыс есебі мен биыл атқарылатын жұмыстары туралы баяндады.

Оның мәлімдеуінше, Түркістан облысында 14-35 жас аралығындағы жастар саны 663 мыңнан асып, халық санының 30 пайызын құрайды. Облыстағы жұмыссыз және NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 40 863 жасты тарту жоспарланған болатын. Жастарды аталған мемлекеттік бағдарламалармен қамту және ақпараттандыру мақсатында аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтары насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 6 айда 10 008 жас тартылды. Қазіргі таңда, орталықтарда мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 169 918 жасқа кеңес берілді.

«Серпін» бағдарламасы бойынша жұмыстарды күшейту мақсатында жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері солтүстіктегі жоғарғы оқу орындарына арнайы іссапармен барып, бірқатар ынтымақтастық меморандумдарға қол қойылды. Биыл «Серпін –2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасын насихаттау мақсатында 6 университеттің өкілдері келіп, аудандарда мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізді.

Одан бөлек «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған ұлттық жобасы аясында жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5% көлеміндегі несиені 621 жасқа беру жоспарланып отыр.

Биыл кәсіптік білім алуға ниетті бітіруші түлектерге мемлекет тарапынан орта арнаулы оқу орындарына 15 500 грант бөлінген болатын. Грантты игеру мақсатында білім басқармасымен меморандумға отырып, облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған мобильді топ 17 аудан, қаланы аралап, мемлекеттік грантты насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, осы жылы мемлекеттік жастар саясатын жүргізу мақсатында түрлі бағыттар бойынша жалпы 12 іс-шара жоспарланған.

Тағы бір атап өтер жайт, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып, тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелене түседі. Бүгін осы мәселеге байланысты Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен кеңес өтті. Жиында «Таза Қазақстан» акциясының атқарылу барысы, соның ішінде басқармалардың және аудан, қала әкімдерінің акция аясында атқарған жұмыстары қаралды. Мәжіліске тиісті басқармалар мен департамент басшылары сондай-ақ селекторлық режимде аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары тазалық, абаттандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізуді, тазалық сақтау бойынша насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Облыстағы барлық басқарма, департамент қызметкерлері өздеріне белгіленген аумақты таза ұстауы керек екенін айтты.

– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Президенттің бастамасымен қолға алынған іс. Енді біз тазалық жұмыстарын жалғастырып, апта сайын пысықтап отыратын боламыз. Облыстық, республикалық маңызы бар жолдардың жан-жағы да тексеріледі. Жауапты басқармалар, мекемелер жұмысты күшейтсін. Тұрғындардың белсенділігін көтеріңіздер. Түсіндіру, ағарту, ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Аудан, қала әкімдері мен орынбасарлардан осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды талап етеміз. Дұрыс нәтиже болмаса, ауыл округі әкімдері, аудан әкімдерінің жауапты орынбасарларына шара көрілетін болады. Акция аясында кең көлемді сенбіліктер ұйымдастыру қажет, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары «Таза Қазақстан» акциясы тоқтаусыз жалғасатынын жеткізді.

Мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков пен облыстық қоғамдық даму басқармасының орынбасары Болат Жанәбілдің «Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыру жөніндегі баяндасы мен ұсыныстары тыңдалды. Білім, жол, дін, спорт, мәдениет, кәсіпкерлік, табиғат, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту басқармалары мен экология департаменті және «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілдері акцияға қосқан үлесі және алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экоакциясы асяында атқарылған жұмыстарға апта сайын талдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда өңірде аталған акция аясында абаттандыру, көгалдандыру санитарлық тазалық, қоқыс шығару және полигондарды күтіп ұстау бойынша жұмыстар атқарылуда.

Жалпы, облысқа қарасты 807 елді мекенінде сенбілік жұмыстары кестеге сәйкес тұрақты жүргізіліп келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin