Түркістан облысында жыл басынан бері 6 ай ішінде 1074 қылмыстық іс қаралған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,9%-ға кеміген. Бұл жайында Түркістан облыстық сотының қылмыстық істері жөніндегі сот алқа төрағасының м.а. Талғат Оңғарбаев брифингте мәлімдеді.
Сонымен қатар, Түркістан облысы соттарымен 2024 жылдың 6 айында жалпы 20 549 іс қаралған, бұл былтырғыға қарағанда 41,2%-ға көбейгенін көрсетеді. Бұл жайында облыстық соттың әкімшілік істері жөніндегі сот алқасы судьясы Бүркіт Байдуллаев айтты.
Сондай-ақ, өңірде азаматтық істер бойынша 13 605 арыз түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда 14,8%-ға артқан. Оның ішінде 12 203 азаматтық істің өндірісі аяқталған. Бұл туралы Түркістан облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрлан Биболов баяндады. Сонымен қатар, спикер татуластыру рәсімдерін қолдану бойынша да біршама алға жылжу бар екенін айтты. Дәлірек айтсақ, ағымдағы жылы 2298 іс осы рәсім арқылы аяқталған. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 49%-ға артқан.
Медиацияның халықаралық құқықтағы заңнамалық бекітілуі БҰҰ Жарғысының 33(1)-бабында орын алған, онда: «Кез келген дауға қатысушы тараптар, егер дау халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретін болса, онда дауды ең біріншіден келіссөздер, зерттеулер жүргізу арқылы, жарастырушылық, татуласу, төрелік, сот талқылауы, аймақтық органдарға және келісімдерге жүгіну арқылы немесе өз таңдаулары бойынша басқа да бейбіт құралдар арқылы шешуге тырысулары қажет» деп көрсетілген.
Халықаралық коммерциялық татуластыру рәсімдері туралы 2002 жылғы ЮНСИТРАЛ үлгілік Заңының 1(3)-бабында (БҰҰ Бас Ассамблеясы 2002 жылғы 19 қарашада қабылдаған):
«Келісу рәсімі» осы Заңның мақсаттары үшін келісу, медиативтік (делдалдық) деп аталуы немесе ұқсас мағынадағы терминмен белгіленуі мүмкін және оның шеңберінде тараптар үшінші тұлғадан немесе адамдардан («медиатордан») шарттық немесе өзге де құқықтық қатынастардан не олармен байланыстан туындаған дауларды бейбіт жолмен реттеуге қолжеткізуге тырысып, оларға көмек көрсетуді көздейтін рәсімді білдіреді. Медиатордың тараптарға дауды шешуді тапсыруға құқығы жоқ» деп көрсетілген.
Медиация (делдалдық) деген нені білдіреді? Медиация – бұл, ең алдымен, міндетті емес рәсім. Бұл дегеніміз, егер тараптар дауды медиацияға беруге келіскен болса да, олар бірінші кездесуден кейін медиация процесін жалғастыруға міндеттенбейді. Процесті жалғастыру олардың одан әрі келісуіне байланысты болады.
Медиацияның міндетті емес сипаты да шешім тараптарға жүктелмейтіндігін білдіреді. Татуласу келісімі жасалуы үшін тараптар оны қабылдауға өз еркімен келісуі керек.
Осылайша, судьядан немесе төрешіден айырмашылығы, медиатор шешім қабылдаушы тұлға болып табылмайды. Медиатордың рөлі тараптарға дауды реттеу жөнінде өз шешіміне келуге көмектесу болып табылады.
Медиация қандай дауларға қоланылады және оның артықшылығы қандай? Медиация барлық жағдайларда дауларды шешуге жарай бермейді. Егер контрафакция немесе авторлық құқықты бұзу туралы мәселені көтеретін болсақ, медиацияны қолдану орынсыз болады. Сол сияқты, егер тарап істі жетік түсініп тұрғанына сенімді болса немесе тараптардың немесе олардың біреуінің мақсаты елеулі келіспеушіліктер туғызатын мәселе бойынша бейтарап пікір алу, прецедент құру немесе даулы мәселе бойынша өз ұстанымын көпшілік алдында қорғау болса, медиация бұл кезде де орынсыз процедура болуы мүмкін
Басқа жағынан қарайтын болсақ, егер төменде көрсетілгеннің кез келгені тараптар үшін маңызды басымдықтар болса, медиация қолайлы балама болып табылады:
- дауды реттеуге байланысты шығындарды азайту;
- дауларды реттеу процесін бақылауды сақтау;
- жылдам ретке келтіру;
- дауға қатысты құпиялылықты сақтау;
- дау тараптары арасындағы іргелі іскерлік қатынастарды сақтау немесе дамыту.
Мәселен, лицензиялық немесе дистрибьюторлық келісім сияқты ұзаққа созылған шарттық қатынастар бойынша тараптар арасында дау туындаған жағдайда соңғы басымдық медиацияны қажет етеді. Өйткені медиация тараптардың қатаң заңды құқықтары мен міндеттеріне ғана емес, іскерлік мүдделеріне де сүйене отырып, оң шешім шығаруға мүмкіндік береді.
Даудың қандай кезеңінде медиацияны қолдануға болады?
Медиацияны даудың кез келген кезеңінде қолдануға болады. Медиация тараптар өздері жүргізген кез келген келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін дауды шешудің алғашқы қадамы ретінде таңдалуы әбден мүмкін. Медиация сот немесе төрелік талқылау барысында кез келген уақытта пайдаланылуы мүмкін.
Медиацияға байланысты формальдылық көп болмайды. Медиацияның құрылымын тараптар және медиатор анықтайды, олар бірге ұстанатын процедураны әзірлейді және келіседі.
Қазақстанда медиациядағы халықаралық тәжірибені және озық практиканы ескере отырып, «Медиация туралы» 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде «Татуластыру рәсімдері» атты жаңа 17-тарау қолданысқа енгізілді. Бітімгершілік келісім институтына медиативтік келісімнің жаңа институттары мен дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім біріктірілді.
Сот тараптарды татуластырудың шараларын қабылдайды, оларға процестің барлық кезеңдерінде дауды реттеуге жәрдем көрсетеді. Тараптар дауды бітімгершілік, медиативтік келісім, сондай-ақ дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы шеше алады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы іс жүргізу заңнамасы дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін және сотқа талап қою кезінде дауды реттеу бойынша алдын ала татуластыру рәсімдерін көздейді. Сонымен қатар, тараптар дауды медиация тәртібімен бірінші, апелляциялық және кассациялық инстанциядағы соттарда да сотқа тиісті өтінішхат бере отырып реттей алады.
Заң кеңесшілері және адвокаттар заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін білікті субъектілерге жатқызылған, олар өкіл ретінде әрекет ете отырып, татуластыру рәсімдерін жүргізуге құқылы екенін айта кету керек.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің qamqor.gov.kz сайтында жарияланған статистикалық есептеріне сәйкес 2023 жылы азаматтық істер бойынша 434761 (іс жүргізу) қозғалды. Іс бойынша іс жүргізудің тоқтатылуымен 79937 іс қаралды, оның ішінде талап қоюдан бас тартуға байланысты 4186 іс, бітімгершілік келісім жасасуға байланысты 8314 іс, медиативтік келісім жасасуға байланысты 63926 іс, партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасасуға байланысты 238 іс (азаматтық істердің 18,6% медиация арқылы реттелген). Әкімшілік істер бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің шеңберінде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарына 31123 іс келіп түсті, 5423 іс қайтарылды, 9461 іс шешім шығарумен қаралды, оның ішінде 5327 іс қанағаттандырылды, 4134 іс бас тартылды. 419 іс бойынша бітімгершілік келісімдер, 3253 іс бойынша медиативтік келісімдер, 8 іс бойынша партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісімдер жасалды (ҚР ӘРПК бойынша 15,4% әкімшілік істер медиация арқылы реттелді).
АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) 76 сот шешімін, 447 төрелік шешімді және 1748 медиативтік келісімді қамтитын 2271 коммерциялық істі шешкен және орындалуына түрткі болған (76% коммерциялық істер медиация арқылы шешілген).
Осылайша, Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ АХҚО мен ХТО сотында болған бітімгершілік және медиативтік келісімдер жанжалдардың күшеюіне барабар жауап беретін Қазақстандағы медиация институтының дамуы мен сенімін, сондай-ақ мемлекеттің, қоғамның және бизнестің (инвесторлардың) даулы мәселелерде ымыраға келуге дайындығын көрсетеді. Сонымен бірге, дауларды баламалы реттеу жөніндегі жұмысты бүкіл азаматтық қоғам жалғастыруы керек, мемлекет қолдауы тиіс, бұл ретте Қазақстанда медиация саны жыл сайын ұлғаюы тиіс!
Айта кету керек, ертеде қазақ халқы «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, қандай дау болсын, сабырлылықпен, көпшіліктің қатысуымен, ақсақалдардың, билердің билік құруымен шешіп отырған. Бітімге, келісімге келу, ағайыншылық жолдарымен талай күрделі мәселелердің күрмеуі шешіліп отырған. Билер арқылы азаматтар арасындағы дау-дамай, жанжал ғана емес, елдік, рулық мәні бар мәселелер де өз шешімін тауып отырған.
Бұл тәжірибе еліміздің қазіргі құқықтық кеңістігінде өз жалғасын табуда.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011 жылдың 11 қаңтарында қабылданған болатын.
Осы аталған Заң талабына сәйкес 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға) медиация рәсімі қолданылмайтын.
Елімізде әкімшілік әділет өз жұмысын бастаған, Әкімшілік рәсімдік — процестік кодекс (ӘРПК) қолданысқа енгізілген күннен бастап, мемлекеттiк басқару қатынастарынан туындайтын жария-құқықтық дауларды медиация тәртібімен реттеу тәжірибесі кеңінен қолданысқа ие болды.
ӘРПК-нің 120, 121-баптарының талаптарына сай әкімшілік сот ісін жүргізуде сот (судья) процестің бүкіл сатысында тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдайды, оларға дауды реттеуге жәрдемдеседі.
Сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізудің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін тараптар татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.
Осы татуласу шараларының бірі – дауды медиация тәртібімен реттеу рәсіміне тоқталайық.
Ескере кететін жағдай, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын дауларға (жанжалдарға) медиация рәсімі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қолданылады (Заңның 1-бабының 3- тармағы).
Сотта медиация жүргізу тәртібі ӘРПК-нің 121-бабымен белгіленген.
Медиация дегеніміз — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі.
Медиацияға жүгінсе, дауласушы тараптардың бірінікі дұрыс, екіншісі бұрыс деместен, дауды шешудің екі жаққа да оңтайлы тиімді жолы қарастырылып, сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім табылады.
Билер алқасы арқылы дау-дамай, жанжал ғана емес, азаматтық, елдік, рулық мәні бар мәселелер де кең көлемде жауабын тауып отырды.
Әрдайым қара қылды қақ жарған әділдікті берік сақтаған халқымыздың ежелден ұстанымы осындай болды. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақал да халықтың тәжірибесінен алынған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ары қарай-ӘРПК) 120-121-баптарында бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда татуластыру рәсімдерін жүргізу тәртіптері қарастырылған. Бұл рәсімдер әкімшілік істер бойынша да сот төрелігін жүзеге асыру барысында татуласу рәсімдерін кеңінен қолдану мақсатында енгізіліп отыр.
Сот (судья) тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі.
Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.
Бір ескере кететін жағдай, әкімшілік істер бойынша жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде ғана тараптардың татуласуына жол беріледі.
Дауды медиация және партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу сотта осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Сот тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатын сот отырысында немесе алдын ала тыңдауда қарайды.
Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша сот осындай келісімді бекіту не одан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Сот тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіткен кезде сот талап қоюды толығымен немесе тиісті бір бөлігінде қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Ерікті түрде орындалмаған татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім сот келісім жасаған адамның өтінішхаты бойынша берілетін атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.