Түркістан облысында су нысандарын реттеу және жөндеу жұмыстары жаңаша бағытта жүргізіліп жатыр

Түркістан өңірінде облыс әкімдігінің қолдауымен жұмысын жаңаша бағытта жүйелеген «Тұран су» мекемесі толайым табыстарға қол жеткізуде. Бүгін аталған мекеме ұжымының атқарған жұмыстары мен жетістіктері және алдағы жоспарлары талқыланған жиын өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды су үнемдеу технологияларын енгізу, аймақтағы су нысандарын жөндеу, реттеу жұмыстарын күшейте түсуді тапсырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы су нысандарын реттеу, су шаруашылығын тиімді жүргізу, каналдарды жөндеу жөнінде нақты тапсырма берді. Өңірде осы бағыттағы жұмыстар жалғасады. Су қоймаларды жөндеу, салу, каналдарды тазалау, жаңарту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Ағын су мәселесін шешіп, су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында «Тұран су» мекемесінің басшысы Досхан Лесовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, 2024 жылға егістікке 817,4 млн. текше метр жоспарлы ағын су лимиті бекітіліп, бүгінгі таңда босатылған су көлемі 632,7 миллион текше метрді құрады. Экологиялық қажеттілікке 272,8 миллион текше метр су босатылып, жоспар 2,1 есе артығымен орындалды. Төлеби ауданындағы «Ащы» су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Кәсіпорынның меншігіндегі су нысандарына, атап айтқанда, «Рабат» су қоймасына «Сифон» қондырғысы және 10 дана жарықшам орнатылды. «Көкібел» су қоймасының төменгі жағына су фильтрациясын жою жұмыстары жүргізіліп, 8 жарықшам орнатылды. «Түркістан» және «Арыс» магистралды және ішкі шаруааралық каналдарына 82,7 шақырым механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорындар желісі салынды. Қондырғылар орнатылды. Жоба жуырда толық іске қосылады.

Бүгінде мекеменің I категориялы лицензиясы, 3 өндірістік техникалық базасы, 85 арнайы техникасы бар. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен кәсіпорынды техникалық жарақтандыру бойынша кешенді шаралар атқарылды. Жалпы арнайы техника бөліп төлеу негізінде сатып алынды. Оның ішінде 41 экскаватор және 3 бульдозер, 2 жылжымалы вагон және өзге де техникалар бар.

Аудан, қалалар аумағындағы каналдар мен арықтарды тазалау және де қажетті жұмыстарды атқару мақсатында 14 экскаватор 8 аудан, қала әкімдіктеріне сатып алу тәртібімен жалға берілді. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, табиғи арналар, каналдар мен қашыртқыларға 1100 шақырымына тазалау жоспарланып, қазіргі таңда 500-ге жуық шақырымы тазаланды.

2024 жылы Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандарындағы 9 су нысанының 96 шақырымын күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда 58 шақырымы жөнделді. Нәтижесінде 15 391 гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілу барысы жақсаруда.

Шардара ауданының 6 ауыл округінде ұзындығы 958 шақырымды құрайтын қашыртқылардың 1025 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары атқарылған. Мекеменің техникалары мен мамандары еліміздің батыс өңірлеріндегі су тасқыны салдарын жою жұмыстарына да атсалысты.

Атап өтерлігі, Түркістан облысына 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған. Бүгінде 32 мың гектардан астам алқапқа су шығынын азайту технологиялары енгізілуде. Жаңа жүйе суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттырады. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті назарында тұрғаны рас. Осылайша су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру бағытында еліміздегі ең алғашқы зауыт Түркістан облысында іске қосылды. Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өнеркәсіптік парк аймағында «BNK Group» БНК компаниясы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты.

