Түркістан облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 200-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр

Түркістан өңірінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы қолға алынған жобалар сапалы атқарылуы тиіс екенін ұдайы ескертіп отырады.

– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жоспарланған және жүзеге асып жатқан жобалардың бәріне талдау жасау керек. Тек тиімділерін ғана қалдырып, әріптестікті жалғастырамыз. Жүктелген талаптарын орындамай жатқандарынан бас тартамыз. Әр басқарма басшысы өздері жетекшілік ететін салалар бойынша келісімшарттарды талдап, қайта пысықтап шықсын. Қаржыны тиімді пайдалану керек, – дейді Дархан Сатыбалды.

Облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 2017-2024 жылдар аралығында жалпы 204 жоба бойынша әріптестермен келісімшарттар түзіліп, 247,3 миллиард теңгеге мемлекеттік міндеттеме алынған. Білім саласы бойынша 28,8 миллиард теңгеге 126 жоба, денсаулық сақтау саласында 1,5 миллиард теңгеге 17 жоба, спорт саласы бойынша 13,1 миллиард теңгеге 32 жоба, әлеуметтік қамсыздандыру саласында 13,4 миллиард теңгеге 2 жоба, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 50,4 миллиард теңгеге 21 жоба, көлік инфрақұрылым саласында 133,6 миллиард теңгеге 2 жоба, цифрландыру саласы бойынша облыста 5,9 миллиард теңгеге 1 жоба жүзеге асуда.

Бүгінгі таңда 69 жобаның мерзімі аяқталып, 169 миллиард теңге міндеттемесі төленді. Жыл қорытындысына орай қосымша 84 жобаның мерзімі аяқталады. Биыл жалпы 45,4 миллиард теңгеге міндеттеме алынып, 130 жоба іске асырылды, оның ішінде 115 жоба мемлекеттік міндеттемесіз. Білім саласына 18 мектеп-интернаттың асханалары басқаруға берілді. Сондай-ақ мемлекеттік міндеттемесіз 113 жоба немесе 420 мектептің асханасы басқаруға берілді. Жеке инвестиция көлемі – 2,1 миллиард теңге, конкурс қорытындысына сәйкес жеке әріптестер тарапынан 4 миллиард теңгеге ұлғайтуға ұсыныс түскен. Нәтижесінде 227 305 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз ету көзделген. Міндеттеме алған кәсіпкерлерге мектептердің асханасын мемлекеттік стандартқа сәйкестендіріп, материалдық-техникалық базасын жəне ас үй құралдарын жаңарту жүктелген.

Спорт саласы бойынша 5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқару жобасы іске асырылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша Түркістан қаласындағы 432 гектар аумақты абаттандыру және күтіп ұстау жобасы іске асырылуда.

Денсаулық сақтау саласы бойынша облыста бірінші кезекте қайта жаңғыртуды талап ететін нысандарға талдау жұмыстары жүргізіліп, 6 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысанын жаңғырту және пайдалану жобасы әзірленген болатын. Жобаға сәйкес жеке әріптес қазіргі мекеменің қызметкерлерін толықтай жұмысқа қабылдап, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізеді және жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді деп көзделген. Айта кетейік, Түркістан облысының денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) бағдарламасы аясында 2020-2023 жылдар аралығында 13 фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген.

Дәл осы мәселе 2024 жылғы 13 желтоқсан күні өткен сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он төртінші сессиясында күн тәртібінде қозғалды. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларды таныстырып өтті.

Сессия жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік оргектарндарының басшылары, облыстық қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізген сессияның күн тәртібінде 26 мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөнінде, «Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы туралы» мәселелер бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің баяндамасы назарға алынды. Сонымен қатар сессияда облыстық қоғамдық даму, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жер қатынастары басқармалары басшыларының есептері тыңдалды.

Одан бөлек, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді.

Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады. Өз кезегінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.

– Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймын. Бүгінгі сессияда маңызды мәселелер қаралды, алдағы жылға арналған облыс бюджеті бекітілді. Негізгі бағыттарымыз – инвестиция тарту, жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Өңірде экономиканың негізгі көрсеткіштерінде оң динамика сақталды. Біз осы қарқынды түсірмей, көрсеткіштерді ұлғайтып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бірлесе жұмыс атқаруымыз керек, – деді Дархан Сатыбалды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin