Су тасқынына қарсы дайындық шаралары Түркістан облысында тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар белгілеген жоспар бойынша іске асырылып жатыр. Оның барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, жұмыстарды ширатуды тапсырды. Тапсырманы орындамаған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма өздеріне жүктелген міндетті орындап, қауіпсіздік шараларын күшейтуді ескертті.
– Апаттың алдын алу жұмыстары тоқтамау керек. Қажетті құрал жабдықтар мен техникалармен қамтамасыз етілді. Сондықтан су арналарының ағымдағы жөндеуі мен механикалық тазалау жұмыстарын кестеге сәйкес аяқтау қажет. Су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті шаралар өз мерзімінде орындалып, облыс аумағындағы бөгеттерді нығайту, арықтар мен каналдар жүйелерін тазалау жұмыстарын бақылауда ұстау керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Су ресурстары және ирригация министрлігімен «2024-2028 жылдарға су тасқынына қарсы Жол картасы» әзірленуде. Жол картасы су саласын цифрландыру, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері үшін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және неғұрлым үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу жөніндегі іс-шараларды көздейді. Құжатта су ресурстарын тұтыну мәдениетін енгізу қарастырылып, еліміздің су саласының барлық бағыттарын қамтиды.
Мәжілісте Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешевтің баяндамасы тыңдалды. Айтуынша, жалпы тасқынға қарсы 110 мың дана қап, 8 мың тонна жанар-жағар май қоры мен мен тұрғындарға қажетті тамақ өнімдері мен ауыз су қоры әзірлеу бойынша меморандум жасалып, 296 бірлік инженерлік техника әзірленген.
Мәжілісте сондай-ақ өңірдегі білім ұяларының ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысы, құрылысы жүргізіліп жатқан жайлы мектептердің құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Облыс басшысы сапаны сақтап, бекітілген мерзімде барлық жұмыстардың аяқталуын ескертті.
Бүгінде 300-ден астам білім беру ұйымдары жөнделіп жатыр. Оның ішінде балабақша, мектеп және колледждер де бар. Жалпы облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен тозығы жеткен немесе апатты жағдайдағы білім ұяларын реттеу, қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған.
Шардара мен Қазығұрт аудандарында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде
Осы тұста атап өтерлігі, өңірде жаңа оқу жылы қарсаңында бірқатар білім ошақтарында, сонымен қатар бірқатар денсаулық нысандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Шардара және Қазығұрт аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірнеше әлеуметтік нысанды аралап көрді. Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігерлермен тілдесіп, тиісті мамандарға міндеттер жүктеді.
Алдымен Шардара ауданының Көксу ауылында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Төлеген Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясына барды. Мұнда 187 мұғалім, 91 кіші қызметкер жұмыс істейді. Жобалық қуаты 750 оқушыға арналған мектепте 984 оқушы екі ауысымда білім алады. Оқу ғимараттары 1972-2006 салынған. Бүгінде жұмыстың жартысынан көбі аяқталған. Жүзге жуық жұмысшы бар. Ай соңында тапсырылады. Келісім-шарт бойынша нысан 2025 жылға өтпелі.
Шардара қаласындағы «Шардара» мектеп-лицейінде газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 171 мұғалім, 46 кіші қызметкер бар. Жобалық қуаты 1196. 1440 оқушы екі ауысымда білім алуда. Оқу ғимараттары 1979 жылы салынған. Жұмыстар бүгінде толығымен аяқталған. 19 тамызда тапсырылады деп күтілуде. Сонымен қатар «№1 Таңшолпан» және «Балауса» бөбекжай бақшасының газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда 7 жұмысшы құрылыс жүргізуде. Қыркүйек айында аяқталады. Ал екінші бөбекжай он күннен соң тапсырылмақ.
Жұмыс сапары әрі қарай Қазығұрт ауданында жалғасты. Қызылқия ауыл округіне қарасты Атажұрт елді мекенінде 150 орындық жаңа мектеп соғылып жатыр. 2020 жылы наурыз айында басталған құрылыс биыл шілде айында аяқталу жоспарланған. Нысанда 42 адам және 3 техника жұмыс істеп жатыр. Қазығұрт елді мекенінде орналасқан Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясының ғимараты 1973 жылы пайдалануға берілген. Қуаттылығы 960 орындық. Типтік ғимаратта 1500-ге жуық оқушы білім алуда. Биыл ішкі әжетханасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жіңішке елді мекеніндегі 1992 жылы пайдалануға берілген Дінмұхамед Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қуаттылығы 180 орындық білім нысаны типтік ғимаратта орналасқан. 300-ден оқушы білім алуда. Мектеп ғимаратының сыртқы дуал қабырғасын металосаидникпен қаптау, сонымен қатар ішкі әжетханасын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Сарапхана ауыл округіне қарасты Талдыбұлақ елді мекенінде орналасқан білім нысаны 2017 жылы пайдалануға берілген. «Талдыбұлақ» негізгі орта мектеп ғимаратының қуаттылығы 100 орындық. Типтік ғимаратта орналасқан. 1-9 сыныпта аралығында 75, мектепке дейінгі даярлықта 7 оқушы білім алуда. Биыл ағымдағы жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттама әзірленіп, ғимараттың сыртқы дуал қабырғасын металосаидникпен қаптау және ішін-ара ішкі жұмыстары атқарылып жатыр.
Махамбет Өтемісұлы елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік тірек құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инвестор есебінен жүргізіліп жатыр. Сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталады деп күтілуде. Проблемалық мәселелер жоқ. Ішкі жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік нысандарды тиісті тұлғалармен аралаған облыс әкімінің орынбасары жаңа оқу жылының дайындық барысын тағы бір пысықтап, оқушылардың алаңсыз, толыққанды білім алуы үшін құрылыс жұмыстарының қауіпсіз, сапалы жүргізілуін, қажетті шаралардың қабылдануын тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.