Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен және тапсырмасымен көршілес елдердің мақта өсіретін инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп, қолайлы келісімдер жасалғаны белгілі. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі – «Global textile» компаниясы 2023 жылдан бастап Қазақстанның Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті.
Биыл екінші жыл қатарынан аудан әкімдігімен бірлесе отырып сапасына кепілдік берілген мақта тұқымын шаруаларға таратып, ол үшін заң аясында қажетті келісімшарттар жасалды. Аталған компания Мақтаарал ауданында 3 мың гектарға жуық жерге өзбекстандық «Наманган» тұқым сортын жеткізіп, күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр.
Жуырда «Global textile» компаниясының өкілдері қуанышты жаңалықты бөлісті. Мақтаарал ауданына мақтаның «Наманган-77» сорты жерсініп қана қоймай, жайқалып өсе бастаған. Мақтаның бір бұтасында 20-дан астам жеміс элементтері (бүршіктер, гүлдер) дамуда. Мамандар бәрі жоспардағыдай болса, Мақтаарал ауданында мақтаның гектарынан 50 центнерден жоғары өнім алынатынын болжап отыр. Бір айта кететін жайт, мақтаның көлемі ғана емес, сапасы да жақсарып келеді.
«Global textile» – мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитын компания. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорнында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Түркістан облысы мен инвестор бірігіп, Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалған. Құны 21 миллиард теңге құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады деген мақсат бар.
Айта кетейік, аталған компания Мақтаарал ауданында өздерінің алғашқы мақта қабылдау пунктін ашып жатыр.
Еске салайық, Түркістан облысы еліміз бойынша мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір саналады. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық шаруа еңбек етеді. Облыста жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналуда.
Мақта саласындағы негізгі түйіткілді мәселе – баға тұрақсыздығы.
Себебі елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр. Республикда мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 кәсіпорын бар, олардың үлесінде мақта талшығының қайта өңделген көлемі 18% — дан аспайды. Мәселенің шешудің жолы – облыста мақта-тоқыма кластерін құру.
Осыған орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауқымды жұмыстар басталды.
Өткен жылы «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілді. Оған сәйкес 4 басым бағыт белгіленген. Атап айтқанда, егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу және мақта кластерін құру. Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделуде. Нәтижесінде мақта бағасына алдағы жылдары тәуелділік жойылатын болады. Түркістан облысында мақта-тоқыма саласында 75 зауыт-фабрика ашу жоспарланған.
Осы мақсатта, 2023 жылы Мақтаарал ауданында Cotton Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауыты жобасы жүзеге асырылды. Жоба құны – 3 миллиард теңге. Жылдық қуаттылығы 60 мың тонна мақта талшығын шығару. Зауытта 80 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Өткен жылы мақта өңдеу зауыты 40 мың тонна шитті мақтаны қабылдады. Зауытты заманауи қытайлық технологиямен жарақтандырудың нәтижесінде, күніне 600-650 тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, облыста бүгінгі күнге ҚХР, Өзбекстан инвесторларының қатысуымен 223,5 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында «Global Textile Solution» ЖШС-нің құны 21 миллиард теңге құрайтын «Мақта-тоқыма кешені және логистикалық хаб құру» жобасы жүзеге асады. Жоба негізінде 2000 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна. Ауқымды жоба 2026 – 2027 жылдары толық іске қосылады.
Сондай-ақ Жетісай ауданында «TST JETISAY TEXTILE» ЖШС-нің құны 7,6 миллиард теңгені құрайтын жобасы жүзеге асып жатыр. Жылына 7500 тонна өнім өндіреді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.