Бұл Қазақстанда су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану үшін су шашыратқыш машиналардың толық циклін өндіруді жолға қоюға мүмкіндік беретін ірі және көп миллиардтық инвестициялық жоба. Бұдан бөлек, аталған «BNK Group» БНК кәсіпорнының жылына 50 мың га қамтитын және «Тұран су» мекемесі жанынан жылына 9 мың га қамтитын тамшылатып суғару қондырғыларын шығаратын 2 зауыт ашылады.

Тамшылатып суару жүйелерін шығаратын төртінші зауыт шетелдік инвестордың қолдауымен Отырар ауданында жүзеге аспақ. Ірі инвестор текстиль кластерін құру бойынша өңірге 440 миллион АҚШ долларын құюға дайын. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Тамшылатып суару арқылы мақтаны егудің озық тәсілін егуде жергілікті диқандар тәжірибе алуда. Компания облыста Түркістан облысында ПВХ құбыр шығаратын зауыт, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт, 2 мақта өңдеу зауытын, «Turan» арнайы экономикалық арнайы экономикалық аймағында жіп иіру фабрикалары мен бояу және әрлеу фабрикасын және тігін фабрикасы сияқты инвестициялық жобаларын іске қосуды жоспарлауда.

Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында өңір экономикасының дамуына тың серпін беретін 2,2 триллион теңге 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы жылдың өзінде 62 жоба жоспарланып, бүгінгі күнге 24-і іске қосылды. Ауқымды жобалар толық іске асқанда 18 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Ірі өндірістік жобалардың қатарында қуаттылығы 926,5 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы, мұнай өңдеу зауыты, каустикалық сода, ПВХ, цемент, карбид және әк шығару зауыттары, күкірт қышқылын өндіру зауыты, жүгеріні терең өңдеу зауыты, ауыз су және түрлі-түсті сусындарды шығару зауыты мен текстиль кластері зауыттары бар.

Инвестициялық жобалар өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне оң серпін беруде. Ағымдағы жылдың 6 айында макроэкономикалық көрсеткіштер жоғары өсім көрсетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 106,8%-ға, өңдеу өнеркәсібі 111,2%-ға ұлғайды. Экономикаға тартылған инвестициялар көлемі 137,8%-ға өсті. Нәтижесінде мыңға жуық жұмыс орны ашылып, өңірде өнеркәсіп жанданып келеді.

Түркия және Корея Республикасы мен Қытай Халық Республикасынан өңірге инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстарды күшейту үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған Түркістан облысы делегациясы, кейін аудан және қала әкімдіктері, бизнес өкілдерімен бірлесе Қытайға іс-сапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде көрші елдің жаңа технологиясы мен қытайлық инвесторлардың капиталымен бірқатар жобалар бастау алды.

Осы жұмыстардың нәтижесімен өңір экономикасына шамамен 1,2 триллион теңге инвестиция бағытталады. Олардың қатарында текстиль кластерін құру бойынша ірі жобалар бар. Қуаттылығы 800 МВт құрайтын күн және жел электростанциясының құрылысы, Түркістан қаласында 5 жұлдызды қонақүй, бизнес орталығы және аквапарк құрылысы жоспарланған.

Сонымен қатар бұл елмен ІТ саласында тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, озық технологиямен қамту, терең өңдеу, білім, мәдениет, туризм, Түркістан қаласындағы әуежайдың логистикалық әлеуетін пайдалану, әуе рейсін ашу және өзге де мәселелерде әріптестік орнату бойынша келіссөздер жүргізді. Түркістан облысымен бірқатар провинция арасында бауырластық, достық қатынастарды орнату туралы меморандумдарға қол қойылды. Онымен қоса, облысқа шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында көкөніс қоймасының құрылысы, құрылыс материалдар өндіру зауытының құрылысы, аурухана ашу, ірі қара мал терісін өңдеу өндірісін ашу, жиһаз шығару, дрондарды құрастыру және санитарлық-гигиеналық материалдарды өндіру зауытын ашу секілді бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Жұмыстар жалғаса бермек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin